Агро
4 мин оқу 783

Халық шаруашылығы қайнарында

4 мамыр 2017
Халық шаруашылығы  қайнарында

Сағындық Сатыбалдыұлы Сатыбалдин 1937 жылы 5 мамырда Қоста­най облысы Семиозер ауданының (қазіргі Әулиекөл) Жангелдин елді мекенінде дүниеге келген. 1960 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті) экономика факуль­тетін бітіреді. С.Саты­балдин – «Еуразия» халықаралық эконо­микалық ака­де­миясының прези­денті, экономика ғылым­­дарының докторы, профессор, академик. Ол орта мектепті алтын медальмен және ҚазМУ-дің экономика факультетін (ЭФ) бухгалтер-талдаушы мамандығы бойынша (1960 ж.) үздік бітіреді. Сол жылы ҚазМУ ректоры көрнекті биохимик-ғалым, профессор, академик Т.Б.Дарқанбаев ЭФ Ғылыми кеңесінің және деканаттың шешімі бойынша, кейіннен Қазақстан Компартиясы ОК-нің секретары және Қазақстан Мем­лекеттік жоспарлау комитетінің төр­аға­сы болған Т.Ш.Шаукенбевтың ұсыны­сымен С.Сатыбалдинды кафедра оқытушысы болып қалдырады. Сағындық сол кезден-ақ өзін универ­ситеттің ғылыми және мәдени өмірінде белсенділігімен танылған алғыр жас маман еді. Тіпті спорт саласында да үздік жетістіктерге жетіп, республика чемпионы атағын да жеңіп алған, «КСРО спорт шебері» атанған танымалдығы да өз алдына бір төбе. 1962 жылы С.Сатыбалдин универси­теттің халық шаруашылығын жоспарлау кафедрасының аға оқытушысы болып тағайындалды. Ал, 1962-1966 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында деканның орынбасары болып қызмет атқарады. Ол 1975-1976 жылдары АҚШ университеттері мен ғылыми орталықтарында тағлымдамадан өтті. 1980 жылы С. Сатыбалдин – МГУ (Мәскеу мемлекеттік университетінің) докторанты. 1981-1983 жылдары – Алматы халық шаруашылығы институтының профессоры. 1983-1984 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясында Өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі кеңес (ӨКЗК) төрағасының орынбасары және ҚР Экономика институты директорының орынбасары қызметін қоса атқарып, мемлекеттік маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын (ҒЗЖ) жүргізуде жоғары жетістіктерге жетті. Оның жекелеген, атап айтқанда, «Қазақстанның аймақтық-өндірістік кешендері (АӨК)», «Қаратау-Жамбыл АӨК: өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым», «Қазақстан мен Орта Азияға Сібір өзендерінің кейбір бөлігін бұру мәселелері», «Қызылорда облысының өндіргіш күштерінің мәселелері және дамыту перспективалары» – Қазақстандағы экономика ғылымына қосылған елеулі үлес. Ал, 1984-1985 жылдары – Вьетнам КП ОК және Вьетнам үкіметі жанындағы Халық шаруашылығын басқару Жоғары мектебінде оқытушы, алыс елде экономикадан дәріс оқып, сабақ береді. Ол 1985-1990 жылдары – А.С.Пушкин атындағы Орал педаго­гикалық инсти­тутының ректоры. 1992-1993 жылдары – ҚР ҰҒА вице-президенті – Қоғамдық ғылымдар бөлі­мі­нің академик-хатшысы. 1993-2004 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) атқарушы директорының орынбасары. 2004 жылы Қазақ-Британ техни­калық университетінің директоры болды. Профессор С.Сатыбалдин ҚазКСР Ғылым академиясындағы ӨКЗК-де және Қазақстан Мемлекеттік жоспарлау комитетінде көкейкесті ҒЗЖ-тарын жүргізуге қомақты үлес қоса отыра, Алматы халық шаруашылығы институтымен (әйгілі Нархоз) ықпалдастықты нығайта түседі. Сөйтіп, нақ осы беделді жоғары оқу орнында (ЖОО) Қазақстандағы экономикада есеп жүргізу, талдау жасау және математикалық әдістер енгізу саласындағы кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі тұңғыш Ғалымдар кеңесін ашады. Ол осы бағыттағы диссертацияларды қорғауға даярлықта: 12 PhD, 20 – магистрлерге, 64 – кандидаттарға жетекшілік жасап және 29 экономика докторын даярлауға кеңес береді. Ғалым-академик Сатыбалдинның жекелеген жетістіктері қатарында мына еңбегі хақында да айта кеткен абзал. Қазақстан-Британ техника­лық университеті (ҚБТУ) ректоры И.