КАСПИЙ ЖАНАШЫРЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Биылғы жылы біздің еліміз БТД (Баку-Тбилиси-Джейхан) мұнай құбыры жобасына ресми түрде қосылғанына он жыл толды. Басында Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерінің үстімен өтетін осы маршрут үшін бастапқыда жылына 7,5-10 млн. тонна, кейін жылына 20 млн. тоннадан 30 млн. тоннаға дейін шикізатты Бакуге дейін жеткізіп беріп тұрмақшы болған екен. Осыншама мұнайды Каспий теңізі арқылы тасымалдауға тура келмек. Өйткені бізден Әзербайжанға дейін жеткізетін тіке басқа жол жоқ.
Аталғандай үлкен жоспар әзірше жүзеге асқан жоқ. Бірақ талпыныс жасалып жатыр. 2014 жылдың бірінші жартысында Қазақстан мен Түрікпенстан БТД құбыры арқылы экспортқа 2917,974 мың тонна мұнай жөнелткен. Бұның негізгі бөлігі – Қазақстандыкі. Түрікпенстанның үлесі – аз ғана. Қашаған іске қосылса, бұл көлемнің күрт артып шығуы мүмкін, деседі мамандар.
Оның үстіне қазір Баку-Тбилиси-Эрзурум газ құбыры салынып болды. Оның да Қазақстан жағынан біршама көлемде газдың беріліп тұруын қажет ететіні белгілі. Біздің жақ келіссе, Каспий арқылы осы жақтан арғы жағаға мұнай ғана емес, «көгілдір отын» да жеткізіле бастамақ. Бұл да таяу кезең ішінде шешілуін күтетін мәселе болып табылады.
Сонымен, экономикалық даму мақсатына негізделген Каспий теңізіне жасалатын қысым жаңа бір қарқынға ие болып, әрі қарайғы уақытта үдей түспек.
Ертеңгі күнді кім ойлап жатыр?
Каспий теңiзi – әлемдегi ең үлкен көл. Оның көлемi 232 мың шаршы миль немесе 600 мың шаршы километр. Каспий теңiзi мен оның бассейнiндегi аймақ туралы әңгiме болғанда, өз мұнайын кейiнге қалдырып, алдымен басқалардың кен көздерiн сарқып алуға дайын Батыс елдерi мамандарының сiлекейi шұбырады. Олардың айтуына қарағанда, бұл геологиялық аудан мұнай мен газ қорының көптiгi жағынан Парсы шығанағы ауданымен тайталасқа түсуi мүмкiн.
Бiрақ әзiрге бұл шындықтан гөрi аңызға көбiрек ұқсайды. Сол Батыс мамандарының пайымдауынша, Қазақстандағы қазiр барлығы дәлелденген мұнай қоры 9-10 млрд. баррельдi құрайды. Оның табылады деп болжау жасалып отырған мұнай резервi тағы да 92 млрд. баррельдi құрайды. Сонда қазiргi бары мен болашақта табылып дәлелденедi деген жалпы қор мөлшерi – 101-102 млрд. баррель немесе 13,8-13,9 млрд. тонна.
Түрiкпенстанның табылады және дәлелденедi деп күтiлiп отырған жалпы қоры 80 млрд. баррельге немесе 11 млрд. тоннаға жуық. Жалпы Каспий теңiзi бассейнiндегi барлық нақты және жобалы қор 240 млрд. баррельдiң немесе 32-33 млрд. тоннаның айналасында.
Бұндағы Қазақстан мен Түрiкпенстанның үлесi ғана 181-182 млрд. баррельдi немесе 24-25 млрд. тоннаны құрамақ. Ал қалған үш елдiң - Әзербайжан, Ресей және Иранның үлесi - 62 млрд. баррель немесе 8 млрд. тонна ғана. Қазiрдiң өзiнде Әзербайжан өзiнiң мұнайға қатысты болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр. Ол-ол ма, Грузия мен Түркия да Қазақстанның мұнайын әуелi теңiз астымен, сосын үш мемлекет арқылы тасытқызу арқылы халықаралық рынокқа жеткізуге құлшынып отыр.
Түрiкпенстан болса олардың осыған ұқсас жобаларына әзірше онша көнбей келеді. Осыдан бірер жыл бұрын ресми Ашғабат Бакудың қазiргi Қазақстан сияқты су астымен құбыр (газ тасымалдауға арналған) тарту ұсынысын қабылдамай тастады. Сондағы себеп - өйткен күнде Каспий теңiзiне төнетiн қауiп. Қазiр Түрiкпенстан ондай құбырды теңiз арқылы емес, оңтүстiкке, яғни Ауғанстан мен Пәкiстан арқылы Үндi мұхитының жағасына тарту жоспарымен айналысып жатыр. Ал біз болсақ теңіз арқылы көмірсутекті шикізат тасымалын ұлғайтуға келістік.
Осы орайда бiр айта кететiн нәрсе: Каспийдiң тап Қазақстан қарамағындағы бөлiгi - қара уылдырық шашатын бекiре балығының аман қалуы мен ұрпақ жалғастыруы үшiн маңызы теңдессiз жер. Ал теңiзге қарсы техникалық қысымның ең үлкенi осы арадан басталмақ. Уақытында қызыл балық пен энергия беретiн шикiзат екеуiнiң iшiнен бiрiн таңдау мәселесi болған.
