Өткенді ұмытпау – болашаққа парыз

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ел болып еске алатын қастерлі күн. Бұл күн тағдыр талайында қилы-қилы заманды басынан өткеріп, мың өліп, мың тірілген қазақ халқы үшін азаттықтың ақ таңы атқан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы жылында ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген еді.
Тәуелсіз Қазақстанда алғаш қабылданған заңдардың бірі – 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңы болды. Одан кейін, Елбасының 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Биыл, міне, аталып келе жатқанына жиырма жыл болып қалған бұл күн замана көшінде небір зұлматты бастан өткерген халқымыз үшін ерекше тарихи мәнге ие. Ғасырлар бойы ақыл-ойдың күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына қалдырған ата-баба аманаты – ұланғайыр даласының етек-жеңін қырқып, өзін азшылыққа ұшыратқан кеңестендіру дәуіріндегі екі бірдей нәубет, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық пен 1930-1940 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргіннің қазақ халқына әкелген қайғы-қасіреті орасан.
Отызыншы жылдардағы Ф.И.Голощекиннің «Кіші Октябрь» ұйымдастыру жөніндегі құйтырқы саясаты нәтижесінде қолындағы малынан, қамбадағы астығынан айрылған халықтың күн көрісі қиындап кетті. Ел ішін жаппай аштық жайлады. Аштықтан, күшпен ұжымдастырып, тәркілеуден, ақ пен қызылдың ары-бері тартысынан зәрезеп болған халық босқын атанды, Қытай асты, ішкі Ресейге өтті. Шамасы жетпегені ақ сүйек болып қырылды. Ашаршылық құрбандары мұнша деп нақпа-нақ сан айтылмағанмен де, оның алдындағы кезеңде жасалған халық санағына сүйене отырып, мамандар келтірген деректерге қарағанда, 2 миллионнан астам адам аштық құрбаны болды. Бұл – сол кездегі халықтың 52-53 пайызы.
Одан кейінгі екінші нәубет – 1930-40 жылдардағы саяси қуғын-сүргін ұлтымыздың бетке шығар қаймағын сыпырып кетті, ел санасына қорқыныш пен үрейді ұялатты. Осы кезеңде халқымыздың көрнекті перзенттері, Алаш арыстары – Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Маған Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Әбілхайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров сынды қоғам қайраткерлері, ақын-жазушыларымыз, елім деп еңбек еткен қаншама асыл азаматтар жазықсыз қудаланды, атылды. Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары Қазақстанда 118 мың адам қудаланып, 25 мыңдай азамат «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді.
Кеңестер Одағында 1930 жылдан 1956 жылға дейінгі кезеңде 26 лагерь жұмыс істеген, онда 20 миллионнан астам адам қамауда ұсталды, миллиондаған өмір қиылды.
Қазақстанда 1938-1953 жылдар аралығында «АЛЖИР» – Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері жұмыс істеді. Қараңғы қазақ көгіне күн болып, елін өнер-білімі озық жұрттың қатарына көтеруді мақсат тұтқан ардақты арыстарымыздың әйелдері мен балалары осы лагерьде де азап шекті. Мұнда қамалған 20 мыңға жуық әйелдің 7 мыңнан астамы осы қапаста көз жұмды. Солардың ішінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Тұрар Рысқұлов және т.б. арыстарымыздың әйелдері де бар еді. Сондай-ақ ірі еңбекпен түзеу лагері – Карлаг жұмыс істеді, онда қамалған бір миллионнан астам тұтқын ауыл шаруашылығы мен индустриалдық өндірістегі ауыр жұмысқа жегілді.
Жаппай қуғын-сүргін бұрынғы Кеңес Одағының бірде-бір халқын айналып өткен жоқ. Осы жылдары Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері күштеп жер аударылды. Мәселен, елімізге1936-1957 жылдар аралығында 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар, жалпы алғанда ата қоныс, туған жерінен күштеп көшірілген 1,5 миллион өзге ұлт өкілдері тоталитарлық жүйенің ауыртпалығын халқымызбен бірге көтерді. Өз басындағы тауқыметке қарамастан қазақ халқы оларды жан жылуы мен қамқорлыққа бөледі. Бір түнде бәрінен айрылып, өмір мен өлім арасында күй кешкен бөгде жұрттың бауырмал қазақ халқының даласындай кең пейілі мен мол мейіріміне бөленіп, өсіп-өнген ұрпағының бүгінде елімізге деген алғысы риясыз.
Тәуелсіз еліміздің астанасында 2012 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. «Ұжымдастыру аяусыз сынақ болды, ол ауыл өмірінің ғасырлық болмысын қиратты, жеріміздегі мыңдаған жылдар бойғы көшпелі өркениеттен қол үзгізді. Мұның барлығы миллиондаған адамның көз жасына әкеп соқты. Ашаршылық және оның қайғы-қасіретке толы салдары кеңес кезеңіндегі ең ірі гуманитарлық апат боп саналады», – деген еді Елбасы халқымыздың зобалаң жылдардағы шеккен қайғы-қасіретін еске салатын осы ескерткіш-монументтің ашылу рәсімінде.
Бұрынғы атының өзінен суық ызғар, қорқыныш пен үрей есетін лагерьлердің орындарында бүгін мемориалдық кешендер жұмыс істейді. Оған барғандар осы тасқапастарда көз жұмған мыңдаған тұтқынның өміртарихымен таныса алады. Облыстарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайлары ашылуда. Өйткені, ол зұлмат шарпымаған еліміздің бірде-бір түкпірі жоқ. ХХ ғасырдағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін – дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап, атамекеннен жырақ кетуге мәжбүр болған, жазықсыз жазаланып, тарқапаста азап кешкен, қапыда мерт болған мыңдаған жанның қаны мен олардың туған-туыстарының көз жасына суарылған тарихымыздың қасіретті беттерінің бірі болып саналады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алатын 31 мамыр – исі қазақ көкірегі қарс айрылып, күрсінетін күн. Бұл бізге, тәуелсіздік, азаттық жолында құрбан болған арыстарымыздың рухына тағзым ету арқылы өткеннің ауыр сабақтарын сараптай отырып, адамзаттың бүгінгі және болашақтағы тарихында мұндай зұлматтың орын алуына жол бермеуді міндеттейді.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА







