Айтарым бар...
12 мин оқу 3,308

Жан әлемі

25 шілде 2025
Жан әлемі

Көнекөз ғұламалар мен данышпандардың ой-тұжырымдарына, пәлсапалық толғамдарына көз жүгіртсек, біраз нәрсеге байыппен қарайтын боламыз. Осы адамнан басқа жер бетіндегі тіршілік иелері мәңгі-бақи болсам деп ұмтылмайды да, тырыспайды да екен. Бәлкім оған санасы, ойы да жетпейтін шығар. Табиғат та өзгереді, тау қозғалады, жер сілкінеді, ормандар жаңарады, өзен, көл, тіпті теңіз де тартылады, қайта толады. Адам байысам, дүние жисам деп тыраштанып жүріп артына қарағанда жиған дүниесінің баянсыз екенін ұғады. Есі дұрыс адам баянсыз дүниені қумас болар. Адам баласының кім екені туған сәтінде емес, талқаны таусылып, өлген кезінде анықталады деген тұжырым жұртқа кең тарамаса да, бәрі біткен соң, ол пендеге баға беретін жәйт болатыны мәлім. Адамдар сонда барып, ол асқар таудай кемеңгер, еліне қалтқысыз қызмет жасаған адал адам, айтулы тұлға болды немесе елін сатқан опасыз еді, жемқор, кәнігі қылмыскер еді деген тұжырымдарды айтудан қорықпайды.

Сана иесінің ақылдың күшімен таппайтыны, жетістікке жетпейтіні жоқ. Алайда болмыстың ішінде не болып, не қойып жатқанын айта алмайды. Бұл дүниенің елес екенін, барлық нәрсенің санаға сыймас сипатта болатынын көңілімен сезеді. Ғалымдар саналы ақылмен көзге көрінбес электрон мен протонның арасына кіріп кетеді дейді ғылыми ізденіспен. Керек болса телескопқа ілінбейтін қашықтағы жұлдыздарды ақылдың күшімен зерттей береді. Сөйте тұра өзгенің не ойлап тұрғанын, тіпті қасындағы әйелінің ойын, ішінде не болып жатқанын біле алмайды. Жалпы, адамның дүниеге келген сәтінде кейін кім болатыны, алдағы тағдыры бір Аллаға ғана аян.

Әулие, данышпан, кемеңгер, қайраткер, небір ғұлама тұлғалардың көзі тірісінде тұтынған бұйымдарын ұрпағы сақтап қойып, әспеттейтін себебі неге дейсіз. Өйткені, сол тұлғалардың қолы тиген бұйымдары кейін ерекше сипатқа ие болып тұрады. Соларды кейінгі жұрт тәбәрік көріп, шетелдерде ғасырлар бұрынғы бұйымдар мен құнды суреттерді миллиондаған долларға сатып алып жататыны бар. Демек, дүние адамға емес, адам дүниеге қадір дарытады деген ұғым осыдан қалған.

Қарап отырсақ, қиын уақыт күшті адамдарды тудырады, ал күшті адамдар жеңіл уақытты тудырады екен. Жеңілдік әлсіз адамдарды әкеледі, мысалы, кейбір әкімдер мен бірінші басшылардың ұл-қыздары көбінесе еркетотай, топастау, мінезі нашар, өмірге бейімсіз келетіні тегінің нашарлығынан, тәрбиенің кемшіндігінен болса керек. Осы күні қай банкіде қанша ақшасы барын да ұмытып қалған, тіпті үйіндегі әйнек банкасында тыққан ақшасы бар екенін де есінен шығарып алғандар кездеседі екен. Көздерінің еті өсіп кеткен, байлықтан не істерін білмей талтаңдап қалған, тым астамсып бара жатқандардың соңы не болғанын естіп жүрміз. Тегін ішіп жеп, әбден тойынып құтырып жүргендерге бір зауал келер-ау, ұдайы бұлай болып жалғаса беруі мүмкін емес қой. Ал мен елді басқардым, менен асқан данышпан жоқ деп тірісінде жағымпаздары арқылы өзіне ескерткіш орнаттырып жанталасқан, көше, қала, әуежай, ел астанасы атауларын алғысы келгендер көп уақыт өтпей-ақ масқарасы шығып жататыны бар. Қазір сол ел тонаған диктаторлардың да үрейге бой алдыруы белең алды. Дүние адамға емес, адам дүниеге қадір дарытады деген... Демек, ендігі жерде осындай арамтамақтарды емес, ерік-жігері мықты, қиындықпен шыңдалған ұл-қыздарды тәрбиелеу керек.

Бүгінде әлем тамсанған, бай өлкеге айналған Дубайдың негізін қалаушы шейх Мухаммедтің айтқаны бар екен. «Атаң түйе мінсе, ұлың мерседес мінеді. Ал немерең не шөберең түйе мінуі әбден мүмкін» деген ойды ортаға салады. Демек, елдің болашағы той-думан, ән салумен дамымайды. Адал еңбек, маңдай терін төккендер қиындықпен өркендейді. Алма-кезек дүние. Әбден тойынған, әлемдегі алып империя да құлайды, мәңгі ештеңе жоқ. Осындайда «Көйлегі көктік, тамағы тоқтық аздырар адам баласын, – деп данышпан Абайдың айтып кеткені ойға орала береді. Бүгінде бағзы замандағы пайғамбарлар мен ғұламалардың өмірі бізге өнеге. Тойымсыз басшыларды көрген соң олардың орынбасар, көмекші, кеңесші уәзірлері де қалыспай қолынан келгенінше қарпып қалуға тырысады. Біразы тексерушілерге ұсталып, абықтыға түседі.Тергеу кезінде әлгілерден: «сендер бұл жерге қалай түстіңдер, не жазықтарың, қандай қылмыстарың бар?» деп сұрағанда: – біз әділетсіз, жемқор басшының кесірінен осындай хәлге түстік, – дейді. Егер олар байлықты жұртпен тең бөлісіп, қомағайланып, тойымсыздық көрсетпегенде, біз де әділеттілікті үлгі тұтып, ештеңе ұрламас едік деген екен.

Біз де бақытты, бақуатты өмір сүргіміз келеді. Алайда сол құрғыр сағым сияқты ұстатпайақ қойды. Сондықтан көбі тіршілігімізді қалай бастасақ болады деп бас қатырады. «Егер көңіл көзің, арың таза болса, күнә мен қылмыстан ада болып, ілім-білім қуып, он ойланып, тоғыз толғанып, ізденіп, ғылымды дамыта білсең, өмірің нұрланып, өркендейсің» деген екен кезінде Жүсіп пайғамбар. Адам дене еңбегімен ғана емес, оймен, ізденумен, ақылмен дамып, өркендей алады. Ал жатыпішер жалқау пенде шабан ойлы, борсып кеткен сумен тең. Бұрынғы ғұламалар осындай ғибрат айтып кеткен екен. Бір заманда, Жүсіп пайғамбардың тұсында Нілдің жағасына диқандар егін салып, жыл сайын мол астық алып, жұрт қарық болыпты. Өйткені, олар құнарлы жер таңдай білген. Әсілі, астық құрт-құмырсқа, тышқан, торғайы көп жерге бітік шығады екен, міне диқандар соны білген. Оны ата-бабасының еңбегін, тәжірибесін зерделеп, көкірегіне түйген жан ұғады. Содан не керек, жылда мол астыққа қарық болып, олар аста төк тамаққа тойынып, тіпті иттері де семіріп кетіпті. Осындай тойынғаннан алдымен адам баласы ешкімді танымай есіреді. Соңында азғындап, іріпшіріп құрыған.

Бір кездері алып мемлекетті басқарған Брежнев, Горбачев, Ельциннің, бүгінде жұрттың көбі білетін өзге де республика басшыларының біразының ұрпақтары әбден тойынып, есіріп, есірткіге елтіп, бұзылып кеткені белгілі. Солардың әкелері «құдайдан сәл төмендеу» ғұмыр кешсе, ал ұл-қыздары қандай болғанын жұрт біледі. Ал әлгі тым тойынғандардың ұрпақтары, егер адал жолға түсе алмаса нендей күй кешерін кім білсін... Демек, әркімнің немере, шөбересі «шүкір, тәубе» деп, адал жолға түсе алмаса болашағы бұлыңғыр. Ендеше әркімнің өмірі таусылмас той-думан, ән салумен дамымайды. Адал еңбек, маңдай терін төккендер ғана өркендейді.

***

Қарттықтан қорықпаңыздар. Жасы ұлғайған адам өзіне ермек тауып, күнде сонымен айналысып, содан рахат алуы тиіс. Мысалы, біреулер сурет салғанды ұнатады, ал біреу шебер, ұсталықпен шұғылданады. Енді бір кісі ойларын сабақтап, жазғанды жақсы көреді. Адам артына қараған кезде қуалаған, тірнектеп жинаған дүниесінің баянсыз екенін ұғады. Қу дүние түкке тұрғысыз деген ой осыдан шыққан. Саналы адам баянсыз дүниені қумайды, рухани құндылықтан ләззат алып, дамып, өркендеуге тырысады. Әдемі қартайған жақсы ғой. Қайта қартаймай қалудан, мына жалғаннан ерте кетуден сақтасын, қауіптісі сол емес пе? Ал шынында қарттық тек қана санаулы, таңдаулы адамдарға бұйыратын көрінеді. Ол да тағдырға, маңдайға жазылуына байланысты ма дерсің... Өмір адамзаттың бәріне беріледі. Адам топырақтан жаралды, рухты құдай салды деген тұжырым бар. Бұл, әрине, күрделі сұрақ. Жалпы жер бетіндегі жалғыз саналы тіршілік иесі адамзат баласы ғой. Ол миллиондаған жылдар аралығында эволюциялық жолмен дамып, пайда болды дейді ғалымдар. Экожүйеге бейімделіп, адам шықты деген болжам да айтылады. Бірақ әлі толық мойындалмаған, нақты дәлелденбеген гипотеза. Алайда ғаламда бір ұлы Жаратушы бар екені ақиқат! Адам үнемі ізденіс үстінде жүріп, ойын дамытып, ұдайы еңбекпен ілгерілей береді. Қазір ол тіпті көз ілеспес жедел қарқынмен дамуда. Мысалы, жасанды интеллект деген ұғым осы күні бәрінің ойынан шықпайды. Сол ғылымның сананы жаулап алғанына көз жүгіртсек, ертеңгі күні қай деңгейге жетеміз деп қарапайым адамның ойы сан-саққа ұмтылады.

**

Ал біз, қазақтар қайдан шықтық, бабаларымыз кім болған деген ой әркімнің қиялына орала береді. Генетик ғалым Мақсат Жабағинннің пікірінше өзінің бес мың жылдық тарихы бар қазақтардың хромосомына байланысты зерттеулері көпті қызықтырады. Генетикалық зерттеулердің негізінде ұлтымыздың шежіресі таратылады. Текті білу – ұрпақтар сабақтастығы ғана емес, үлкен ғылым. Мысалы, үйсіндер ұрпағының дені Майқы биден тараған деседі. Алғашқы адамның геномын зерттеуге АҚШ ғалымдары қарқынды кірісіпті. Ол әлемдік деңгейде зерттелуде. Сол үшін лабораториялық зерттеулерге Америка қаржыны аямайды. Осы бағыт қарқынды дами берсе болашақта адамзат баласы қайдан, қалай пайда болды деген сауалға да жауап табудың мүмкіндігі алыс емес.

***

Ғалымдардың зерттеуінше, ғарышта көрініп тұрған жұлдыздардың кейбірі атамзаманда сөніп қалған. Бірақ содан шашыраған жарық ғарышта 300 км/сек жылдамдықпен тарап жатыр. Біз сол жұлдыздардың өзін емес, тараған сәулесін ғана көріп отырамыз. Енді сол жұлдызды не бар деп айта алмайсың, не жоқ дей алмайсың. Осыдан шығатын қорытынды, адамның ақылына сиятын Құдай жоқ. Бұл дүниенің елес екенін, барлық нәрсенің санаға сыймас сипатта мызғымай тұрғанын бағамдаймыз. Шамасы, ақиқат осы болар... Қазақтың білік-танымында «Халық – құдайдың бір аты» деген ұғым бар. Бұл – Алланың 99 есімінің бірі. Жалпы халық сөзі адамдар, тұрғындар» деген мағынаны білдіреді екен. Құдай 18 мың ғаламды жаратса, ал адамда ақыл мен санаға жасампаздық қасиет бар. Адам жоқтан бар тудырып, әртүрлі бұйымды жасай алады. Демек, адам баласы құдай сияқты жаратушы қасиетке ие.

***

ХX1 ғасыр адамға пәле болып жабысқан дерттің бірі – жігерсіз жасық, босбелбеу, мінезі тым жұмсақ адамдардың көбейіп бара жатқаны. Темірді қызған сәтте соғатын батыл азаматтардың жоғалуы өмірге деген құштарлықты кәдімгідей әлсіретіп жібереді. Солардың көбі қызметте жүріп, басшыларының көңіліне келіп қалар ма деп, әлгілер тәжірибесіз болса да, олардың теріс, қисынсыз пікіріне қарсы шыға алмай, күмілжіп отырады. Ал былай шыға бере «бастықтың жаңағы айтқаны дұрыс емес қой» деп сыбырлап, күбірлеп жүргендері. Соның өзін сақтанып, жан-жағына қарап айтады. Өйткені, араларында бастықтың «жансыздары» да жүреді. Жалпы, жігерсіз, жасық, босбелбеу болмай, тәуекелге барып, батыл шешім қабылдап, бәрін тастап кете берейін десе, ары қарай өсе алмайды, тіпті жұмысынан айрылып қалады. Осыдан келіп жағымпаз екіжүзді мұнафықтар қауымы қаулап өсуде. Сонда не істемек керек? Кез келген істе жігерсіз, қайратсыз, табансыз болу – шарасыздық. Кей адам күресуге жігері жетпей, жұмыстан да, тіпті отбасындағы ырың-жырыңнан да шаршап, қайраты мұқалып, сынып кетеді. Жаны қысылып, миы шаршай бастаса, бәрін тастай салуға әзір. Жасық, жігерсіз, маубас адамдар да жылқыға ұқсас келе ме дерсің... Жылқылар да адам тектес, кейбірі жуас, момын болса, ал кейбірі тарпаң, адуынды келеді. Олар қажет кезде қасқырға да қарсы тұрады. Топ үйірін қорғайды. «Жылқының қандай болары құлын кезінде-ақ белгілі болады» дейді сол саланы кәдімгідей меңгерген мамандар.

***

Көршіміз айтады. Ауылдағы туыс ағам қартайды. Шығыс өңірдегі Шөбі шүйгін, табиғаты тамаша ауылымыздағы Алтай аймағында пісте майын алып, бал жинаумен айналысатын. Қазір азын-аулақ жинаған өнімінің бір бөлігін өндірген ара балы мен пісте майынан Алматыға, бізге беріп жібереді. Ал ауылда жастар жұмыс істегісі келмейді. Дәл осындай жағдай Жетісу аймағында да орын алған. Жасы отыздан асқан азаматпен әңгімелесіп қалғанымызда өзінің әкесінен қалған бесжүздей ұсақ малы, отызшақты ірі қарасы бар екен. Соны жыл он екі ай өзі бағады. Екі көмекшісі бар. Ал басқа жастар қанша ақша төлесең де мал бағып, жұмыс істегісі келмейді. Үлкен кісілер қартайып, жұмыс істеуден қалып барады. Есесіне сырттан келген өзге ұлттың өкілдері түрлі жұмыс істеуге бейім дейді әлгі жігіт.

Бұлай кете берсе ұлттың болашағы бұлыңғыр бола ма деп қауіптенесің... Бұрын ауыл дамып, шаруашылықтар өркендеп, жастар өзара түрлі ұйым құрып уақыттарын өте көңілді өткізетін. Түрлі ойындар ұйымдастыратын. Көрші ауыл, аудандармен жарыстар өткізетін. Қазір бірнеше ауылдар бар ғой үлгі тұтатын. Нағи Ілиясов, Родина т.б. секілді. Сондай елді-мекендерді, түрлі шаруашылықтарды әкімдер өз облыстарында соның бірнешеуін ұйымдастырып, әр ауданда екі-үш осындай үлгілі ауыл бой көтерсе, алғашқы кезде оларға қаржы бөліп, инвестиция салып, елді мекендерде шағын өндіріс орындарын ашса болады ғой. Мәселен, бір ғана сүттің өзінен түрлі өнімдер шығаруға болады. Оған «Родина» ауылындағы мысалдар жеткілікті. Солай үздік ауылдар біртіндеп көбейе берсе екен. Жастар мал бақпағанымен фермаларда ірі қара өсіруді қолға алып, жылыжай, басқа да кешендер ашуға болады. Сол елді мекенде бала бақша, мектеп, медпункт секілді орындарды ашуға мүмкіндік бар. Сол ауылда барлық жағдай жасалса жастар өздері-ақ сонда жұмыс істеуге құлшыныс табар ма еді? Біздің ғой жасымыз едәуір ұлғайып кетті. Әйтпесе...

***

Осы біздің елде жұртшылықтың көбі неге дәрігерлерге сенбейді? Мысалы, науқастар алыс шетелге, тіпті көрші Өзбекстан, Қырғыз еліне қарай ағылуда. Күні кеше ғана бір танысым Бішкекке барып өзінің тасын алдырып қайтты. Ал біздегі ауруханада ота жасату үшін үш тесік жасайды екен. Ал Бішкектегі білікті дәрігерлер бір тесікпен тез, әрі сапалы ота жасайды екен. Шетелден келген соң, әрине, Бішкекте ота жасату қымбат – 120 мың сом, яғни біздің құнсыз теңгемен 750 мың теңге. Осы сияқты өзбек жеріне ағылған ағайындар да сол елдегі сапалы оталар мен емдеу тәсілдеріне тәнті. Күні кеше ғана әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың жаппай наразылығын тудырған бір өзбектің Қазақстанда жүріп, әбден есіріп, «неге өзбекше сөйлемейсің!» деп зіркілдегені...

***

Жалпы, Қазақстанда әр жылдары үкімет мүшесі болған министр, әкімдер қайда?! Солар кезінде Конституцияға қолын қойып ант бермеп пе еді? Осы елді өркендетеміз, көркейтеміз адал қызмет атқарамыз, дамытамыз деп... Осындайлардың отыз жылда қаншасы болды? Еліміз егемендігін алды деген жылдың алғашқы айларында ұшқыштар әскери бөлімдегі истребительдерді Ресейге қарай ұшырып әкеткенін талай естідік. Кейбір ақпарат құралдары ашынып жазып та жатты. Кейін Ресейге біржолата қоныстанып алған Олег Сосковецтер 1994 жылы Караван (Керуен ғой) сол кездегі таралымы көп ең мықты басылым апталығы жазғанын білеміз. Сонымен Сосковец деген алғашқыда Карметкомбинат директоры, кейін Қазақстанда Премьер министрдің бірінші орынбасары болған. Өзі НӘН-нің «досы», көмір мен темір басқа да түсті металды үш-төрт ай бойы Ресейге қарай эшелон-эшелонмен үздіксіз тасығанын жазған еді. Айтпақшы, сол Караван апталығының басшылары Гурский ме еді, кейін Олег Никановтар да әбден байып, артынан Ресейге, Еуропаға көшіп кеткені еске түседі. Мысалы, Никанов Чехияға көшіп кетті. Өткен отыз жыл ішіндегі жүздеген Қазақстан байлығын тасығыштар ұмытылып та кетті ғой. Қайсы кімнің есінде қалды, айтыңыздаршы, еске түсіріңіздерші. Ендігі жерде осыдан сабақ алатын уақыт келді ғой. Әй, бірақ талай жыл өтті, енді олардан не сұрайсың?! Олар түгілі, өзіміздің «ыбырайлардың» талайы кетті емес пе Дубайға? Осылайша, кейінгі бес-он жылда елді тонап, арам жолмен байығандар тықыр таянған соң шетінен елден қашты, Дубайға, басқа да өздеріне қауіпсіз, жайлы деген өңірлерге орналасып алды. Бабалардан қалған байтақ мекеніміз неткен бай еді, қаншама тойымсыздар жылдар бойы тасып әкетіп жатса да таусылмайтын, бітпейтін. Қақпақсыз қазаннан қалағанынша қарпығандар азаяр емес.

