Дүбірлі дода
3 мин оқу 300

Он ұпаймен оныншы орында тұрақтадық

16 маусым 2021
Он ұпаймен оныншы орында тұрақтадық

Шайбалы хоккейден өткен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы әр құрлықтан қатысқан 16 команда арасында оныншы орынды еншіледі.

Осындай нәтижені таяуда ғана Латвия астанасы Ригада өткен 84-ші әлем біріншілігінде қол жеткізген еді. Әлемдегі ең алып құрлық Азия материгінен қатысқан Қазақстан құрамасы дүниенің төрт бұрышынан қатысқан кілең мықты құрамалармен бірге мұз айдынында бақ сынады. Екінші топ, яғни «В» тобында алаң қожайыны Латвия, Италия, АҚШ, Канада, Норвегия, Финляндия, Германия мемлекеттерімен қатар кездескен хоккейшілеріміз барынша күшін салды. Алайда нағыз  мықты алып та, шалып та жығады демей ме, сондықтан «Арена Рига» мұзайдынында өткен матчтарда хоккейшілерімізге әрбір ойын оңай болмады.

Ел құрамасы дебюттік ойынын сәтті бастады. Алаң иелері Латвиямен болған кездесуде мамандар сөз жоқ латыштар жеңеді деп топшылаған еді. Себебі әлем чемпионатының алғашқы матчта Латвия құрамасы азулы және биылғы доданың болашақ чемпионы Канаданы 2:0 есебімен жеңіп, сенсация жасаған болатын. Негізгі уақытта екі рет латыштар алға шықты. Бірақ алдымен «Торпедоның» шабуылшысы Александр Шин, содан кейін «Барыс» қорғаушысы Джесси Блейкер есепті теңестірді. Буллитте әр команда жеңімпаз шыққанға дейін 8 рет қақшашымен жеке дара шақты. Қорытындысында 3:4 есебімен хоккейшілеріміз алда болды. Шешуші соққыны «Юграда» өнер көрсететін Евгений Рымарев соқты.

Екінші матчта азулы Финляндия құрамасымен кездестік. Ойынның негізгі уақытында командалар 1:1 есебімен тең тарқасты. Бірінші болып 34-ші минутта фин құрамасы сапында Антон Лунделл есеп ашты. Араға екі жарым минут сала отандасымыз Кирилл Панюков есепті теңестірді. Командалар овертаймда да жеңімпазды анықтай алмады. Нәтижесінде ойын соңындағы буллит сериясында отандастарымыз 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Үшінші кездесуімізде АҚШ командасына қарсы ойнадық. Бұл жолы америкалықтарға қолымыз жүрмеді. Кленденинг (06:57), Мур (21:33) және Друри (41:58) сынды хоккейшілер қақпамызға жауапсыз 3 голды енгізіп жіберді.

Кезекті төртінші матчта Германия құрамасымен бірге мұз айдынында күш сынастық. Үш ойыннан кейін «В» тобында уақытша көшбасшы болып тұрған немістер аутсайдерлердің бірі болып саналатын Қазақстанды оңай ұтамыз деп топшылаған еді. Алайда намысты қолға бермеуге тырысқан жігіттеріміз 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Юрий Михайлис шәкірттерінің кезекті бесінші қарсыласы Канада командасы болды. Нәтижесінде тәжірибе өз дегенін жасады. Қанша жерден тырыссақ та үйеңкі жапырақты мемлекетінің хоккейшілері 2: 4 есебімен алға шықты.

Алтыншы матч естен кетпес ерекше әсерге қалдырды. Олай дейтініміз Италия құрамасымен болған матчта жерлестеріміз 11:3 есебімен ұтты. Бұл нәтиже биылғы чемпионатта ең ірі есеп болып тіркелді. Басқа командалар дәл біздікіндей 8 шайба айырмашылығымен қарсыластарынан басым түсе алмады.

Көз тиді ме, жоқ әлде сөз өтті ме белгісіз топтағы жауапты мачта жарқырай алмадық. Норвегияға қарсы матчта абайсызда 1:3 есебімен жол бердік. Алғашқы кезеңде тәп-тәуір ойнаған едік. Алма-кезек шабуыл барысында Дмитрий Шевченко мергендік танытты. Алайда екінші кезеңде бір шайбаны өткізіп алдық. Ал шешуші кезең тіпті нашар сценарийде өрбіді. Егер тең нәтижемен аяқталса плей-офф кезеңіне шығатыны белгілі болды. Алайда хоккейшілеріміз өрескел қателіккке бой ұрындырып 2 шайбаны жіберіп алды. Осылайша 7 ойында 10 ұпай еншілеп топтан шыға алмадық. Канада құрамасы да тобымызда 10 ұпай еншіледі. Алайда бізді жеңу, яғни қосымша көрсеткіші бойынша плей-офф кезеңіне канадалықтар жолдама алды.

Плей-оффта әр топтан шыққан барлығы 8 командалардың жолдары түйісті. АҚШ құрамасы Словакиядан (6:1), Финляндия Чехиядан (1:0) басым түсті. Ал Ресей Канадаға (1:2), Швейцария Германияға (2:3) жол берді. Осылайша, жартылай финалда Қазақстанмен бірге сынға түскен «В» тобының командалары ғана қалды. Финалға шығу барысында АҚШ көршілесі Канадаға 2:4 есебімен ұтылды. Бір қызығы америкалықтар топтық ойында канадалықтардан 5:1 басым түскен еді. Финляндия Германиядан (2:1) айласын асырды. Дәл осындай көрсеткішпен финдіктер топтық ойында да немістерден басым түскен еді. Финалда Финляндияны 2:3 есебімен овертаймда жеңген Канада құрамасы өз тарихында 27 мәрте біріншіліктің жеңімпазы атанды.

Нұрлан ҚҰМАР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Он ұпаймен оныншы орында тұрақтадық · Мұрағат