Табиғатты қастерлеу қажет

Иә, Қазақстанның бүгінгі таңда экологиялық қуаңшылық және бірыңғай шөлдала аймағына айналып бара жатқаны шындығында ешкімге де құпия емес. Және осы жағдайдың барған сайын айқын көрініс таба беретін түрі бар. Жалпы Қазақстан дегеніміз меридиональдық тұрғыдан алғанда, қашаннан бері 2 үлкен өзен – Ертіс пен Жайық – арасындағы ел. Сондықтан оны ІІ (екінші) Өзендер аралығы немесе Мауереннахр (Мавереннахр не Двуречье) деп те атаса болатын шығар. Ал негізгі немесе І (бірінші) Мауереннахрдың Орта Азиядағы Амудария мен Сырдария аралығында екені түсінікті ғой. Қазақстандық Мауереннахрдың оңтүстік жағы Тянь-Шань тауларының баурайлы зонасымен, ал солтүстік жағы Оңтүстік Сібір орман аралас даласымен шектеледі. Осы жиекті аймақтардың аралығындағы ұлан-ғайыр кеңістік қашан да өмір сүру үшін қолайлы болған емес.
Онда бұрынғы тарихта ұзақ уақыт бойы ғұмыр кешкен ірі қалалар болып көрген емес. Бұндай ірі елді мекендер тек кеңес заманында ғана көптеп пайда бола бастады. Енді осы Ертіс пен Жайық аралығындағы шөлдену процесі әрі қарай кедергісіз дами берсе қазіргі Қазақстанның негізі болып отырған, оның табиғи-климаттық жағынан қолайлырақ төрт шетін өзара байланыстырып отырған осы орталық аймақ құлазыған далаға айналып, қаңырап бос қалуы мүмкін.
Онда Қазақстанның ел ретіндегі біртұтастығы жойылу қаупі шындыққа айналары хақ. Өйткені Қазақстанның төрт шетіндегі өмір сүруге қолайлырақ шекаралық жиектері дамуы жағынан бұрыннан жоғары немесе жақын арада жоғары болатын алып мемлекеттермен не халқы өте көп аймақтармен шектеседі.
Сонда олардың әрқайсысын ішке тарту күшінен (центростремительные силы) сыртқа тарту күшінің (центробежные силы) басым түсе беруінің орын алары айқын. Осындай қауіптің бар екенін, оның бүгінгі таңда шындыққа айнала бастағанын ескере отырып, біз қазір су ресурстары мәселесін елдің біртұтастығы мәселесімен бірлестіре отырып алып қарауға тиістіміз.
Сырдария өзенІ аймақтың
индустриялануы мен
модернизациялануының
құрбаны болды
Қазіргі Қазақстанда қалың отырықшы елдің мекендеуіне негіз бола алатындай төрт-ақ өзен бар. Олар – Ертіс, Іле, Сырдария және Жайық. Бүгінгі таңда біз осылардың біреуінен толықтай дерлік қағылдық. Сырдария өзені Орталық Азияның индустриялануы мен модернизациялануының құрбаны болды. Бұл процесс жалғыз Сырдарияны ғана емес Амударияны да, Арал теңізін де жұтты. Бір кезде алып және жойқын су болған (бекерден-бекер дария деп атамайды ғой халық) осы 2 өзеннің екеуі де қазір теңізге жете алмай отыр. Арал теңізінің табиғи қалпында сақталуы үшін оған жыл сайын Сырдария мен Амудария арқылы 80 текше километр судың құйылып тұруы қажет. ХХ ғасырдың басына дейін осылай болған да. Қазір осыншама су тек бір ғана Өзбекстанның өзенінен ауысатын емес.
Осыдан 100 жыл бұрын осы елдің бүгінгі территориясында тұратын отырықшы халықтың бар саны 2-3 миллионнан аспайтын. 1924 жылы ол – 5 млн., 1960 жылы – 11 млн., 2003 жылы – 26 млн. болды.
Сол 1960 жылы 2 млн. гектарды құраған республикадағы суармалы егіс алқабы 2000 жылға таман 4 млн. 300 мың гектарға дейін ұлғайды. Оның үстіне ондаған ірі қазіргі замандық қалалар пайда болып, суды тұрмыстық қажет үшін пайдалану көлемі ондаған мың (!!!) есе өсті.
Бұны былай қойғанда, бүгінгі күні аграрлық мақсатқа қолданылатын судың өзін Өзбекстан ғаламат ысырап етіп отыр. Мәселен, аса жоғары дамыған Израильде жылына пайдаланылатын суарма суын адам басына шаққанда, бұл көрсеткіш 70-180 текше метрді құрайды. Ал Өзбекстан болса жылына адам басына 2300-2500 текше метр суарма суын жұмсайды. Әрине, бұдан соң Арал теңізі құрымағанда, не құриды?!
Өзбекстандағы ауылшаруашылық дақылдарын қажет суарма суымен түгелдей қамтамасыз ету үшін жылына 70 текше километр су керек екен. Ал Аралға сақталып қалу үшін қажеті 80 текше километр еді. Демек, Аралға қажет бүкіл суды жалғыз Өзбекстанның өзі-ақ жаратып жіберуге дайын.
Енді Ертіс пен Ілеге
қауіп төніп тұр
Өзбекстан мен Түрікменстанның Арал теңізіне тиесілі бүкіл суын өз дамуы мақсаттарына жарату үшін екі ортадан бұрып әкетіп отырғанына еш амал жасай алмаған Қазақстанның Қытайдың Ертіс пен Ілені сол сияқты мақсаттарға пайдаланығысы келетініне тосқауыл қоя алуы мүмкін бе? Бұл сұрақтың жауабы белгілі.
Алып Қытай қазір күрт дамып келеді. Дамуы жағынан біраз кешеуілдеп қалған батыстағы аймақтарын көтеру ол үшін стратегиялық мақсат болып табылады. Шыңжаңда қазір бұрынғы ескі пішіндегі қалалар тез жаңарып, қарқынды түрде өркендеп келеді. Өзбекстан мен Орта Азияның басқа да республикаларының индустриялануы мен модернизациялануының Амудария мен Сырдария суының пайдалануының жүздеген-мыңдаған есе артуына әкеліп соққаны сияқты жайт Ертіс пен Ілеге қатысты түрде орын алмақ. Және де Қытайдың мүмкіндіктерінің Орта Азия мемелекеттері мүмкіндігінен әлдеқайда көп екенін де ұмытпаған жөн.
Демек, біздің жуырда жоғарыда аталған негізгі 4 өзеніміздің тағы да екеуінен қағылуымыз әбден мүмкін. Сонда қалатыны – тек Жайық өзені. Ал ол болса Еуропа мен Азияның арасындағы шекара болып табылады. Сонда енді Қазақстан негрлер мен арабтар әлемін бөліп тұрған Сахара сияқты болып, еуропалықтар мен азиаттар, ресейліктер мен мұсылмандар, Қытай мен Орта Шығыс аралығын бөліп тұратын алып шөл далаға айналмақ па?!
Марал САЛЫҚЖАНОВ