***

Кезінде 1920 жылы бес қызыл дипломы бар, асқан білімді, өзі небәрі 28 жасында Әлімхан Ермеков Ленинге қазақтың жерін көрсетіп, картасын сызып, территориясын белгілеп, бәрін дәлелдеп, сегіз сағат бойы айтысқаны сан мәрте айтылып жүр. Сонда Ахмет Байтұрсынов: «Әлімханмен салғыласатын бір сақау адвокат пайда болыпты», – деп кеңес кезінде көсем атанған Ленин туралы айтқан көрінеді. Дегенмен, көзіқарақты оқырманға, әсіресе кейінгі толқынға тағы бір мәрте осыны естеріне түсіріп, айтып қойған артық болмас. Сол Әлімхан Ермековтің кейін басына қара бұлт үйіріліп, тұтқындалып, этаппен алысқа айдалып бара жатқанда қасындағы қырағы күзетшілер ешкімді жолатпапты. Сол пойыздағы вагонда ұзын бойлы жолаушы жігіт Мәскеудегі оқуынан демалысқа Алматыға кетіп бара жатса керек. Әлгі жігітке жақын келген Әлімхан қасынан өте бере қалтасына бір қағазды сүңгітіп жіберіпті. Ондағысы Алматыдағы әйеліне жазған хаты екен. Өзінің қайда айдалып бара жатқанын айтып, әйелінің мекенжайын көрсетіп жазса керек. Ол хатты ашып оқыған әлгі жігіт сол аманатты әйелінің қолына табыстаған. Сол ұзын бойлы жігіт кейін Қазақстанның Үкімет басшысы болған Дінмұхамед Қонаев ағамыз екен. Әлімхан Ермеков ақталып шығып Алматыға келгенде қызмет бабымен Димекеңнің қабылдауында болыпты. Сонда оны жазбай таныған Үкімет басшысы сол пойызда жолыққан өзі екенін, хатын әйеліне табыстағанын айтады. Ермеков орнынан атып тұрып, Димекеңді құшақтай алады. Ұлы тұлға сонда Әлімханға: «Сіздің бұл жерде жауларыңыз көп, абай болыңыз, одан да Қарағандыға кетіп қалыңыз», – деп жол нұсқаған. Ол туралы қонаевтанушы Ораз Қауғабай өз естелігінде жазған еді.

***

– Өмір бәріне беріледі. Ал қарттық тек қана санаулы, таңдаулы аламдарға беріледі. – Біз неге әлсіз, рухсыз, намыссыз ұлтпыз осы? – Өзгелердің тілінде сөйлеуге әуеспіз көбіміз, әсіресе жастар. Қатыны не байы қай тілде сөйлесе сол жаққа ауып кете береді. Тіпті ата-анасы да қазақ болғанымен ұрпақтары орысшаланып тұруға әуес. – Осы күні тілі мен жағына сүйенген, сөзге шешен, ал іске мешелдердің дәуірі жүріп тұр ғой.

Саясат БЕЙІСБАЙ

«Үркер» журналы, №7

Шілде, 2025

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жан әлемі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар