Әдебиет әлемі
4 мин оқу 5,622

Гүбақыт ҚАСЕН:Ғашық ем жазға, жасылға, сағыныш неге сарғайды?

19 қыркүйек 2025
Гүбақыт ҚАСЕН:Ғашық ем жазға, жасылға, сағыныш неге сарғайды?

1975 жылғы 18 тамызда дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының, «Жанр» әдеби клубының мүшесі. «Алуа», «Бақыт гүлі», «Құсқанаты», «Жүрегімнің хаттары», «Баркөрнеу» жыр жинақтарының авторы. «Күн дегенім – дәу жұлдыз» атты балаларға арналған суретті кітабы, «Күнтұмар-Айтұмар» (қырғыз тілінде), «Бақыт гүлі» (түрік-қазақ тілінде) аударма жинақтары жарық көрген.

Жас мөлдірер көне иненің көзінен...

Бір қуаныш,

бір жақсылық,

бір бақтан

дәмелі едім, кезек-кезек ұрлатқам...

Көңілімді құрақ құрап жұбатып,

Сұлулықпен жанарымды құрғатқам.

 

Көңіл-құрақ, өмір-құрақ үндеме,

Жылап қалсам, сен «өтірік күл» деме,

жасырады ел... кім оранып жүр дейсің,

үлде менен бүлдеге.

 

Түрлі түсті: сары, қызыл, жасылды,

Құрағымның өңі бүгін ашылды.

Мені қойшы...

өтіріктер құрайды

жылдар тұрмақ, кейде тұтас ғасырды...

 

Жас мөлдірер көне иненің көзінен...

Құрақ-дүние-ай, сені ойлап көз ілгем.

Тағдырымның құрайыншы құрағын,

Аппақ түсті махаббат пен сезімнен.

 

***

Жарысады жүйрік жылдар тағалы,

Сынаптайын сырғып уақыт тамады.

Минуттардан кім үндсіздік іздеді?

Секундтардан кім тыныштық табады?

 

Жалған дүние берген дейсің кімге ерік,

Күн артынан аялдамас түн еріп,

Жалғыз аспан жәудірейі жанары,

Бұртиған бұлт жауа алмай тұр түнеріп.

 

Шатыр-шұтыр ойнамайды жасын да,

Жынды дауыл баяғыда басылған...

Уысына сыймай бір күн төгілер,

Бақыт нұры ұлы уақыт жасырған.

 

«Сапарың бар болмайтын кешігуге»...

Қазақтың ардақты ақыны Бақыт Беделханға

 

Сен де – Бақыт, құрдасым, мен де – Бақыт,

Сыр айта ма келген жас, келген уақыт?

Қарадала қыраны өзің едің,

Томағалы жырларың – елге жақұт.

 

Қарт Іленің оң жағы – саған мекен,

Қарт Іленің сол жағы – маған мекен.

Қазағыма өр рухты ұл сыйлаған,

Айналайын қалың жұрт аман ба екен?

 

Бақ. Құт. Ырыс-несібе – өлең кенің,

Биіктікті, ақыным, сенен көрдім.

Қара өлең болмаса қасиетті,

Қарадала болмаса келер ме едім?

 

Сендей жүрек кімде бар, кенен ақын?

Тегі мықты бекзатым елге жақын.

Таудан аққан бұлақтай кәусар жырың,

Құснихаттай Тәңірден келген хатың.

 

Сезім - сәуле, ой - жүйрік, көңіл - дөнен,

Тасымаған сәтің жоқ төгілмеген.

«Сапарың бар болмайтын кешігуге»...

Жолың болсын!

Жарқ етер өмір деген...

 

***

Қарашығым,

қарашығым тұнған сәтте арманға,

Мөлдіреген...

бір тал тамшы тамғанда,

Махаббат пен мейірімге бас ұрам,

Өтетұғын мына бес күн жалғанда...

 

Батырды ойға жұпар жаңбыр төпелеп,

Біле алмадым қу жаныма не керек?..

Түні бойы көз ілмеді бір Өлең,

Әлсіз ғана қанат қақты көбелек.

 

Дәркер көңіл,

ақ найзаңды қадама,

Ғазиз жүрек жоғын іздеп таба ма?..

