Газдандыру
2 мин оқу 452

Көгілдір отын – ел игілігіне

17 ақпан 2022
Көгілдір отын – ел игілігіне

Талдықорған қаласы «Көктал» шағын ауданына көгілдір отын берілді. Көкталдықтар бірнеше жыл күткен табиғи газға алғашқы болып 15 тұрғын үй қол жеткізді. Осы айдың соңына дейін газға 600-дей абонентті қосу жоспарланған. Жалпы бұл шағын ауданда 1700 абонент бар.

Газ құбырын тарту жобасы 2018 жылы басталып, іске асырылуы біразға созылған еді. Өткен жылдың соңғы айында облыс әкімі Қанат Бозым­баев Талдықорған қаласын аралау ба­рысында бұл мәселеге ерекше назар аударып, мердігер мекеме тарапынан жіберілген барлық кемшіліктерді түзеп, 2022 жылдың басында ауылға көгілдір отын беруді тапсырған болатын. Қабылданған шаралардан кейін газ құбырының беріктігі мен саңылаусыздығын тексеру жұмыстары аяқталып, елді мекенге көгілдір отын берілді.

Алғашқылардың бірі болып газдың игілігін көре бастаған көкталдық тұрғын Шакура Бекежанова өз ойымен бөлісті. «Көптен күткен арманымыз орындалды. Бұрын бір маусымда 10 тоннаға дейін көмір жағатынбыз. Үйді көмірмен жылыту бір жағынан шығынды болса, екінші жағынан көмір тасып, күл шығарудың азабы көп. Сол қиындықтан құтылып, тұрмыс тауқыметінің жеңілдегеніне қуанып отырмыз», – деді ол.

Сол сияқты шағын ауданның ардагер тұрғыны Оңалбай Жексем­бинов те қуанышын жасырмады. «Таяуда ғана үйімізге табиғи газ қосылды. Енді көмір жағып, пеш тазалап әуреленбейміз, отынымыз бір қысқа жете ме деп те уайымдамай­мыз. Отбасымызбен түгел қуандық. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін бұл үлкен қуаныш», – деді қария.

Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы басқармасының мә­ліметін­ше, 8 мың тұрғыны бар «Көктал» шағын ауданына газ тарату жүйесі Талдықорған қаласын газдан­дыру­дың IV кезегі аясында салынған. Құбырдың ұзындығы 60,3 ша­қырым. Оның жобасы мен құрылысы бюд­жет есебінен жүргізіліп, 700 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Бүгінде Талдықорған қаласын газдандыру ісі толығымен аяқталды. Қалада 54,3 мың абоненттің табиғи газға қосылуға мүмкіндігі бар, қазір­гі кезде соның 30 мыңға жуығы қо­сыл­ған. 2022-2023 жылдары қала маңын­дағы «Ынтымақ», «Жастар-2» шағын аудандарына газ тарту жұмысы жүргізіледі.

НҰРЛАН ҚҰМАР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Көгілдір отын – ел игілігіне · Мұрағат