«Үт» амалы мен «Отамалы» туралы қызықты деректер

Үт амалын қаңтар айының 20-25-теріне тура келеді деуімізге болады. Қазақ әдетте «үт» деп тозаңды, ұшқынды айтады. Әзербайжандардың «уд» деп «жұт, жұту» сөзін айтатынына келсек, «үт» деген сөзіміздің оңай жұтылатын ұсақ затқа да қатысы барын байқаймыз. Қазақ киіз үйдің жабығынан түскен сәуледе қалың тозаң ойнаса, соны «недеген көп үт ойнап тұр» деп айтады. Үт бұл – ұрықты білдіреді. Қазақтың «Үт кірді – Құт кірді» дейтіні де, Дари күнтізбесіне Үт амалының «Хұт айы» деген атпен енуі де оның «құт» деген ерекше мағынасын ашуға жетелейді. Хакастарда «Узюрген» деген амал атауы сақталған. Мұны қаңтар айының келесі бір аты ретінде де қолданады. Узюрген айында Сібірдің суығына үйренген шомбал балық Зайсан, Ертіс, Үбі алаптарында өз уылдырығын шашады. Сондықтан, бұл амал «Шомбалдың үт шашары» деп те аталады. Міне, олар бұл айдың сипатын балықтың уылдырық шашуымен байланыстырса, біз «үт» деген сөздің ұрық деген мағына беретінін біліп аламыз. Онсыз да ұсақ ұшқынды «үт» деуіміз міне осындай уылдырықты білдірмей ме? Қазақтың өте кішкентай нәрсеге қаратып айтатын «құттай (құйттай)» деп айтатын сөзі осы құтқа (үтке) қаратылып отыр. Әзербайжан тіліндегі жұт, жұтуға қаратылатын «уд» сөзі де осындай оңай жұтылатын уылдырықты көрсетіп отыр. Үттің (ұрықтың) құт, тұқым деген екінші мағынасын қазақтың «Үт кірді – Құт кірді» деген сөзі айқындап-ақ тұр. Біз атаған шомбал балықты хакастар «шамбы балық» деп атаса, ғылыми тілде бұл балық бурбот, налим деген атаулармен алынып жүр. Ұзындығы 1 метрден еркін асатын балық. Қаңтар айы – шомбал балықтың уылдырық шашатын айы. Әсіресе, қаңтар айының 20-25 күндері шомбал балықтың үттерін шашуы шыңына шығатын күндері.
Үлкен Отамалы мен Кіші Отамалы
Отамалы – Наурыз айының 10-15 күндері өтетін амал болса да, бірсыпыра жерлерде мұны сәуір айының 10-15 тері болатын амал деп түсіну бар. Біз мұны Үлкен Отамалы, Кіші Отамалы деп түсіндіреміз. Отамалы атауы «От» деген амал атауына «амал» сөзі қосылып «Отамалы» болып тұр. Бұл амалдың атын жеке түрде «От» деп алмай, «Отамалы» деп атаудың себебі мұның атын жұрттың «Үт» амалының атымен шатастырып алмауы үшін жасалған амал болатын.
Үндістандағы телегу, канада халықтары-ның күнтізбесінде де сәуір айының басқы кезеңдері жылдың басталуы ретінде, бұл кездегі «От» деген амал атауын олар «угади» деген атпен тойлайды. Үт атауының Дари күнтізбесінде «хұт» деп алынғанындай, Үндістандағы марати, конкани қауымдары Кіші Отамалы кезеңінде жаңа жылдың басталуы ретінде «гуди» тойын тойлайды. «От» сөзі халқымыздың тілінде шөптің енді бір атауы ретінде де алынатындықтан, Кіші Отамалы – шөптің қаулай өсуінің басы саналады. Сонымен бірге, мінер атты өзбектердің барынша ескіше нұсқамен «от» деп айтатынындай, «От» амалы кезеңі жабайы аттың, яғни керқұланның құлындау уақытының алды. Құбының керқұландары сәуір айының басындағы «Кіші Отамалыда» үйірге түсіп, наурыз айындағы осы амалдан кейін құлындайды. Бұл арада «Үлкен Отамалы» – «Ат амалы» деген ұғымды да беріп отыр.
