Әдебиет әлемі
9 мин оқу 1,871

Шәкерім – Абай көшінің алтын шынжырын жалғаушы

19 тамыз 2025
Шәкерім – Абай көшінің алтын шынжырын жалғаушы

Табиғатта бұл өмірде дара таланттарды үйіп-төгіп сыйлай бермейді, некен-саяқ береді. Сол таланттар дүниеден алда қашан өтсе де бәйгіден жалғыз озған Құлагердей ауыздығын шайнап, жарыс көмбесінен дара көрінген бейнесі көз алдыңа дәл қазіргідей елестесе, жер жүрегін дүрсілдеткен тұяқтарының  дүбірі күні бүгінге дейін ел құлағында сан мәрте жаңғырып, қайталанып, естіліп жатады. Сол нағыз дүлдүл ардагерлеріміздің қайсар рухы үлкен ақыл парасаттан, халыққа деген адал еңбегінен, тура адамдық жолға түскен кемелділігі мен кемеңгерліктің қасиетінен келген. Қазақ халқынан шыққан дара тұлғалардың бірі Сұлганмахмұт Торайғыров:
Ел үшін енбек етсең халқың сүймек,
Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,
– деп айтқан аталық ақылы сирек кездесетін дарын иелерін тасқа басқан таңбадай тарих бетінде қалатынын аңғартса керек. Өмірге келген барлық жан иесі есейіп – ер жетеді, қартаяды, өледі. Дүниеде мың жасаған пенде болған емес. Нағыз мың жасайтындар халық жүрегінде терең тамыр тартып, ұрпақтан-ұрпаққа есімі аңызға айналып, атақ-даңқы әлемге аспандап, бір ауыл, бір аймақ, бір елге, бір мемлекет емес, күллі адамзатқа ортақ рухани мұра қалдырған санаулы өнер әлемінін жарык жұлдыздары ғана десек, тарих алдындағы шындықты бұрмаламай-ақ сөйлеген боламыз. Уақыт атты әділ төрешінің сынынан өткен шын тарих деген міне осы.

Жаратушы ием Шыңғыстауына Абай Кұнанбайұлы, Шәкерім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды үш алыпты жомарттықпен қатар сыйлапты. Бұл жай ғана айтылған сөз, шынын айтсақ, қазақ халқының мандайына үш заңғар тауды тарту етіпті. Бұл үш алып бүгінгі күні әлденеше елдің шекарасын аттап, сан миллион адамдардың жүрегінен шығармалары жол тапқан, өнер әлеміндегі өлмес тарихи тұлғаларға айналды. Сол үш алыптың бірі халықтың дана перзенті, ақын, жазушы, аудармашы, шежіреші, философ Шәкерім Құдайбердіұлы.

Шәкерім Кұдайбердіұлы 1858 жылы Шыңғыстауында дүниеге келген, ата-тегі қазақтың Орта жүзіне жататын Арғын елінің Тобықты руынан. Әкесінен 6 жасында айырылған ол Құнанбай, Абай қолында қалып ешқандай жетімдік тартпады. Шәкерімнің атасы Кұнанбай сол тұста қазақтың үш жүзінің аты әйгілі, байлық пен мансап тең дарып, қызыр қонған, ел-жұрт алдында абырой, беделі жоғары, ел тізгінін ұстаған, тасы өрге домалаған аға сұлтан еді. Бардам атаның дәулетінде тарықпай өскен Шәкерімнің өнер үйренуге жаратылған шарт-жадайы толық болса, сөз асылы бойына ұйыған, шешен тілді атасы Құнанбай мен қаламынан інжу-маржан сөздер төгілген, ақыл-парасатқа бай Абайдың оған ықпалы өте күшті болган. Әсіресе ол Абайға еліктеп өлең жазды, жазған-сызғандарын Абайға көрсетіп ақыл-кеңес сұрап, ұстаздық тәрбиесін алып отырды. Шәкерім әкесі қайтыс болған жылдары бір жұлдыз құртты мыжып өлтіреді. Артынан неге өлтірдім деп ойлап қалады да, іле-шала жұлдыз құрт болып сөйлеп, өзіне арнап мынандай наразылық өлең шығарыпты:
«Өлтірдің онан таптың қандай пайда,
Өмip cүpiп жүpушi eдім жазда сайда.
Жетімдіктіц қандайын көзің көрді,
Кешегі тірі жүрген әкең кайда?!»

Алғыр да зерек, 7 жасқа енді ғана шыққан ойын баласының, алғашқы осы бір шумақ өлеңі ауылдың шал-кемпірлерінің иегін кемсеңдетіп, көзіне жас алдырса, шешесінің «Тіл, көз тиеді» дегеніне бой бермей, Абайдын қолдауында өнер жолына бет түзеді. Осылайша бақ дарып, қызыр қонған Құнанбай, Абай өкілдік еткен гұламалардың үздік ұрпағы Шәкерімнің атақ-даңқы алыс-жақынға жайыла бастады.

  Құнанбай өз ауылының балаларына, жастарына тәлім-тәрбие беріп, үлгі көрсетіп ғана қоймай өз тұсындағы қазақтарға өнеге бола білген, шешен тілді, өз дәуірінің озық ойлы арысы еді. Құнанбайдың жақсы тәрбиесінің шапағаты Абайға да, Шәкерімге де көп тиді, өзінен даңқын асырып, Абай Шәкерім сынды қос арысты дүниеге танытты. Олар Құнанбай ауылының мақтанышы ғана емес, дүние қазағынын ортақ мақтанышына айналып отыр.

«Ақыл – ауысады, ырыс – жұғысады» дегендей Шәкерім Абай жырларынан үлгі-өнеге алып, құлашын өнер әлеміне кең жайды. Абай оның өміріндегі ең жақын жанашыр адамы, өнер әлеміндегі зерделі ұстазы, мықты тәрбиешісі бола білді. Шәкерім өзіне Абайдың тәлім беріп, ұстаздық ету барысын былай әнгімелейді: «Ибраһим мырза мұсылманша, орысша ғылымға жүйрік һәм Тәңірдің берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі болды, ер жеткен соң сол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітаптардан оқып, насихатын тыңдап аз ғана ғылымның сәулесін сезіндім. Ибраһимнің тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі аз білінді, олай болмағанда данышпан, гұлама, философ кісі еді» (Шәкерім шежіресінен). Шәкерім 20 жасында Шыңғыстауының болысы болып сайланып, ел тізгінін ұстайды, екі рет болыс болып сайланғаннан кейін біржолата мансабынан бас тартып, әдеби жасампаздыққа мықтап ден кояды. Ғұлама ғалымның өмір жолы күрделі де бұралаң. Ол жасаған қоғамдық ортадағы түрлі жіктер арасындағы қайшылықтар барған сайын ушыға тусіп, өнер жолындағы бақталастары етек-жеңінен кейін карай тартса, Оспан, Шәке, Мағауия, Ақылбай, Абайлардың арт-артынан өмірден аттануы Шәкерімге оңай болған жоқ, қайғы жұтып, ет-жүрегі езіліп жараланды. Шәкерім осыдан кейін өзінің ұзақтан аңсап келген арманын іске асыру үшін Қажыға барудың дайындығын көреді. Атасы Құнанбай Қажыға барған, ислам дін жолын куған пәк адам еді. Шәкерім Құдайбердіұлы өзінің жазған бір естелігінде «Атам Құнанбай 1874 жылы Қажыға барғанда Меккеде қазақ қажылары түсетін бір «Такия» яғни қонақүй сатып алып еді. Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай Қажыға барғанда «Taкияны» көрдім дейді. Шәкерім Қажыға бару сапарында араб елдерінің озық мәдениеті мен әдебиетінен мол білім алып кайтады. Ол өмірінің соңғы мезгілінде он неше жыл елден оңашаланып, тау басындағы тұрағында тынымсыз ізденіс жолына түседі. Өзінің жасаған қоғамдық ортасына көңілі тоймаған ақын:
Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды бәрін татып,
Жалғанды кимайтұғын жерің кайсы?
– деп кейістік білдіреді.

Қаламгер ілгерінді-кейінді мол дүние жазып жариялады. Мысалы, «Мұсылмандық», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ұлтшылдық туралы», «Шынбақ», 
«Нартайлақ-Айсұлу», «Әділ-Мария» т.б. алуан жанрда жазған шығармалары мен шетелдік әдебиет алыптарынан Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн», Пушкиннің «Боран» поэмасын т.б. қазақшаға аударған. Осыған қарағанда Шәкерім Құдайбердіұлының Шығыстың алыптары мен Еуропа, орыс әдебистінен де мол хабары бар. Көптеген шет тілдеріне жүйрік, білім иесі екенін аңғаруға болады. Ол А.С.Пушкиннің «Дубровский» поэмасын қазақ тіліне жатық аударған ақын. Таза қазақы тілмен өз оқырмандарының көкейіне былай қондырады:
Өлшеусіз көп жасаған дүние кәрі,
Тағы талай жасамақ мұнан да ары.
Иесінен басқаға мәлім емес,
Қанша тұрмақ каншама тұрғандары.

Ғұлама ғалымның жазған естелігінде: «30 жас шамасында бір айдай тілім байланып, сөйлей алмай қалдым. Осы кезде 7 жастан бастап жазған өлеңдерімді өртеп жібердім, артынан Абай ұрысты, өзім де өкіндім»,  – дейді. Осыған қарағанда ширек ғасырдан астам уақыт жазған шығармалары сақталмаған көрінеді, Абай мен Шәкерімнің өмір жолы қым-қуыт қайшылыққа толы болды. Құнанбай ұрпақтарынан шыққан қос арыстың өнер сабақтастығына  зер салар болсақ Шәкерімнің таланты Абайдан кем болмады. Абай бармаған жерлерге барды, Абай араламаған елдерді аралады. 1958 жылы кеңес одағының Жоғарғы прокуратурасы Шәкерімді саяси қылмысы жоқ деп танығаннан кейін түбегейлі ақталып, оның шығармаларының басына үйірілген тұман тез айығып, ғұлама ғалымды зерттеудің алтын дәуірі кайта басталды.

Шәкерім мұралары аумалы-төкпелі заманды басынан кешіріп, Қазақстаннан екі рет ауған Қытай қазақтарына ауызша немесе қолжазба күйінде кең таралған. 1916 жылғы Ақ патшанын «25 маусым» жарлығы бүкіл қазақ даласын дүрліктіріп, бейкүнә елді қанды-қырғынға ұшыратып, соңы үркінге жалғасқаны бәрімізге аян. Дәл осы жылдары ғұлама ғалым оңаша қалып, ел тағдыры, жер тағдыры туралы шығармалар жазды. Әсіресе Шәкерімнің кенже ұлы Зият ел тағдыры қиын болған жағдайда бірнеше адаммен бірге, 1931 жылдың соңына ала Тарбағатай арқылы Қытай жеріне жан сауғалап өтеді. Сол тұста Абай, Шәкерім ұрпақтарының тағдыры ғана емес, босқын болған қазақ халқының ұрпақтарының тағдыры осылай еді. Жыр дүлдүлі, семсер тілді ақын Көдек Байшығанұлы Маралбаев 1928-1932 жылдары аралығында босқын болған ел басына түскен ауыр күндерді суреттеп мынандай жыр жазған екен:
Бос жерде бейқұт өскен қазағым-ай,
Ашыған қымыз емес, саумал едің,
Біреуді біреуге әкеп ұрындырған,
Дүние қандай түлкі аумалы едің.
Ет пенен сүт салығынан шошынған жұрт,
Қарасу кешіп жерден алған едің.
Жазықсыз халық жауы аталған соң,
Мекенін тастап қашып, аумағы елдің...
Білмеймін халы калай болып жатыр,
Паналап Қытай жаққа барған елім.

Міне бұл шумақ өлеңдер кеңес өкіметі тұсындағы «Шаш ал десе бас алатын» солақай саясаттың салдарынан тоз-тозы шығып, телім-телім болған ел тағдырының шынайы көрінісі еді. Зият Шәкерімұлы әне сондай босқын болған, тағдыры тар кезеңге тап болған, елі мен мекенінен айырылған зиялы азаматтардың бірі еді. Шәкерімұлы Зият Қытайға келгеннен кейін, өзі ала келген әкесінің шығармаларын Тарбағатай, Алтай өңіріне кеңінен таратты. Зият алғаш Тарбағатайға келгеннен кейін, біраз уақыт Шәуешекте тұрып, онан кейін Алтай аймақтық Дутың мекемесінің (Аймақтық әкімшілік мекемесі) мәдени қызметкері әрі мектептерде сырттай окытушы болды. Оның қайын атасы Сейітқазы Нұртаев 1935 жылы Үрімжіге «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының» орынбасар басшысы болып барғаннан кейін, көп өтпей Зиятты өзі тұрған ұйымға қызметкер етіп алады. Арада 2-3 жыл өткеннен соң жауыз Шыңсысай үкіметі жағынан қолға алынады. Әйгілі ғалым, жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов ағамыз «Іле газетінің» 2007 жылғы 31 қазан күнгі санында «Шынжаңда Абай ұрпағы бар ма?» деген жұрт назарын аударған тамаша мақаласын жариялаған еді. Бұл мақалада «Зият Шәкерімұлы 1903 жылы туылған екен. Шәкерімнің Зияты басына күн туғанын сезе сала 1931 жылы Қытайға қашып келеді. Мұнда келген соң ақындық, жазушылық жұмысын жалғастыра береді. Зият бұл елде бұқпаланып өмір сүруге шыдамаған ұлтжанды қайраткер. Ұрпақ сүйгіш ағартушы екен. Ол 1934 жылы Алтай ағарту бөлімінде, 1935 жылы Үрімжідегі қазақ-қырғыз мәдениет ұйымының ойын-сауық бөлімінде (меңгеруші) болып, «Шынжаң» газетінің қазақ редакциясының әдебиет бөлімінде (басшы болып) істейді. Жәкенің Мұқашымен бірлесіп аудармашылық істейді. Таңжарық ақынмен сырлас дос болады. Өз туындысы «Любай Күрдайды» сахнаға қойғызып, өзге («Қаракөз», «Шұға» т.б.) шығармалардың сахнаға шығуына себепкер болады. Aмал не? Xaлық басына зобалаң орнаған жылдары (1937) Шыңсысай ұстаған зиялылар қатарында тұтқындалып, кеңес өкіметіне тапсырылады да, Сібірге айдалып, ауыр азаппен өлтірілді» деген құнды дерек қалдырады. Зият Шәкерімұлы өз басынан ауыр күндерді кешіре отырып, зұлым үкіметтің саясатынан сескенбей, әкесі Шәкерімнің шығармаларын Қытай қазақтарына ең алғаш кеңінен таныстырады, әрі таратты. Нақтылап айтқанда ол қазақ халқының маңдайына біткен біртуар ғұлама ғалымның мұраларын туған халқына аман-есен жеткізген ұлтжанды қоғам қайраткері. Шәкерімнің Қытай қазақтарына тараған шоқтығы биік еңбектерінің бірі «Ататек» туралы жазылған шежірелі шығармасы. Бұл еңбегі 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген атпен Қазанда басылған. Бұл көркем шежірелік шығармасы қолжазба арқылы бірден-бірге тарап, бір ғасырға жуық уақыт шежіреқұмар халқымыздың сусынын қандырды. 
Ұлы Абайдан кейінгі таңдаулы ғұлама ғалым Шәкерім қажы өзі жазған шежіресінде туған халқына ата-тегін білу туралы мынандай сөзін сыйлапты.
...Елім-ау неге ерініп тек жатасың?
Ғылымға бір кіріссең дәм татасың.
Қалжың емес һам үшін жаздым мұны
Білсін деп кейінгілер түп атасын..

Халқымыздың рухани байлыгын дамыту жолында уақыт атты тарих сынағынан сүрінбей өтіп, өнер ізденісі арқылы қалыптасқан Шәкерім өлеңі – кез келген керім қолдан келе бермейтін өнер шыңы. Сол себепті ұлы М.Әуезовтың «Шығыс әдебиетінде сол кезде Шәкерімдей жүйрік адам көргенім жоқ», – деп таңдай қағуы тегін емес. Шәкерім Абай көшінің алтын шынжырын жалғаушы, бүгінгі ұрпақтарға ғана емес, болашақ ұрпақтарға үлгі болып, сабақ беретін ғұлама ұстаз.

Нұрлан  СӘРСЕНБАЕВ
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

«Үркер» журналы, №8

Тамыз, 2025

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Шәкерім – Абай көшінің алтын шынжырын жалғаушы · Мұрағат