Қазiр оны қалай шешу керек екендiгi туралы сұрақ күн тәртiбiнен түстi. Әрине, мұнай компанияларының өкілдері Қашаған сияқты жобалардың экологиялық қауiпсiздiгi туралы жағы семгенша қақсап жатыр. Бiрақ әйгiлi Остап Бендер айтқандай: «Жүз проценттiк кепiлдiгi бар сақтандыру полисiн Құдай ғана бере алады».
Батыста әрбiр iскер адам iстеген iсiнiң олқылығы үшiн, содан айналадағы адамдар мен қоршаған ортаға келген зиян үшiн айып төлейтiнiн, абыройдан айрылатынын бiледi. Сондықтан жоба неғұрлым аумақты болса, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету шаралары соғұрлым салмақты болады. Бұл - жалпыға бiрдей белгiлi нәрсе.
Дегенмен, осындай заңға да, ұзақ жылдар бойы адам мен табиғат қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге барынша ыңғайланған iскерлiк дәстүрiнiң тәртiбiне де мейлiнше сай шарттардың өзi соңғы жиырма-отыз жыл iшiнде адамзатты дүрлiктiрген «Амоко Кадис» танкерiнiң Атлант мұхитын лайлауына да, Аляска түбегiнiң жанындағы мұнай апатына да, АҚШ-тың «Юнион Карбайд» компаниясының Үндiстанның Бхопал қаласы тұрғындарының бiрталайын химия өндiрiсiнiң апатына жол беру арқылы қырғынға ұшыратуы тәрізді шектен шыққан оқиғаларға ешбiр кедергі бола алмайды.
2002 жылдың аяғында Атлант мұхитындағы Бискай шығанағы ауданында апатқа ұшыраған «Престиж» танкерi үш ай бойы сол аудандағы барлық балық-құс атаулыны қырып, Франция мен Испания жағалауларын майға бөктiрiп, миллиардтаған доллар-евро шығынын әкелдi.
Қазір біз Каспий арқылы мұнай тасымалын ұлғайтуды қолға алып жатырмыз. Бұл ел экономикасының одан әрі қарқынды түрде дами алуы үшін қажет. Бәрі дұрыс. Бірақ «Престиж» апаты сияқты жағдай болса ше? Сонда не абырой көремiз?!
Каспий – теңізі тұйық су. Әлгі «Престиж» апаты сияқты бәле бола қалса, оның кесiрi адам айтқысыз болады.
Өйткенi Каспийдiң өзiн-өзi табиғи жолмен тазарта бiлу қабiлетi ашық теңiз бен мұхиттың әлгiндей қабiлетiмен салыстыруға ешбiр келмейдi. Ана бір жолы Ақтаудан Бакуге қатынайтын бiр шағын танкер апатқа ұшырап, адамдардың iз-түзсiз жоғалғаны туралы хабар болған. Қалған жәйттерi айтылмай-ақ қалды.
Халықаралық деңгейде Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан қосылып жатқанда қоғамдық пiкiрдi ушықтырмау мақсатында сол апат туралы хабардың тарауына шектеу қойылған сияқты. Сонымен заңды үреймен санаспай, қауіпсіздігі дүдәмал жобаны жүзеге асыру басталып кеттi.
Ондай қауiппен санасып жатқандар шамалы сияқты. Бірақ мынадай екі нәрсенің кесірі болуы әбден мүмкін екенін жасырудың қажеті жоқ болар.
Ол – бiрiншiден, Каспийдiң суының астынан мұнай шығару. Екiншiден, соның астымен мұнай құбырын тарту.
Жер бетiнде iстеп тұрған мұнай құбырларының өзi қайта-қайта жарылып, айналасын бүлдiрiп жатады. Ал су – жер емес. Онда төгiлген мұнай бiрден бүкiл теңiзге тарайды да, тiрiшiлiк атаулыны қырып тастайды. Сөйтiп, бiрiншi үлкен апат-ақ оны адамдар тауып, тоқтатты дегенше, Каспий теңiзiн өлi теңiзге айналдырып жiбере алады. Және сөйтуi, шындықты жасырмай айту керек, әбден мүмкiн.
Тiптi әлгi Каспийдiң түбiндегi мұнайды бетiне шығарып, бүкiл адамзаттың керегiне жаратамыз деген сияқты асқақ сезiмдi желеу етiп, бұрғылары мен құбырларын сайлап жатқандардың өздерi бәленiң бетiн аулақ қыла алатындарына кәмiл сенсе де, сонша күш пен техниканы жинап, теңiзге жан-жақтан тап берген соң, ерте болсын, кеш болсын ықтималдық теориясының (теория вероятности) механизмi iске қосылмай ма?! Қазақтың жалпақ тiлiмен айтатын болсақ, ұра берсе аю да өледi ғой. Осыны естен шығармаған жөн. Бiз, яғни қоғам, бұл жағдайды қадағалап отыруға тиiстiмiз.
Аққали КӨПТІЛЕУОВ







