Астана – заманауи сәулет өнерінің жауһары

Сәулет өнері – бұл тек құрылыс салу емес, бұл – уақытпен сөйлесетін, ұлттың рухын жеткізетін, болашақты бейнелейтін өнер. Мен сәулет өнерін таңдағанда жай ғана ғимараттармен жұмыс істеймін деп ойлағанмын. Бірақ оқу барысында сәулет – адамның дүниетанымы мен армандарының көрінісі екенін түсіндім. Осы жолда мен үшін ең үлкен шабыт – Қазақстанның жүрегі, елордамыз – Астана. Елордамыз Астана қаласы мен үшін жай ғана әкімшілік орталық емес, бұл – сәулет өнерінің шексіз мүмкіндіктерін көрсететін ерекше қала. Архитектура саласының жас ізденушісі ретінде Астананың күн сайын өзгеріп, дамып келе жатқан көрінісіне қарап, бұл мамандықты таңдағаныма шын қуанып, болашақта осы қалаға өз үлесімді қосуды армандаймын.
Астана – ғасырлар тоғысындағы жас қала. 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Сарыарқаның төсіне көшірілген сәттен бастап, бұл қала жаңаша тыныс алып, дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бұл қалада әрбір ғимарат – идея, ал әрбір көше – концепция. Мәселен, «Бәйтерек» монументі – ел егемендігінің символы. Оның биік тұғырындағы алтын шар – «Халықтың арманы мен болашағы аспанда» деген идеяны нақты бейнелейді. Бұл монументті көрген сайын сәулет өнері тек әдемілік емес, терең философия екенін ұғынамын. Ал «Хан Шатыр» – әлемде теңдесі жоқ архитектуралық нысан. Норман Фостердің жетекшілігімен салынған бұл құрылыс – климаттық ерекшеліктерді ескере отырып жасалған ерекше жоба. Оның ішінде жыл бойы қолайлы микроклимат сақталады. Бұл – инженерлік шеберлік пен сәулеттік ойдың шарықтау шегі. «Нұр Әлем» сферасы, EXPO-2017 қалашығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Астана Опера, Президент кітапханасы – бұлардың бәрі заманауи Қазақстанның келбетін танытатын сәулет жауһарлары.
Астананы көрген сайын оны басқа ірі қалалармен еріксіз салыстырасың. Мысалы: Дубай – мұнай дәуірінің символы болса, Астана – ұлттық рухтың және жаңғырудың белгісі. Сингапур – технология мен урбанизмнің ұтымды қосындысы болса, Астана – дәстүр мен инновацияның үйлесімі. Лондон, Париж сияқты қалаларда тарихи архитектура басым болса, Астанада сәулет болашақпен үндеседі. Осы қалалардың барлығына ортақ нәрсе – ойдың еркіндігі мен сәулетшілердің батыл идеялары. Ал бұл еркіндікті жүзеге асыруға мүмкіндік берген – әлемдік деңгейдегі шебер архитекторлар.
Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыруда әлемнің ең мықты архитекторлары өз қолтаңбасын қалдырды. Олардың жұмыстары – жас сәулетшілер үшін үлкен шабыт көзі. Норман Фостер – британ сәулетшісі, жоғары технологиялық архитектураның негізін қалаушы. Ол Астанадағы «Хан Шатыр» және «Бейбітшілік пен келісім сарайын» жобалаған. Оның еңбектерінде сәулет тек эстетика ғана емес, қоршаған ортамен үйлесімділік екенін көруге болады. Сонымен қатар Кисе Курокава – жапон сәулетшісі, метаболизм бағытының негізін қалаушылардың бірі. Ол Астананың бас жоспарын жасауға атсалысты. Курокаваның ойынша, қала тірі ағза сияқты үнемі дамып, өзгеріп отырады. Бұл көзқарас Астана жоспарында нақты көрініс тапқан. Заха Хадид, Жан Нувель, Сантьяго Калатрава сынды әлемдік шеберлердің еңбектері де менің сәулетке деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Олар жаңа формадан қорықпайды, эксперимент жасайды, ерекше материалдармен жұмыс істейді.
Мен сәулет өнерін таңдағанда, болашақта өз елімнің қалаларын көркейтіп, адамдарға жайлы өмір сүруге мүмкіндік беретін кеңістіктер жасағым келетінін сездім. Әсіресе, Астананың болашағына үлес қосу – мен үшін үлкен арман. Мен тек көз тартарлық ғимараттар емес, экологиялық, функционалды, әлеуметтік маңызы бар нысандар жобалағым келеді. Мысалы, баламалы энергия көздерін пайдаланатын тұрғын үйлер, жасыл аймақпен ұштасқан мәдени орталықтар, инклюзивті дизайн элементтері бар қоғамдық кеңістіктер – менің келешек жобаларымның негізі. Сәулет өнері арқылы тек қала емес, қоғамды да өзгертуге болатынына сенемін. Адамдар өзін жайлы, қауіпсіз әрі рухани бай сезінетін ортаны сәулетші жасайды. Бұл – үлкен жауапкершілік.
Астана – мен үшін сәулетке деген сүйіспеншілік пен кәсіби дамуға деген талпыныстың қайнар көзі. Оның қазіргі келбеті – батыл идеялардың, ұлт рухының және әлемдік деңгейдегі шеберліктің жемісі деп ойлаймын. Мен де кәсіби шеберлердің жолын жалғастырып, болашақта Астананың жаңа көшелерінде мен жобалаған ғимараттар бой көтереді деген сеніммен білім алып келемін. Адам өмірінің ең негізгі орталық күші – сенім. Бойымдағы осы бір сенімді өлтірмей, күн сайын ізденісімді арттыруға талпынамын., Сәулет – болашақтың бейнесі. Ал мен сол болашақты қалыптастыруға атсалысқым келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын астанамыздың туған күніне ата-әжеммен ең алғаш барғаным әлі күнге есімде. Ол әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол бір жазда мен өзімнің болашағымның қандай боларын елестеттім және өзім ғашық болған қалаға қалай да өз үлесімді қосуға уәде еттім. Уәдемнің үддесінен шығамын деген үміттемін. Астанамыздың, бас қаламыздың мерекесі қарсаңында барша қазақстандықтарды, елорда тұрғындарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Дәулет ӘЛІМ
«Үркер» журналы, №7
Шілде, 2025