Рухани қазына
4 мин оқу 420

Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін бағдарламалық құжат

20 қазан 2022
Халықтың әл-ауқатын  жақсартуды көздейтін  бағдарламалық құжат

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында білім мен ғылым саласына арнайы тоқталып, ең алдымен, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы келер жылдан бастап 25 пайызға өсетіндігін, алдағы үш жылда бұл мақсатқа 1,2 триллион теңге жұмсалатындығы айтылған. 

Осы ретте Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Кенжехан МАТЫЖАНОВПЕН болған әңгіме барысында баяндалатын болады.

– Кенжехан Сләмжанұлы, ұс­таздар мәртебесін көтеруге байланысты аталған игі бастамалар іс жүзінде қалай жүріп жатыр деп ойлайсыз?

– Қай заманда болмасын қо­ғамды алдыға сүйрейтін қозғаушы күш – білім мен ғылым. Еліміздегі бұл саланың ахуалына айтылатын сын да, мін де толастаған емес. Қазіргі таңда бұл жүйелі жолға қойылған.Соның нәтижесі болар, педагогикалық мамандықты таңдаушы жастардың қарасы жыл сайын көбейіп келеді. Мұғалімдердің жалақысының көтерілуіне байланысты, тіпті жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп жүрген магистрлер мектепке қарай бет түзей бастағанын көріп те отырмыз. Еліміздің мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін жою үшін Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін өңірлерде 800 мектеп салу жөніндегі бұрынғы тапсырмасын 1000-ға жеткізуді міндеттеді. Бұл дегеніңіз аталған мерзімде әр аймақтағы апатты жағдайда тұрған мектептерді жаңа мектептермен ауыстырып, үш ауысымды оқыту жүйесін түбірінен жоюға қол жеткізеді деген сөз. Ауыл мектептерін бала санына қарай қаржыландыруға көшіру де оң нәтижеге жеткізетін бастама.Сонымен қатар Президент оқушыларды кәсіби мамандыққа баулу мәселесіне де жіті көңіл бөліп, «тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Қазір республика көлемінде 237 мың жас қыз-жігіттердің кәсіп те игермей, оқу да оқымай бос жүргендігі мәлім болды. Олардың басым көпшілігі шалғайдағы ауылдардың тұрмысы төмен отбасыларынан. Міне, осы келеңсіздікті жою үшін Президент «сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» екендігін міндеттеді.

– Жоғарыда аталған білімді әскер қатарында жүріп те алуға болатындығы айтылды, осы мәселеге байланысты тоқталып кетсеңіз?

– Бұл шара негізінен елімізде күнделікті тіршілікке қажетті ма­мандықты игеруге деген ықылас­ты түбірінен өзгертеді деуге болады. Президент ұстаздардың да білім-білігін заман талабына сай, бұрынғыдай 5 жыл емес, 3 жыл сайын қайта даярлаудан өткізіп отырудың дұрыстығын меңзеді. Бұл мұғалімдердің жаңа білім мазмұнын, оқытудың қазіргі заманғы технологияларды игеруіне тың серпін әкелуі тиіс. Қоғамдық ортада соңғы жылдары жиі талқыланып жүрген өзекті мәселенің бірі – ғылымды дамыту екендігі белгілі. Мемлекет басшысы өзінің бұл мәселеден толық хабардар екендігін, оны оңтайлы шешудің жолдарын нақтылады. Сондықтан ғылымды дамыту біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саланы реттейтін заң мен заңнамалық құжаттарға жыл соңына дейін өзгерістер енгізу қажет екендігін баса көрсетті.Бірінші кезекте, ғылыми зерттеумен айналысатын жетекші ғалымдардың тұрақты және еңбегіне лайықты жалақы алу мәселесін шешу, ол үшін ғылыми зерттеу институттарын базалық қаржыландыру есебінен тікелей қаржыландыруды тапсырды. Сонымен қатар осы уақытқа дейін ғылыми-зерттеу институттары үш қаржылық көзден – базалық, гранттық, нысаналы түрде қаржыландырылатынын тілге тиек етті.

– Осы базалық, гранттық және нысаналы түрдегі қаржыландыруға өзгерістер енгізу айтылды. Дұрысында қалай жүргізілуі тиіс?

–Бұрындары базалық қаржы­ландыруға мекемені басқарушылар мен әртүрлі қызмет көрсетушілер ғана енгізілетін. Оның құрамына жетекші ғылыми қызметкерлер енбейтін. Ал гранттық, нысаналық жобалар жөнінде ғылымның өзекті мәселелері бойынша 2-3 жылға конкурс жариялау арқылы жүзеге асырылатын. Грант­тық және нысаналы жобаларды ұта алмаған ғылыми қызметкерлер екі-үш жылға қаржысыз қалатын. Мұның салдары ғалым-мамандардың тұрақсыздығына, ғылыми зерттеу­лердің үзіліп қалуына апарып соқтыратын. Бұл үрдіс, әсіресе, іргелі ғылыми зерттеулерге орасан зардап келтірді. Міне, Президент тапсырмасы осы мәселені оңтайлы шешуді қарастырады. Бұл тапсырма жүзеге асатын болса, білім және ғылым министрлігінің белгілеген ережесі бойынша ірік­телген ғылыми-зерттеу институттары базалық тұрғыдан тікелей қаржыландырылатын болады.

Екінші мәселе, гранттық қаржы­ландырудың тым қысқа (екі-үш) мерзімге белгіленуі іргелі ғылымның дамуына кең өріс жасай алмайтын. Оның үстіне аз уақыттың ішінде күрделі тақырыптарға кешенді, іргелі зерттеулер жүргізу де мүмкін емес еді. Осы мәселені ретке келтіру мақсатында, Президент гранттық жобалар мерзімін бес жылға дейін ұзартуды ұсынды. Үшінші мәселе, ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне ғалымдар көп жағдайда наразы болып жатады. Бірақ сол наразылықты дәлелді түрде негіздеп, өз шағымдарын айтатын өкілетті орын жоқ еді. Қандай жағдайда болмасын ұлттық ғылыми кеңес шешімі талқылауға, шағым жасауға болмайтын ақтық шешім болып қалатын. Міне, осындай оралымсыздық та, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай оңтайлы шешілетін сияқты. Егер осындай өзекті мәселелер рет бойынша заң жолымен жүзеге асатын болса, Қазақстан ғылымы заман талабына лайық тағы бір қарышты қадам жасайтыны сөзсіз.Тұтастай алғанда, ел президентінің жаңа Жолдауы бүкіл әлемдік пандемия жылдары қоғамда қордаланып қал­ған көкейтесті мәселелерді көтерген және оны шешудің нақты жолдарын көрсеткен бағдарламалық құжат болды деуге толық негіз бар. Қазіргі қыл арқандай ширатылып, дүниенің апшысы қуырылып тұрған қиын заманда біздің елімізге ең керегі – құрыштай берік ынтымақ пен бірлік, сол ынтымақтан нәр алатын халықтың ырыс-берекесі екендігін Мемлекет басшысы дөп басып көрсетті. Ендігі үлкен мақсат осы жолдауда айтылған ізгі ниетті игілікті іске айналдыра білуде болса керек.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін бағдарламалық құжат · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар