«Еңбек балапан» жобасы бастау алды

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылаған жиын өтті.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев биылғы бірінші маусымға дейін облыстағы 13 156 тұрғын жұмыспен қамту орталығына жолығып, оның 7 549-і бағдарлама аясында жұмыспен қамту шараларымен қамтылғанын баяндады. Одан басқа 800 адам ұзақ және қысқа мерзімді техникалық және кәсіптік білім беру курстарына жолданып, тіркелгені мәлім. Өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту бойынша 1037 тұрғын 4380,0 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алса, биыл бірінші маусымға дейін 68 тұрғын 291,1 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізген. А.Құлқаевтың айтуынша, биыл өңірімізде құс шаруашылығын дамыту және табыс-кірісі аз, жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Еңбек балапан» жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба облыста құс шаруашылығын кеңінен дамытуды және жұмыссыз жүрген, табысы аз отбасыларды кәсіпкерлікке тартуды, халықтың нәтижелі жұмыспен қамтылуын арттыруды, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайтуды көздейді. Оны «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар беру тетігі арқылы іске асыру ойластырылған. Бағдарлама шеңберінде биыл 625,1 млн теңгеге 1179 грант бөлу жоспарланған. – Жоба Шыңғырлау ауданынан бастау алады. Яғни «Зеленый Лук» ЖШС туғанына бір күн болған 2000 бас балапанды Шыңғырлау ауданына апарады. Аудан орталығында анықталған бірыңғай оператор «Ғайни» ШҚ балапандарды қабылдап алып, 13 грант алушыға одан әрі жеткізеді. Одан кейін Тасқала ауданына жеткізіледі. Тасқалада «ЛУЧ» ШҚ бірыңғай операторы болып анықталды. Аталмыш ауданда 12 грант алушы балапанмен қамтамасыз етілмек. 30 маусым күні жоба Бәйтерек және Қаратөбе ауданында жалғастырылады. Қазіргі таңда кесте жасақталып, маусым айында кезең-кезеңімен аудандарға және Орал қаласына балапандарды жеткізу жоспарлануда. Әзірге облыстың сегіз ауданында және Орал қаласында жүзеге асыру көзделуде, – деді Алтай Есмағұлұлы.
Гүлбар ДЫБЫСҚАЛИ







