Игерілмеген жер – мемлекет меншігі

Туған жер, атақонысы, туып-өскен топырағын қастерлейтін қазақ үшін ұлтарақтай жерінің өзі – қасиетті де қадірлі, ардақ тұтар асылы. Сондықтан да қай өңірде болмасын жерге қатысты мәселе көтеріліп жатса, елеңдемейтін адам жоқ шығар, сірә. Ал, егер оны сол аймақ басшысы өзі көтеріп, тиісті құзырлы органдарды жер мәселесіне жете назар аударуға шақырса – жергілікті халқы да, жапа шегіп жүрген диқан қауымы да оған алғыс айтары хақ.
Өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында өткен жайылым жер мәселесі жөніндегі облыстық прокуратурамен бірлескен Алқа мәжілісіне қатысты, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі. Жиынды облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров ашып, бүгінгі таңда пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлер мен жайылымдарды мемлекет қорына қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Жалпы өңірдегі пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді анықтау, ревизия жүргізу, мемлекет қорына қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы баяндады.
Оның айтуынша, облыстағы жер қорының 32 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ал жайылымдық жердің көлемі 34 миллион гектардан астам. Мәселен, прокуратура тарапынан жүргізілген тексеріс барысында Байзақ ауданындағы «Тұрсынбай» шаруа қожалығына тиесілі 15 гектар жайылымдық жердің пайдаланылмай отырғаны белгілі болған. Сол сияқты жайылымдық жерге қатысты заң бұзушылықтарға Шу ауданында да жол берілген. Бұдан бөлек, облыс бойынша 673 мың гектар жайылым 157 латифундистің пайдалануында. Бұл анықталған жерлер негізінен Қордай, Шу, Мойынқұм және Талас аудандарында орналасқан. Сондай-ақ ревизия барысында кейбір ауыл әкімдері бірде-бір малы жоқ адамдарға жайылымдарды мақсатсыз үлестіргені анықталған. Сонымен қатар жер иесі қайтыс болып кеткен азаматтардың жайылымдық жерлері қайта рәсімделмеген болып шықты. Баяндамашы сөзінің соңында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мен жайылымдық жерлерді мемлекет қорына қайтаруды жолға қою үшін облыс әкімдігі қасынан арнайы жұмыс тобын құру керек деген ұсыныс айтты. «Баяндамаңызда облыста пайдаланылмай жатқан үш мыңнан астам жайылымдық жер анықталғанын айтып қалдыңыз. Қазіргі таңда оның қаншасы мемлекет қорына қайтарылды? Біз ол игерусіз жатқан жерлерді қайтарып қана қоймай, қайта айналымға қосуымыз керек, осыны нақтылай кетсеңіз», – деді облыс әкімі.
Прокурордың орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы бүгінгі таңда 263 гектардың қайтарылғанын, қалған жерлер бойынша заң аясында қайтару шаралары қолға алынғанын айтты.
Келесі кезекте тақырып аясында облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек пен жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов хабарлама жасады. «Тексеру қорытындысы кейбір аудандарда пайдаланылмай жатқан жайылымдардың көптігін анықтады. Соның ішінде Шу ауданы да бар. Бұдан бөлек, Талас ауданында – 108, Жамбылда – 58, Қордайда – 20 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ осы және басқа аудандарда жүзге жуық жайылымға иелік етіп келген жер иелері қайтыс болып кеткен. Ол жайылымдық жерлер не туыстарына, не сол отбасы мүшелерінің біріне рәсімделмей жылдап кейінге қалдырылып келеді. Бұл бойынша аудан әкімдері не жұмыс істеп жатыр?» – деп жиын төрағасы Нұрғалым Әбдіров онлайн режимінде қатысып отырған аудан әкімдеріне сұрақты төтесінен қойды.
Қойылған сұрақтарға Шу, Талас, Жамбыл, Қордай, Жуалы ауданының әкімдері, олардың орынбасарлары мен топ мүшелері, ауылдық округтің әкімдері жауап берді. Бердібек Машбекұлы да сол аудандар бойынша мәліметтерді көтере отырып, «Мәселен, Талас ауданында 2013 жылы дүниеден өтіп кеткен Қамысбаевтың атында 234 гектар жайылым жер тіркелген. Бірақ ол жер әлі күнге дейін ешкімнің атына рәсімделмеген. Оны біреу пайдаланып келеді ғой. Ол жер неге мемлекет қорына қайтарылмаған. Сондай-ақ «Шәушенова» шаруа қожалығының еншісінде 6600 гектар жайылымдық жер бар, ал қожалықтың иелігінде бірде-бір мал жоқ. Осындай мысалдар көп. Бұған кім жауап береді?» – деп облыс басшысы Талас, Шу мен Қордай аудандарының бірнеше ауылдық округ әкімдерінен онлайн режімде мәлімет сұрады.
Өкінішке орай ауыл әкімдері өз округіне жауапты елді мекендегі шаруа қожалықтарының малы бар-жоғын білмейтін болып шықты. Ешқайсысы мандытып нақты жауап бере алмады. Ал облыс әкімі «бірде-бір малы жоқ адамдарға жүздеген гектар жайылымдық жерді қалай рәсімдеп жүрсіңдер. Ұят деген болу керек қой. Ревизия жүргізіп, игерілмей жатқан жайылымдарды мемлекет қорына тапсыру керек», деп ескертті. «Біз ревизияны бекерден бекер жүргізіп отырған жоқпыз. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. Жиында айтылған кемшіліктер орнына келтірілуі керек. Ең негізгісі – біз барлық жерді нақтылауға тиіспіз. Бір гектар болса да мемлекет қорына қайтарылып, ел игілігіне берілуі тиіс. Сөйтіп ауыл жанындағы жайылымды кеңейтіп, халықтың мал ұстауына, мал басын көбейтуіне жағдай жасауға міндеттіміз. Сондықтан аудан әкімдері мен ауыл әкімдері жұмыс істеу керек. Жұмыс тобының қызметін жандандырып, тез арада пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет қорына қайтару қажет», – дей келіп, Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына облыстық және аудандық прокуратура өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.
Шын мәнінде, облыс басшысының өзі тікелей араласуымен осындай маңызды мәселе көтерілуі – құптарлық-ақ игі шара. Бұл басқа өңірлерде де қолдау тауып жатса, әрине, нұр үстіне нұр болар еді. Ең бастысы, жергілікті халық өздері белсенділік танытып, билік өкілдерін ғана емес, мына Жамбыл облысындағыдай, құзырлы органдардың жауапты қызметкерлерінің өзін тікелей қатыстыра отырып, даулы мәселелерді құқылық талаптар негізінде шешілуіне ұйтқы болулары тиіс. Міне, тек сонда ғана жер дауы оңды шешімін таппақ. Бұл ретте игерілмей, қараусыз жатқан жер мемлекеттің меншігі екенін естен шығармаған абзал. Ал, мемлекеттің мақсаты халық игілігіне ие болу, оны солардың әл-ауқаты мен тыныс-тіршілігі қажетіне жаратуға барынша жағдай жасау болып табылады емес пе.
Исатай ҚАМБАРОВ







