Рухани қазына
2 мин оқу 706

Батыр есімі – ел есінде

31 наурыз 2022
Батыр есімі – ел есінде

Орал халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілді.

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мәлім еткеніндей, әуежайға М.Мәметованың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің 18 наурызда­ғы қаулысы шыққан болатын. Қаулы шыққан күннен бастап күшіне енді.

Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Әкесінің есімі – Жеңсігәлі (көптеген деректерде Жиенғали деп қате жазылып кеткен), анасы – Тойылша. Мәншүкті кішкентай кезінде Жеңсігәлінің немере інісі, белгілі Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, ақын, ағартушы Ахмет Мәметов асырап алады. Анасы Әмина Сүлейменова да – қазақ оқығандарының бірі. 1938 жылы А.Мәметов «халық жауы» атанып ұсталып кеткеннен кейін Мәншүк әкесін қалайда ақтап аламын деп, майданға аттанған. 1942 жылдың жазында өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысқан. Аға сержант, пулеметші Мәншүк Мәметова өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста қазақтың батыр қызы пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Оған 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Биыл Батыс Қазақстан облысында Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған іс-ша­ра­лар өтеді деп жоспарлануда.

Қазақтың батыр қыздарына деген құрмет басқа өңірлерде де көрініс табуда. Мәселен, былтыр «Ақтөбе» халықаралық әуежайына Шығыстың шынары, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Айта кетейік, Әлия Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауы­лында Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында 1925 жылы дүниеге келген. Қазір туған ауылында Әлияның тұрған үйінің орны мен ескерткіші және музейі бар.

АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Батыр есімі – ел есінде · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар