Экология
4 мин оқу 1,480

Теңіз жануарларына төнген қауіп!

29 қыркүйек 2016
Теңіз жануарларына төнген қауіп!

Жақында, яғни қыркүйек айының 18-ші жұлдызында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде тағы да қырылған итбалықтар табылды. Бұл туралы құзырлы органдарға Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласының тұрғындары хабарлаған.

Қазір жауапты мекемелер итбалық­тардың неден қырылғанын анықтауға кірісті. Нақты себебі әзірге белгісіз. Сан түрлі болжамдар жасалуда.
«Тексеру жұмыстары басталып кетті. Уәкілетті органдарға аталған аумақты зерттеу тапсырылды. Қорытындысы белгілі болған соң, итбалықтар неден өлгені туралы ақпарат таратылады. Алдын-ала болжам бойынша, итбалықтар ауға түсіп немесе браконьерлер оларды қорлады деуге әлі ерте», – дейді Маңғыстау табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Аслан Құжиев.
Бұған дейін, яғни 30 тамызда қала тұрғыны теңіз жағалауында өлі скат тапқан болатын. Негізінен Каспийде скат бұрын соңды болған емес, сол себепті оның теңізде қалайша пайда болғанын анықтауға кірістік деген болатын, өңірлік экология департаментінің мамандары.
Каспийдегі итбалықтардың жаппай індетке ұшырауы жиілей түскендей. 2000 жылы Каспий теңізінде 30 мыңға жуық итбалығы қырылған, оның 10 мыңнан астамы Қазақстан жағалауынан табылған болатын. Теңіз жануарларының өлі денелерін қатты жел Каспийдің солтүстігінен оңтүстік акваториясына ағызып әкелген еді. Ол кезде итбалықтардың қырылу себебін мамандар хроникалық токсикоз деп атады. Яғни, жануарлардың өлі денелерінен шикі мұнайдың ыдырау өнімдерін, отын мен флот мазутын, сондай-ақ, пестицидтерді тапқан, бұл итбалықтардың иммунитетінің кенет төмендеуіне және де олардың жұқпалы ауруға шалдығуына әкеп соқтырған.
Соңғы жылдары теңіздің Маңғыс­тауға қарасты аумағында итбалық­тар­дың бұрынғыдай мыңдап немесе жүз­деп қырылғаны байқалмайды. Шүкір дерлік. Алайда, алда бұрынғы жағдайдың қайта­ланбасына кім кепіл?!
Мұндай деректерге қарап, құдды Каспийдің флорасы мен фаунасының қазіргі жай-күйін талдау, антропогендік және техногендік әсер жағдайында та­биғат байлықтарын сақтау мен тиімді пайдалану іс-шаралары қолға алынбапты деген ойға қаласың.
Каспий теңізінің ертеңгі тағдыры алдымен халықты алаңдатады. Әдетте теңіз жануарының өлексесін жағаға лақтырса, алдымен мұнай компанияларынан көретініміз бар. Оларға теңіз қойнауындағы байлықты игеруде заманауи технологияларды қолданып, таби-ғатты қорғау заңнамаларының барлық нормаларын сақтай отырып әрекет етсін деген талаптар үнемі қойылады. Алайда барлық мәселені тек алпауыт кәсіпорындарға ысырып қойғанымыз жарамас. Яғни, бұл мәселеге тек бір­жақты қарамауымыз керек.
Бірақ, бәрінен бұрын Каспий айма­ғының қазіргі экологиялық жағдайы кім-кімді де алаңдатуы тиіс. Теңіздің ішкі жағдайын айтпағанда, жанындағы айналасының, ауаның ластануы, тірі ағзалардың, жәндіктердің, өсімдіктердің азаюы алдымен демалушыларды ойландыруы тиіс. Әсіресе, жаз мезгілінде теңіз жағалауында демалушылардың іс-қимылын бақылайтын атқа мінген полицейлер тәртіп бұзғандарға шара қолданғанымен, ішімдік ішіп, кәуіп пісіріп, арттарын жинамай жағаны қоқысқа толтыратындар әлі де бар.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының Маңғыстау облы­сын­дағы филиал төрағасы, «Қолдау-Қазақстан» көпсалалы ком­мер­ция­лық емес холдингі «Қолдау-Экология» мамандандырылған орталығының же­тек­шісі Әділбек Қозыбақовтың пікі­рін­ше, Каспийде итбалықтардың қырылуы және балық қорының күрт азайып кетуі, теңіздің ластануы салдарынан болып отыр. Оның айтуынша, итбалықтар мен бекіре балықтарының теңіздегі миграциялары және уылдырық шашу маусымдары туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігі бұрыннан айтылып келеді.
«Алайда бұл мәселеге дұрыс көңіл аударылмай отыр. Бұл бастаманың нәтижесін көру үшін арнайы ғылыми институт құрып, аяқсыз қалдырмай оның жұмысын жандандырып, зерттеу нәтижелерін жұртшылыққа уақытылы хабарлап тұру керек. Осы мәселе төңірегінде жиын өткізу керек, оған жергілікті билік, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау органдары мен басқа мүдделі тараптарды қатыстырып, олардың пікірін білген дұрыс және ортақ шешімге келуіміз қажет», – дейді ол.
Қазіргі таңда, жабық су қоймасының өте нәзік жүйеде құрылған экологиясын қорғауға арналған шаралар жеткіліксіз болып отыр.
Бүгінгі таңда топырақтың эрозияға ұшырауы, бекіре балықтарының азаюы, итбалықтың қырылуы, атмосфера­ның бүлінуі, киіктердің азайғандығына алаң­даушылық білдіру керек. Яғни бұл проблемаларға көз жұма қарамай, кері­сінше дабыл қағатын мезгіл әлдеқашан жетті.
Мемлекеттік кешенді бағдарлама­ның орындалысын қоғамдық қадағалау қажет. Әйтпесе тек итбалық емес, басқа да суда қоректенетін жәндіктерге төнетін қауіп жоғары болып тұрғандығын қазіргі жағдайлар көрсетіп отыр. Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақ­тау мәселесі төңірегінде айтылып жат­қан ұсыныс-пікірлер көп. Бірақ олар ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелі еместігі қынжылтады.
Теңіздің экожүйесі бүліне берсе, табиғаттың тірі бөлшегі – балықпен қоса итбалықтыңда құрып кетуі ғажап емес.
Экологтар итбалықтардың, балық­тар немесе құстардың өліміне негізінен олардың улануы себеп дегенді жиі алға тартады. Бұл Каспий теңізінің жылдан – жылға құрамы өзгеріп, ластанып келетінін көрсетсе керек. Демек, теңіз табиғи және жасанды түрде ластанып отыр десек қателеспейміз. Соның ішіндегі негізгісі, өкінішке орай – антропогенді, яғни адами фактор болып отыр. 

Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, 
«Қазақстан-Ақтау» 
телеарнасының тілшісі

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Теңіз жануарларына төнген қауіп! · Мұрағат