Мың ғанибет, мың ғанибет, ғұмырым,

Бағым үшін және биік ар үшін

бәрі, жаным, бәрі-бәрі садаға...

 

***

Мен неге мінсіз болуым керек,

қателеспеуім керек неге мен?..

пенделігім ғой, періште емен,

кешірер дегем...

таразы-тағдыр сынайды ерек,

сыбаға дайын берерге...

өтінем, мені жазғырмаңдаршы,

сүрініп кетсем егер де...

 

***

Тұмауратқан таулар ма, әлде, өзім бе?

Жасаураған аспан ба, әлде, көзім бе?

Буырқанған сағыныш па, сезім бе?

Жан дауасын мына әлем мен жүректің

Қайдан іздеп тапсам екен?..

Сен айтшы...

 

***

Тамырсыз-ақ өсіп-өнген гүл сынды,

Алақаннан сусып түскен құм сынды,

Мың жеңілген жалған менен шын сынды,

Бір алдамшы үміт бар-ды аяулы...

мейіріммен ұмсынды...

 

Кірпігіме ілінетін нұр сынды,

Жанарыма ұялаған мұң сынды,

Үлбіреген нәзік бұлбұл үн сынды,

Бір әдемі әуен бар-ды аяулы...

мейіріммен ұмсынды...

 

****

Ұшпайтын жерлерден ұшып,

Қонбайтын жерлерге қонар.

Бармайтын сапарға барып,

Келмейтін сапардан келер

мендегі ойлар...

 

****

Түрлі түсті бояулар,

Қандай әсем ансамбль?..

Әрбір түстің тілі бар,

Ғажап қандай? Тамсандым.

 

Жасыл түсте өмір бар,

Жапырақтың сезімі.

Қызыл түсте жүрек бар,

Махаббаттың өз үні.

 

Сағыныш па сары түс?

Ғашықтардың жанары.

Төңкерілген көк аспан

Мұңайма деп қарады.

 

Бір қоңырқай күй кешер

Қараша үйдің жандары,

Боялардың жаны бар...

Қандай түсті таңдадың?

 

***

Жапырақ-жүрек, тілсіз мұң,

Үзілдің, неге құладың?

Кереңмін, мен де үнсізбін...

Жаудырар тағдыр сұрағын.

 

Ғашық ем жазға, жасылға,

Сағыныш неге сарғайды?

Сырыңды менен жасырма,

Күз кейде бізді алдайды...

 

***

Қызыл түс пе?..

Мүмкін, бәрі жап-жасыл,

«Ақпын», – дейді ашуланып паң ғасыр.

Жапырақтың ойы, жаны, түсі бар,

Тәңір өзі шебер зерлер таңбасын.

 

Өмір – тақта...

қара басым, ақ басым,

Неге мұнда бұрдым екен ат басын?

Бір құдірет жол көрсетер түбінде,

Жүрегімнің ашып берер қақпасын...

 

****

Таусылмайтын, бітпейтін бұл тірліктен

Опа берер қайырымды кім күткен?

Жапан түзде жыр жастанған ақынды

Ай сығалап жұбатады түндіктен.

 

Заман тозған, адамы азған, арыған,

Табылататын жақын бар ма жаныңнан?

Жеңілген бе? Ақыл неге азайған?

Жақсылар да жүрісінен жаңылған.

 

Ақын үнсіз...

Айып па мін таға алған?

Тірліктің кім құпиясын таба алған?

Табиғат та томсарады ақынмен

жаны егіз жаралған...

 

****

Өмірдің дауылдарынан,

бұрқасын, жауындарынан,

қызыл өрт, жалындарынан,

қорықпай алып шығатын

шынайы дос қана.

 

Тағдырдың сан сұрақтары,

жанымның жапырақтары

жұлынса қалтырап бәрі,

жүрекпен үнсіз ұғатын

шынайы дос қана.

 

Заңғарлар таласа алған ба?

биіктер аласарғанда,

жақының жара салғанда,

қасыңнан табылатұғын

шынайы дос қана.

 

Қоңырау талай қағылар,

сағыныш сарайларынан,

бақыттың арай бағынан,

жарқырап күліп шығатын

шынайы дос қана.

 

Адассам кейде шындықтан,

Өлеңім – досым, сырды ұққан,

бәріне уақыт – төреші,

бұл тағдыр кімді аяп...

кімді ұққан...

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз