Заманауи логистика: Ірі жүк терминалы ашылды

Қытаймен шекарада жаңа жүк терминалы іске қосылды. Маңызды нысан Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзиттік жүктерді өңдеу көлемін едәуір арттырады. Өткен демалыс күндері терминал арқылы осы бағыттағы алғашқы 10 контейнерлік пойыз өтті.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
Терминал жүктер мен контейнерлерді кең жолтабанға ауыстырып тиеуге, жүктерді көлік түрлері бойынша шоғырландыруға арналған. Нысанның құрылысын «Dostyk TransTerminal» серіктестігі жүргізді. PTC Cargo компаниясының басқаруындағы жаңа жүк тиеу терминалы Достық станциясынан батысқа қарай 6 км жерде, «Достық – Алашанькоу» шекаралық өту пунктіне тікелей жақын жерде 150 гектар алаңда орналасқан. Онда жүктер мен контейнерлерді ауыстырып тиеу, сондай-ақ Қазақстан – Қытай шекарасы арқылы жүретін маршруттық контейнерлік пойыздарды өңдеу, сақтау, жөндеу, қалыптастыру, сондай-ақ жүктерді көлік түрлері бойынша шоғырландыру, қойма және терминал операцияларын орындау жүзеге асырылады. Жуық арада Достық – Мәскеу аралығында жаңа контейнерлік тасымал бағыттары жоспарлануда.
PTC Cargo – PTC Holding еншілес компаниясы, жүк тиеу терминалының басқарушы компаниясы болып табылады. Компания меншігінде 600 фитингтік платформа бар. Қытай – Еуропа бағытында тәулік сайын 5-6 халықаралық контейнерлік пойыз қайта тиелуде. Қазіргі уақытта контейнер алаңының аумағында сыйымдылығы 60 шартты вагоннан тұратын екі түрлі жол, жүк көтергіштігі 46 тонна «Konecranes» маркалы 2 ричстакер пайдалануға толық дайын. Ал осы жылдың қазан айында үшінші ричстакерді іске қосу жоспарланған. Терминалды іске қосу PTC Holding компаниялар тобы жүзеге асыратын көпфункционалды бизнес-аймақты (өнеркәсіптік аймақпен, Құрғақ порт аймағымен және ауыстырып тиеу терминалымен) дамыту бойынша жобаның бірінші кезегі болып саналады.
– Біз жүк жөнелтушілер тарапынан үлкен сұранысты көріп отырмыз. Пандемияға қарамастан, өткен жылы контейнерлік тасымалдар тұрақты өсуді көрсетті, әмбебап жүк вагондарында біршама төмендеу болған-ды. Мысалы, Қытай – Еуропа бағыты бойынша 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда контейнерлік тасымалдардың 60%-дан астам өсуі байқалды, 2021 жылдың басынан бері бұл тренд жалғасуда – Еуропа мен Орталық Азия бағыттарына сұраныстың өсуі байқалады. Бұл көптеген клиенттердің басқа бағыттардан, мысалы, теңіз бағыттарынан контейнерлік тасымалдарға қайта бағдарланғанын білдіреді», – деп хабарлады PTC Cargo басқарушы терминал компаниясының бас директоры Шыңғыс Төлеушин.
Терминалдың өндірістік қуаты төрт кезектен тұрады: бірінші кезек – 160 000 TEU; екінші кезек – 160 000 TEU; үшінші кезек – 300 000 TEU; төртінші кезек екінші кезекті жаңғыртуды және 80 000 TEU-ға қосымша қуатты көздейді. Компания қазіргі уақытта жобаның екінші кезегін іске асыруға кіріскен. Терминалдың соңғы өткізу қабілеті 700 мың TEU құрайды, бұл Қытай – Еуропа транзитінің қазақстандық учаскесіндегі Достық станциясы арқылы маршруттың өткізу қабілеті мен бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады.