Кіші Отамалы амалы мен «Тасбақаның дауылы» деп аталатын амал – бір амал. Сәуірдің осы күндері қысқы ұйқыдан тұрған тасбақалар інінен аузына шөп тістеп шығады. Мұны «Тасбақаның шөбі» деседі. Әбіш Кекілбайұлының осымен аттас бір әңгімесі бар. Шөп дегеніміздің «от» деп аталатынын айттық. Тасбақа отын аузына тістеп шыққан кезде тұратын дауылды күндердің Кіші Отамалымен бір болатыны содан. Осыған байланысты тасбақаның «от» деп аталатын екінші аты болғанын да аңғару қиын емес. Тіпті, тасбақаның «қауым» деген үшінші атауын да таба аламыз. Бұл қалай дейсіз бе?
Алтайдағы төрт төбе бидің бірі болған Мәми Жұртбайұлы жазып қалдырған шежіре бойынша Керей руының арғы тегі Сеп, Шеп қатарлы тайпалардан басталады. «Жиннама» -ның 125 томының 25 тарауында Шеп тайпасы ең ардақтаған көсемнің аты Қоғам деп аталады да, ал оның атағы Тоо-От бек деп аталатын. Тоо - дегеніміз қырғыздар дыбыстап жүргендей тауды білдірсе, От – дегені тасбақаны білдірмек. Сонда таудай тасбақаның аты оған неге берілді?
Шеп руының көші келе жатып Дайын тауында төбедей алып тасбақаға жолығады. Бұның жақсы нышан, әлде жамандық екенін біле алмаған олар құрбандық шалып жақсы нышан болса жолдары ашылып, жамандық болса жолдарының бөгелетініне сенеді. Құрбандық шалған соң алып тасбақа жоғалып, оның орнында бір сәби жатады. Мұны бір ақсақал асырап алып оған «тәуелділік, қауымдастық» деген мағына беретін «Қоғам» есімін қояды. Қоғам өте алып болып ержетіп оның ауыр садағының өзі 500 пұт (250 кг) болған. Оны Септің төрт руы бек етіп сайлап, ол осыдан кейін «Тоо-От бек» деп аталады. Бұл атақ адамға да, жаратушы күшіне де жатпайтын тасбақалық атау. Біздің қазақ ішіндегі Дүт, Дүтбай, Дат деген есімдердің түбі осыдан келеді. Тасбақа киелі батырдың Қоғам деп аталуы, осы қоғам сөзінің ықшамдалуынан шыққан қауым сөзі мен қауын сөзі біреуі дөңгеленген жерлеу қорымын білдірсе, бірі домаланған жемісті білдіреді. Тасбақаның домаланған бейнесі мен дөңгеленген төбелі сауытының өзара ұқсастығы да осы жерде. Тасбақа сауытындағы көзілдірік ернеуіне істетілетін дөңгелектердің «өт (дөңгелек тесіктен өту)», «ат (дөңгелек нысананы ату)» деген тесіп өтілетін ерекшелігіне сай шыққан сөздерді тудырғаны, оның «от» деген аты болғаны барған сайын бір түйінге келіп түймеленіп тоқтайды. Тасбақаның інінен аузына от (шөп) тістеп шыққан күндерінде орын алатын «от амалы» амалының тасбақаның атауымен, өмірімен тығыз қатыстылығын анықтай түсетін бір дерек осы болатын.
Түйіндей келе, үт амалының – ұрық амалы, шомбал балықтың уылдырық шашатын кезіне тура келген амал атауы екенін, Үлкен Отамалының – ат амалы, жабайы жылқының құлындау уақытына қаратылған амал екенін, Кіші Отамалының тасбақалардың қысқы ұйқыдан шыққан уақытында орын алатын боранды кездер мен жабайы жылқының (керқұланның) айғырларының үйірге түсу кезіне қаратылған амал аты екенін ұғынамыз.
