Үйлестіру жұмысындағы кемшіліктер сынға алынды

Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қатысты селекторлық отырыс өткізді.
Президент коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды. «Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын, барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталатынын айтып, мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады. Бүгінде жұқпалы ауру жұқтырған азаматтарға арналған төсек-орындар көбейген. Бірақ бұл өзге емдеу орталықтарын жабудың есебінен болғандықтан, азаматтарға медициналық көмек көрсетудің қол жетімділігі төмендеп кеткен. Осы ретте үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар азаматтарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге жоспарлы медициналық көмек көрсетуді кезең-кезеңімен қалпына келтіру тапсырылды. Дертке шалдыққан азаматтардың саны көбейіп кеткеннен кейін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шықты. Мемлекеттік органдар тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! «Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек», – деді Мемлекет басшысы. Президент ауылға диагностика мен емдеу шараларын айтпағанда, қарапайым дәрі-дәрмектің жетпей жатқанына тоқталды. Медицина кадрларының тапшылығы, қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысы кейбір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарды аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізді. Әкімдерге «жерлеуден жемтік іздегендерді» бір күн ішінде жөнге келтіруді тапсырды. Мемлекет басшысы дертке шалдығушылар санының артуы, коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін атап өтті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек. Президент пандемия кезіндегі кез-келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты.







