COVID-19: Эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтанды

Сейсенбіде өткен үкіметтің селекторлық отырысында 18 шілдедегі кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы мен эпидемияға қарсы қабылданып жатқан шаралар, сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында жергілікті қамтуды дамыту мәселесі қаралды.
Коронавирус індетіне қарсы атқарылып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А.Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин баяндама жасады. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақталу деңгейіне шыққандығы атап өтілді. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі 2,1% құрайды, ең төменгі өсім тәулігіне Шымкентте – 1%, Қызылорда облысында – 0,9%, Түркістан облысында – 0,8%, Ақтөбе облысында – 0,5% тіркеліп отыр. CoviD-тен сауығып кеткендердің саны 60%-ға өсті, жедел жәрдем шақырулар саны 23%-ға төмендеді. Жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін ұлғайтылған. Қазіргі күні инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 4183 аппарат сатып алынады, 21 мыңнан астам төсек-орын оттегіге, 6237 орын оттегі концентраторларының есебінен қосылады. Бүгінде ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді құрайды. Биылғы жылдың 1 тамызына қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 35,6 мыңға, ал 1 қыркүйекке қарай – 64 мыңға дейін жеткізіледі. Амбулаторлық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін 2962 БМСК мобильді бригадасы құрылды. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалар саны 3500-ге жеткізіледі. Ауылдарда 1493 мобильді бригада құрылып, жұмыс істейді, бұл қажеттіліктің 94%-ын жабады, 641 жедел медициналық жәрдем машинасы тартылған. Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдіктерге, денсаулық сақтау және индустрия министрліктеріне өңірлердегі ауруханаларды қажеттіліктеріне сай ӨЖЖ аппараттарымен тамыздың соңына дейін қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында ПТР-тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және кадрлармен жасақтауды қамтамасыз ету, әкімдіктерге анализдерді өңірлердің зертханаларына жеткізудің тиімді логистикасын пысықтау тапсырылды. Индустрия, денсаулық сақтау және қаржы министрліктеріне шұғыл түрде өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды отандық өндірістің цифрлық рентген аппараттарымен жарақтандыру мәселесін шұғыл шешу, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге екі апта ішінде оттегі концентраторлары мен медициналық газдардың толық көлемін өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. «СҚ Фармация»-ға осы айдың соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, оларды қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге бөлу, сондай-ақ олардың дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін белгілеу жүктелді. Сонымен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісі бойынша әр өңірде Тұрақтандыру қорларында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорын жасау тапсырылды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қазақстандық қамтуды дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің бизнес-үдерістерін оңтайландыру туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Е.Бахмутова, құрылыстағы қазақстандық қамтуды дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы қаржы министрі Е.Жамаубаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сатып алуларындағы жергілікті қамту туралы қордың басқарма төрағасы А.Есімов баяндады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шеңберінде 491,5 млрд теңгеге 2 мыңнан аса жоба мақұлданды. Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары қазақстандық қамту бойынша (жекелеген салаларда 70%-дан астам) үздік өңірлер болып отыр. Бұл тұрғыда Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары артта қалып келеді. Үкімет басшысы рәсімдік тосқауылдарды жою бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Қаржыгерлер қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша банктердің бизнес үдерістерін оңтайландыруды – несие өтінімдерін қарау мерзімін, құжаттар тізбесін қысқарту және кепіл саясатын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Құрылыс саласында да жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне барлық тараптардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі тиісті заңнамалық және нормативтік өзгерістерді пысықтау жүктелді. Премьер-министр Қаржы министрлігіне «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бір апта мерзімде отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қатысуына кедергі келтіретін барлық жүйелік тосқауылдарды жою жөніндегі іс-қимыл алгоритмін дайындауды тапсырды. Осы ретте Асқар Мамин әкімдіктер үшін мысал ретінде «Самұрық-Қазына» қорының отандық өндіріс тауарларын қолдану және дұрыс есептілік бойынша нақты талаптарын келтірді, бұл жергілікті қамту үлесінің 69% жоғары көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің қарсы міндеттемелерін цифрлық бақылау жұмысын екі ай ішінде аяқтау қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік қолдаудың әр шарасы бойынша тиісті заңнамалық түзетулер пакетін дайындауды тапсырды. Бұл ретте «Атамекен» ҰКП цифрлық платформасының базасында бизнестің қарсы міндеттемелеріне мониторинг жүргізу жөніндегі қанатқақты жобаны іске қосу жүзеге асырылатын болады.
РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА







