БАЛ АРАСЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ

Бүгінгі әлемде экологиялық проблемалар – шешуі қиын күрделі сұрақтардың біріне айналып отыр. Азық-түлік тапшылығын сезініп отырған көптеген мемлекеттер ауыл шаруашылығын өркендете алмай отыр. Төрт түлік малды былай қойғанда, назарға көп іліге бермейтін ара шаруашылығы, әсіресе, Қазақстанда ақсап тұрғаны белгілі. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, қазіргі кезеңде жер бетінде бал араларының популяциясы сирей бастаған.
Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Биотехнология және биоресурстар факультетінің ұйымдастыруымен отандық ара шаруашылығын қорғау, қолдап-дамыту мәселелеріне арналған арнайы халықаралық танымдық-экологиялық семинар-акция болып өтті.
Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Қазақстан «Бал-Ара» ұлттық омарташылар одағының мүшелері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен ғалымдары, шетелдік ара шаруашылығы мамандары, ҚазҰАУ-дың оқытушы-ғалымдары, магистранттар мен докторанттар студент жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында ара шаруашылығының индустриалдық-инновациялық даму басымдылық бағыттары, Қазақстандағы ара шаруашылығының қазіргі жағдайы, келешегі, ара шаруашылығы саласының мамандарын даярлау мен біліктілігін арттыру мәселелері талқыланып, ғалымдар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Аталған шара ара шаруашылығын қорғап, қолдауға байланысты бүкіләлемдік акцияға үнқосу мақсатында өткізілді. Жоғары маңызы бар бұл іс-шараға ғалымдар мен ара шаруашылығының мамандары асқан ризашылдықтарын білдірді. Олар бұл саладағы кездесіп отырған кедергілерді жоюды, оның ішіндегі балға деген тосқауыл қоюды ретке келтіруді барынша мақұлдады. Бүкіләлемдік – World Save Bee Fund қорының осыдан жарты жыл бұрын өзекті мәселе көтергенін орынды бағалады.
Араны қорғау жөніндегі Бүкіләлемдік қордың президенті Валерий Лукбановтың айтуынша, бал арасын қорғау шарасына еліміздің 270 қаласында 100 мың адам тіркелген екен. Аграрлық университетте өткен «Араны құтқарсақ – планетаны құтқарамыз!» атты акцияда оқу орнының бас ғалым хатшысы Әділхан Сәмбетбаев ҚазҰАУ ректоры Тілектес Исабайұлы Есполовтың акцияға қатынасушыларға құттықтауын жеткізіп, ерекше мән беріп отырғандығын хабарлады. Оқу орны бұл бағытта ара шаруашылығына айырықша көңіл бөліп отырғандығын атап өтті.
«Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағы мамандарының пікірінше, кезінде Қазақстан бал өндіру жөнінде Ресей, Украина, Белоруссиядан кейінгі төртінші орында еді. 1991 жылға дейін еліміз балды Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, Германияға және Еуропа мемлекеттеріне 50 мың тоннаға дейін эскпортқа шығарған. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл сала біршама құлдырауға ұшырады. Меніңше, Қазақстанның теориялық және тәжірибелік жағынан тонналап бал өндіруге қауқары жетеді. Қазақстан – омарташылықтың Орал тауы бөктеріндегі отаны. Дүниежүзіне балды сыртқы саудаға шығарушы ең ірі ел болуына барлық жағдай бар. Біздің алға қойған мақсатымыз – алдағы уақытта Қазақстан бал өндіретін 10 ірі елдің қатарына кіріп, дүниежүзіндегі бал өндіруші елдердің көшбасшысылары санатына ену. Бұл ретте Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағымен бірлесіп айтулы ғылыми бастамаларды жетілдіре бермек.
Шараға қатысушылар ара шаруашылығы өнімдерінің көрмесімен танысып, түрлі сапалы бал сорттарының дәмін татып көріп, лайықты бағасын берді.
Алмат Исәділ







