Экология
3 мин оқу 928

БАЛ АРАСЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ

17 маусым 2015
БАЛ АРАСЫ  АЗАЙЫП БАРАДЫ

Бүгінгі әлемде экологиялық проблемалар – шешуі қиын күрделі сұрақтардың біріне айналып отыр. Азық-түлік тапшылығын сезініп отырған көптеген мемлекеттер ауыл шаруашылығын өркендете алмай отыр. Төрт түлік малды былай қойғанда, назарға көп іліге бермейтін ара шаруашылығы, әсіресе, Қазақстанда ақсап тұрғаны белгілі. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, қазіргі кезеңде жер бетінде бал араларының популяциясы сирей бастаған.

Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Биотехнология жә­не биоресурстар факультетінің ұйымдастыруымен отандық ара шаруа­шылы­ғын қорғау, қолдап-дамыту мәселелеріне арналған арнайы халықаралық та­ным­дық-экологиялық семинар-акция болып өтті.

Шараға    ҚР Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінің өкілдері, Қазақстан «Бал-Ара» ұлттық омарташылар одағының мүшелері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен ғалымдары, шетелдік ара шаруашылығы мамандары, ҚазҰАУ-дың оқытушы-ғалымдары,  магистранттар мен докторанттар студент жас­тар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында ара шаруашылығы­ның индустриалдық-инновациялық даму ба­сымдылық бағыт­тары, Қазақстан­дағы ара шаруашылығының қазіргі жағдайы, келе­шегі, ара шаруашы­лығы саласы­ның ма­ман­дарын даярлау мен біліктілігін арт­тыру мәселелері талқы­ла­нып, ғалымдар ұсы­ныс-пікірлерін ор­та­ға салды.
Аталған шара ара шаруашылығын қор­ғап, қолдауға байланысты бүкіләлемдік ак­цияға үнқосу мақсатында өткізілді. Жоғары маңызы бар бұл іс-шараға ғалымдар мен ара шаруашылығының мамандары асқан ризашылдықтарын білдірді. Олар бұл саладағы кездесіп отырған кедергілерді жоюды, оның ішіндегі балға деген тосқауыл қоюды ретке келтіруді барынша мақұлдады. Бүкіләлемдік – World Save Bee Fund қорының осыдан жарты жыл бұрын өзекті мәселе көтергенін орынды бағалады.
Араны қорғау жөніндегі Бүкіләлемдік қордың президенті Валерий Лукбановтың айтуынша, бал арасын қорғау шарасына еліміздің 270 қаласында 100 мың адам тіркелген екен. Аграрлық университетте өткен «Араны құтқарсақ – планетаны құтқарамыз!» атты акцияда оқу орнының бас ғалым хатшысы Әділхан Сәмбетбаев ҚазҰАУ ректоры Тілектес Исабайұлы Есполовтың акцияға қаты­насу­шыларға құттықтауын жеткізіп, ерекше мән беріп отырғандығын хабарлады. Оқу орны бұл бағытта ара шаруашылығына айырықша көңіл бөліп отырғандығын атап өтті.
«Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағы мамандарының пікірінше, кезінде Қазақстан бал өндіру жөнінде Ресей, Украина, Белоруссиядан кейінгі төртінші орында еді. 1991 жылға дейін еліміз балды Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, Германияға және Еуропа мемлекеттеріне 50 мың тоннаға дейін эскпортқа шығарған. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл сала біршама құлдырауға ұшырады. Меніңше, Қазақстанның теориялық және тәжірибелік жағынан тонналап бал өндіруге қауқары жетеді. Қазақстан – омарташылықтың Орал тауы бөктеріндегі отаны. Дүниежүзіне балды сыртқы саудаға шығарушы ең ірі ел болуына барлық жағдай бар. Біздің алға қойған мақсатымыз – алдағы уақытта Қазақстан бал өндіретін 10 ірі елдің қатарына кіріп, дүниежүзіндегі бал өндіруші елдердің көшбасшысылары санатына ену. Бұл ретте Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағымен бірлесіп айтулы ғылыми бастамаларды жетілдіре бермек.
Шараға қатысушылар ара шаруашы­лығы өнімдерінің көрмесімен танысып, түрлі сапалы бал сорттарының дәмін татып көріп, лайықты бағасын берді. 

Алмат Исәділ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

БАЛ АРАСЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ · Мұрағат