ҚЫРҚАЯҚ АМАЛЫ МЕН ҚЫРКҮЙЕК АМАЛЫНЫҢ, ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНЫҢ АЙЫРМАСЫ
Қырқаяқ амалы – қаңтар айының 10-15-терінде орын алатын амал атауы. Қазақтың дәстүрлі күнтізбесінде қаңтар атауы айдың аты ретінде емес, амалдың аты ретінде қолданылады. Қаңтар айын қазақ «үштің айы» деп атасады. Қаңтар амалы да осы айдың 10-15 тері болатын амал. Көріп отырғаныңыздай, бір уақытта болатын амал. Олай болса, неге екі түрлі аталып отыр?
Қазақ айтады «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» деп. Осы сөзге сай қарғаның адымындай, аяқ алысындай ұзарған күнді бейнелейтін «қарға аяқ» деген сөзіміз «қырқаяқ» болып айтылып кеткен. Қырқаяқ амалының атауының мәнін осылай түсіндірмесек, адамдар «қыстыгүні қайдағы қырықаяқ?» деп мұны жазғы уақытта болатын жәндіктің атымен шатастырып дел-сал күй кешер еді. Сонымен бірге, бұл Қырқаяқ амалының атауы қаракиіктің атауымен де қатысты. Себебі, осы амалдың тұсында қаракиіктер жұптасады. Қаракиік деп қазақ күйіс қайтармайтын, аша тұяқты қабан аңын айтады.
Мамыр айының 7-8 күндері және 10 күні болатын бір үлкен жауын-шашын бар. Осы кезеңдерде мамыр айы туа төлдеген киіктердің (ақбөкендердің) суыққа ұрынып қалу жағдайы орын алғандықтан мұны «Қырықкиік» деп те, «Қыркүйек» деп те атайды. Күздікүнгі қырық күн күйектен шыққан қыркүйек кезеңімен аттас келген мамыр айының басында орналасқан осы қыркүйек амалының «Қызыл жұмыртқа» деген екінші аты бар. Осы кезде бірсыпыра құстардың балапандары жұмыртқа жарады.
Қазақ киік деп ақбөкен, бұғы, елікті жалпылама айта береді. Ол – ол ма, қабанды қаракиік деп, жабайы түйені түйекиік деп, жабайы адамды кісікиік деп атайды. Түрікпендер киік деп елікті атаса, түріктер киік деп бұғыны, башқұрттар бұғы мен елікті бірдей киік деп, Қырым татарлары киік деп бұғы мен елікке тауешкіні қосып атайды. Қазақтар елік терісін қасиетті деп бағалап, оны жайнамаз ретінде қолданады. Оның терісі мәсі рөлін атқарады. Себебі, тұмарды үшбұрыштап түйгенде үздіксіз дәрет алып тағамыз да, елік терісімен қаптап тақса дәретсіз тағуға болады. Еліктің басын үйге іледі. Терісін аппақ қылып илеп одан дастарқан жасайды. Қазақ аңызы бойынша, Ғайып-Ерен, Қырық-Шілтен бұғы, елік, тауешкі, арқарды айдап келе жатып намаз оқиды. Бұғы, елік оның намазын оқып болуын тосып, арқар мен тауешкі тоспай жүріп кетеді. Әулие намаздың батасында тосқан екеуіне қаратып «азабың арылсын!» деп, күтпей кетіп қалған екеуіне «азабың арылмасын!» деп бата берген екен. Сондықтан, бұғы мен елік ақбөкен сияқты киелі есептеліп «киік» атаныпты да, ана екеуі «киік» атанбай қалыпты деседі. Шын мәнінде, киік сөзі кер, керік деген сөздің әуелгі нұсқасы. Бұл атау кер түсті қоңыр аңдарға қаратылған. Құлшар күйші жеткізген кермаралдың жүрісіне арналған Табын кемпірінің күйінің «Кербез керік» деп аталатыны содан. Оның үстіне, түріктердің киік деген сөзді гейік деп, түрікпендердің кейік деп, башқұрттардың кейек деп айтуы да керік сөзінің негізі болып тұр. «Р» дыбысы уақыт өте келе қосарланған. Әму бойының қазақтары Бұхардың тоғай бұғысын «керік» деп сөйлейді.
БОҚЫРАУ(БОҚЫРАУЫН) АМАЛЫ ТУРАЛЫ
Қазан айының 10-15 күндеріндегі бұл амал осы уақытта жылқының бопайы, сиырдың жапасына қырау қатқан, қыстың лебі білінген кезге тура келеді. Бұл кезде үлкендер сыртқа кіріп-шығып жүрген балаларынан «боққа қырау қатты ма?» деп сұрайды. Олар көргені бойынша «боқ қыраулы» дейді. Міне, осы «боқ қырау» сөзінен боқ қырауындаған осы кездің ауа райы амал атауы болып қалыптасқан. Мұны біз «боқырау», «боқырауын (боқырауын)» деп атаймыз. Боқырау, боқырауын атауына барынша жақын келетін «тоқырау» деп те, «тоқырауын» деп те аталатын амал атауы желтоқсан айының 20-25 күндеріне тура келеді. Бұл қысқы тоқырау күндеріне қаратылған амал. Қысқы тоқырау желтоқсан айының 22-күні орын алатыны әмбеге аян. Қысқы тоқырау күнін қазақ «Қырбастың қызылы» деп те атайды. Қазақтың бұл күнді неліктен «Қырбастың қызылы» деп атағанына жауап бере кетейік.
Қазақтар заратуштра дінінің мейрамын амалдардың қатарына енгізген. «Қырбастың қызылы» деп аталатын атауымыз – жалғыз күнге арналған амал атауы. Қазақтар мұны әртүрлі әдебиеттерде «Қырбастың қызылы дегеніміз – Желтоқсан айында қар алғаш қалың түскеннен кейінгі аяз» деп түсіндіреді. Қырбас дегеніңіз – Заратуштра дінінің пайғамбары болған. Ахурамазданың (Қырмызы ата) немесе Хормуздтың (Хормазд) өзі. Қып-қызыл отқа табынушылыққа құрылған осы діндегі Ахурамазданың суреттері де қызылға толы болады.
«Қырмызы» атауын түрік, әзербайжан, парсы халықтары қызыл түстің атауы ретінде қолданады. Қарбыздың ішін жарсаң қып-қызыл. Сондықтан, ол да қырмызы түстен өз атауын алып «қарбыз» аталған. Қарбыз атауы оғыздар мен қазақ, татар-башқұрт пен парсы арасында қолданылса, күрдтер арасында «хервез» деген атпен «Хормуз» атауына ең жақын нұсқамен қолданылады. Осы арадағы Хормаз атауына сай, әтештің қырмызы түстес айдары оны «қораз» атандырып жіберді. Күрдтер қоразды «кервешк» деп қарбыздың «хервез» деген нұсқасына барынша жақындатады. Түріктер «хоруз» деп, тәжіктер «хорус» деп атап Хормуз ұғымына етене етеді.
Түрік қағаны Естембі мен оған күйеу бала болған сол кездегі Иран билігінің жаһаншахы Еран-Құсыраудың одағы кезінде, қайын жұртына «берік қамал салып беремін!» деп уәде еткен Еран-Құсыраудың Ирақтан әкелінген шеберлерінің қолымен 570 жылдары осы дін пайғамбарының құрметіне біріңғай қып-қызыл тастардан қаланған Ахура-Тас қамалының жұрты қазіргі уақытта Тараз қаласының шығысында 40 км жерде, Ақшолақ теміржол бекетінен оңтүстікке қарай 6 км жүрген жерде Құлан ауданына қарасты аумақта Ақыртас деген атпен сақталған. Заратуштра дінінде қысқы тоқырау күні, яғни түн ұзарып, күн қысқаратын кезеңнің бастау күнінде Ахумазданың (Қырмызы ата) немесе Хормуздтың (Хормазд) мейрамы өтеді. «Хормаздтың қызылы» немесе «Хормуздтың қызылы» деген мейрам күні біздің ауа райы амалдарымызға «Қырбастың қызылы» деген атпен кірген.
Көкбөрі Мүбарак
«Үркер» журналы, №8
Тамыз, 2025