К.Бей­сем­бетов­тың шақыруымен С.Сатыбалдин 2004 жылдың шілдесінен Қаржы-экономика факультетінің «Экономика және бизнес» кафедрасының меңгерушісі болып жауапты қызмет атқарады. Ол мұнда Қазақстан Республикасы мен Англияның жоғары деңгейде кадрларды озық білім беру технологиялары бойынша даярлауға баса назар аударады. Ол кафедраны PhD ғылыми дәрежелі магистрлер даярлау үшін көрнекті профессорлармен және доценттермен толықтырады. ҚБТУ-дың студенттік кітапханасына, соның ішінде өзі де жазған, 307 атаулы оқу-ғылыми әдебиетті сыйға тартады. ҚБТУ-дың жаңа Академиясы директорлығына тағайындалысымен академик С.Сатыбалдин ҚР-дағы мұнай саласын ғылыми-техникалық және инновациялық дамыту бағыттарына ауадай қажетті аспиранттарды, магистранттар мен докторанттарды даярлау бойынша міндеттерді табысты шеше білді. Ал, 2005 жылы Ұлыбритания елшілігі өкілдерінің, трансұлттық мұнай компаниялары мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы жауапты қызметкерлерінің қатысуымен бітірушілерге ғылым магис­трлерінің алғашқы дипломдары табыс етілді. Академик С.Сатыбалдинның 400-ден астам ғылыми еңбектері, зерттеу­лерді, соның ішінде 45 ұжымдық моно­гра­фиялары, оқулықтары жарияланды. Олар ТМД елдерінде, АҚШ, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Жапония, ҚХР, Швеция, Пәкістан және әлемнің басқа мемлекеттерінде басып шығарылған. 2004 жылы Кембридж университетінің библиографиялық ор­талығы С.Сатыбалдинге «ХХІ ғасыр­дың көрнекті ойшылы» атағын беріп, күміс медальмен марапаттады. 2006 жылы АҚШ мәдениет және білім қай­рат­керлерінің жалпы жиналысы мен америкалық библиографиялық институт қазақстандық ғалымды «Бейбітшілік үшін халықаралық награда» Құрмет дипломымен марапаттады. Академик-мерейтой иесі С.Сатыбал­дин 2008 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ «Есеп және аудит» кафедрасына профессор болып және оның Экономикалық зерттеулер институтына 2016 жылы шақырылады. Ол – Яссауи атындағы Халықаралық Қазақстан-Түрік университетінің және Қарағанды Экономика университетінің құрметті профессоры, 27 еуропалық, азиялық елдердің және АҚШ-тың сан алуан ха­лықаралық ғылыми орталықтарының серитфикаттарына ие. С.Сатыбалдин Қырғыз Республикасы Ғылыми академиясы Экономика ҒЗИ және Қарағанды университетінің докторлық диссертациялар қорғау жөнін­дегі Халықаралық Ғылыми кеңес­тері­нің мүшесі болған, ҚР Әлеумет­тік ғылымдар академиясының, Халықара­лық Информатизация акаде­миясының (Нью-Йорк, АҚШ), ТМД, ҚР, тағы да басқа бірқатар елдердің көрнекті ғалым­дарының күшімен құ­рылған Еуразия Халықаралық Экономика академия­сы­ның мүшесі болып та­ға­йындалған. ҚР ҰҒА академигі С.Сатыбалдин Англия, АҚШ, Германия, Жапония, ҚХР және де басқа елдерде танылған көрнекті қазақстандық экнономист-ғалымдар қатарынан саналады. Ал, оның 80 жылдық мерейтойы – Қазақстан өміріндегі, Еуразиялық және ТМД ау­мағындағы елдер арасында да айтулы дата болып есептеледі. Мерейтой иесіне, ҚР ҰҒА академигі, көрнекті ғалым, ұлағатты педагог-ұстаз, шығармашыл ұйымдастырушы және белсенді қоғамдық қайраткер Сағындық Сатыбалдинге зор денсау­лық, асыл жары Ажар ханыммен бірге ұзақ ғұмыр тілейміз. Бала-шағаңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, олар да өзіңіздей еліне адал қызмет істеп, халқының адал ұл-қыздары болып өсіп-жетілуіне шын жүректен тілектеспіз.

Айтқали НҰРСЕЙІТ, Еуразия инновациялық экономика және басқару академиясының президенті. Орыс тілінен аударған Исатай ҚАМБАРОВ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Халық шаруашылығы қайнарында · Мұрағат