Жасыл экономика
3 мин оқу 968

Сутегі дипломатиясы орнамақ

3 қараша 2022
Сутегі дипломатиясы орнамақ

Еліміз көмірқышқыл газының шығарындыларын барынша азайтуға ниетті екенін мәлімдеп, осыдан алты жыл бұрын Париж келісімін алғашқылардың бірі боп ратификациялағаны белгілі. Бұл тарапта Қазақстан ұзақмерзімді көміртегі бейтараптығы стратегиясы аясындағы іс-қимылдарын белсенді жүргізіп келеді.

Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербоктың Қазақстанға сапары барысында елордада сутегі дипломатиясы кеңсесі ашылатыны жайлы ақпарат берілді. Бұл бюро болашақта сарапшылар мен мамандарды тартатын хабқа айналып, жасыл сутегі көмегімен өнеркәсіп және көлік шығарындыларын нөлге дейін азайту бағытында жұмыс істейді. Бұл ретте жобаларды нақты іске асыруға жағдай жасалады.

Неміс бастамасын құп алған қазақстандық тарап оны барлық жағынан қолдауға дайын екендігін жеткізіп, халықаралық кеңсе екі ел үкіметінің, сарапшылық ортаның арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара іс-әрекеттерді нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді. Еліміздің бас дипломаты Мұхтар Тілеуберді Қазақ­станда экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін қажетті шикізатты, сирек жер металдарын бастапқы өңдеу, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз энергия көздерін өндіру саласындағы өзара іс-қимыл өте өзекті және перспективалы болып көрінетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл үшін құқықтық негіз 2012 жылы шикізат, өнеркәсіптік және технологиялық әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қою арқылы құрылды. Ал 27 қазанда Svevind неміс-швед концернінің Hyrasia One еншілес компаниясы мен Қазақстан үкіметі арасында инвестициялық келісімге қол қойылды. Осы келісім шеңберінде Еуропа мен Азияның энергетикалық және шикізат қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда таза әрі экологиялық тиімді жасыл сутегін өндіру жөніндегі әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірін салу жос­парланып отыр.

Жақында Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельге Маңғыстау облысында жасыл сутегін өндіру және тарату орталығын құру жобасы таныстырылған болатын. Инвес­тор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын жасыл сутегі өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша тәулігіне қуаты 255 мың текше метр су тұшытатын қондырғы, 40 ГВт жаңартылатын, яғни күн, жел энергия станциясын және негізінен экспортқа немесе ішкі нарықта тұтынуға арналған 20 ГВт су электролизі өндірісін салу әрі пайдалану көзделіп отыр.

Аталған жобаны жүзеге асыру барысында, құрылыс кезеңінде шамамен 3500, нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу кезінде 1800-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылуы мүмкін. Сондай-ақ Маңғыстау облысында мамандар даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қарастырылған. Бұдан бөлек, инвестор есебінен инфрақұрылымдар салу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әлеуметтік міндеттемелер төлеу жоспарланып отыр.

Svevind қазір өз қаражаты есебінен құны 50 миллиард долларды құрайтын жоба бойынша жұмысты бастады. Жобаны жүзеге асыру ЕО елдеріне электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік береді деп болжануда. Өндіріс 2030 жылы басталады, электр станциясы 2032 жылға қарай толық қуатына шығады. Бұл ЕО-ның 2030 жылға қарай жасыл сутегін импорттау жөніндегі белгіленген мақсатының шамамен бестен біріне тең. Жобаны іске асыруға Kazakh Invest жан-жақты қолдау көрсетеді, оның қолдауымен Қазақстан СІМ инвестициялар комитеті­мен инвестициялық келісімшарт жасалған.

Kazakh Invest басқарушы директоры Азамат Қожановтың айтуынша, бұл Қазақстан үкіметімен және ұлттық компанияның Task Force арнайы бөлімшесімен қолдау аясындағы алғашқы келісім. «Қазір біздің ұжым басқа да шетелдік инвесторлармен бірге жасыл сутегі өндірісі саласында тағы екі жобаны қолға алуда. Сонымен қатар басқа бағытта инвестициялық келісім бойынша тағы үш жобаның шарттарын келісу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы тізбе инвестиция көлемі 13 млрд доллардан асатын 70 жобаны құрайды», – дейді ол.

Ұлттық компанияның инвес­тициялық жұмыс тобының сутегі энергетикасы жобасы мамандары әлемдік қауымдастықты Қазақстан тұрақтылығымен, кең аумағымен, ыңғайлы орналасуымен тартатынын айтады. Жасыл сутегі жобаларына мемлекеттік бюджет демеушілік жасамайды, бұл дүние жүзіндегі жеке инвесторлардың қаражаты. Қазақстан үшін бұл – шикізат нарығынан алыстап, дайын өнім өндіретін экономикаға айналу мүмкіндігі. Ол сондай-ақ Қазақстан халқын әрбір өңірде жаңа, сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде. Бұл ретте үлкен әлеуметтік жүктемені мойнына алатын, бірінші кезекте жергілікті халықты жұмысқа алуға және оқытуға ниетті компанияларға басымдық беріледі.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Сутегі дипломатиясы орнамақ · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар