Өлім артында өмір бар

Бүгінгі таңда әлемдік медицинадағы озық технологиялар мен жоғары инновациялар еліміздің денсаулық сақтау саласында кеңінен қолданылуда. Жаңа технологиялар адам өмірін сақтап қалу үшін аса күрделі оталар жасауға, зерттеулер мен зертханалық сараптамаларды жедел өңдеуге, пациенттерді қашықтан қарап, кеңес беруге мүмкіндік береді. Соның арасында адамзат баласына жаңа өмір сыйлайтын ең маңызды ота – мүше трансплантациясы.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА
Қазіргі күні ағза мүшелерін алмастыру адам өмірін сақтап қалудың бірден-бір жолы болып отыр. Мұндай күрделі операциялардың жасалуы – еліміздің хирург-дәрігерлерінің жоғары кәсіби біліктілігін көрсетсе керек. Трансплантация деп бір адамның органын (оның ішінде бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек және т.б.) немесе денесінің бір бөлігіндегі тіндерді келесі бір адамға ендіруді айтамыз. Медицинада органын беруші адамды донор дейді, органды қабылдаушы адамды реципиент деп атайды. Жалпы айтқанда, Қазақстан Республикасында ағза ауыстыру оталары 30 жылдан аса жасалынуда.Қазіргі таңда ағзаларды ауыстыру бойынша оталар республиканың 9 медициналық ұйымында жүргізіледі. Солардың қатарында 70 жылдан аса тарихы бар, 2011 жылы елімізде алғаш бауыр трансплантациясын қолға алған А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығын мақтанышпен айтуға болады.
Осы орталықтың жалпы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-хирург Жасұлан Баймаханов бізбен әңгіме барысында Ұлттық орталықтың заман талабына сай арта түскен бәсекеқабілеттілігі мен дәрігерлердің жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында ғылым мен техниканың қарқынды дамыған кезеңінде ағза алмастырулар сәтті орындалып жатқандығын атап өтті.
Негізінен ағза алмастыруға донор туыстық және мәйіттік донор болып екіге бөлінеді. Сонымен қатар қазіргі таңда, елімізде туыстық бауыр трансплантациясы дамуда. Өйткені қазақстандық отбасылар өз балалары немесе ағайындары үшін донор болудан аянбайды. Дәрігерлер өз тәжірибесінде туыстастық бауыр трансплантациясымен қатар ерлі-зайыптылар арасында бірінің өмірін сақтауға батылдық танытқан жандар да аз еместігін айтуда. Қазақстандағы транспланттау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі. Ағзаны ауыстыру үшін донор мен науқастың қан тобы бірдей және 70 пайыздан астам тіндер сәйкестігі болуы тиіс. Бірақ ағза берушіге қойылатын қатаң талаптар бар. «Алдымен жұқпалы аурулармен ауырмауы, дені сау болуы керек. Қажетті сараптамалардан өтіп, ағзасын ерікті әрі тегін беретінін рәсімдейді. Ота алдында донор болатын адам өз денсаулығы үшін жауапкершілікті мойнына алады, біз отаның сәтті шығуына барынша күш саламыз», – деді Жасұлан Болатбекұлы.
Елімізде адам органдарын алу және трансплантация операциялары тек мемлекеттік арнайы лицензиясы бар мекемелерде жасалады. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi №360-VI заңында адамның дене мүшесін қандай жағдайда алуға болатыны да айқындалып көрсетілген. Мәйіттік донор көзі тірі кезінде келісім беруі қажет. Ал бақилық болғандар үшін жұбайы немесе жақындары шешім қабылдайды. Бірі бүйрек, бауыр, енді бірі жүрек немесе өкпесін ауыстырып, өмірін жалғастырғысы келетіндердің арасында балалар да жеткілікті көрнеді.
Тағы бір жайт, мамандардың айтуынша, жасанды жүрек адам өмірін 5-6 жылға, ал жүректі трансплантациялау 15-20 жылға дейін ұзартады екен, науқастардың 30-40 пайызы жаңа ағзаға қол жеткізбеген күйі өмірмен қоштасады.
Көп жағдайда донорлыққа адамдардың діни наным-сенімі кедергі болып жатады. Әсіресе, мұсылмандар арасында. Бірақ дін өкілдері исламда тыйым жоқ деп отыр. Діндарлар мүше ауыстыруға қарсы емес, егер ол адам өмірін сақтап қалуға тегін берілсе дейді. Керісінше сауапты іс екен. Бірақ өлген адамның ағзалары ақша табу мақсатында жасалса, оған түбегейлі қарсы.
«Өмірден өткеннен кейін ағзаңызды беруге қалай қарайсыз?» деген сауалға төсекке таңылған мыңдаған науқас бөгде адамдардан алынған жүрек, бүйрек, бауыр және басқа да мүшелерінің арқасында ауруларынан айығып, өмірлерін жалғастыру бақытына ие болып, ел қатарлы өмір сүріп жатса, трансплантациялау ісін қолдауымыз керек, деп жауап берген сұрақ қойылған 50 адамның 35-і.
Қазір еліміз бойынша бауыр трансплантациясын қажет ететін науқастар өте көп. Оны жасауға қажетті материалдық-техникалық жағдай мен тәжірибелі мамандар да жеткілікті. Бірақ донор табу қиын.
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының психологы Айгүл Қараманова елімізде ғана емес, дамыған елдердің медициналық орталықтарында трансплантацияға мұқтаж науқастардың 95% психолог маманның көмегіне жүгінетінін айтады. Отадан кейінгі кезеңде психолог маманының кеңесінен кейін науқастардың психо-эмоционалды көңіл-күйі жақсарып, өмірге қайта оралуы, болашаққа деген сенімділігі артады, алдағы күндерге мақсат қойылып, нақты жоспар жасалады, эмоционалды тонусы жоғарылайды, әлеуметтік қарым-қатынасы қалыпты жағдайға оралады, туыстары мен достарының арасында орны ерекше жан екенін сезінеді. Пациенттер трансплантациялау алдында және трансплантация кезеңінен кейін бөлімше дәрігерлері мен психолог маманының үнемі бақылауында болатындығын атап өтті. Әсіресе, психолог маманның өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарауы, яғни науқастың өмірге деген ұмтылысына қолдау көрсету, реципиенттің емдеуші дәрігерге деген сенімділігін арттыру, ортақ тіл табысу, емдік шаралардың уақытысымен қолданылуына бағыт-бағдар беру, ота алдында және отадан кейін реципиенттің психо-эмоционалды күйінің белсенді деңгейде болуын қадағалау, оның күту, сабыр сақтау, депрессивті қалыпқа еніп кетпеуін қадағалау, әлеуметтік қарым-қатынасының қалыпты деңгейде болуын психологиялық тұрғыдан бақылау, әлеуметтік ортаға толыққанды азамат ретінде бейімделуіне үлес қосу аса қажет.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша мүше трансплантациясына зәру 2,5 мыңға жуық адам кезекте тұр. Бүгінгі күні отандық дәрігерлер жүректі, бүйректі, бауырды, асқазан асты безін, сүйек кемігін ойдағыдай ауыстырып салатын деңгейге жеткен. Елімізде жасалған 2000-нан аса трансплантацияның 85 пайызы асқынусыз өтіпті.







