Ақын ана тағылымы

Күндердің бір күнінде әкем жарықтық үйге көңілі көтеріліп келді де, анамызға өзінің көрген-білгенін баяндай жөнелді. «Қанипаш, мен бүгін мәдениет сарайының ішінде өнер қуып келген бір жігітті ұшыраттым, өзі бір ағып тұрған ақын екен», – деп, әлгі жігіттің жадында қалған өлеңдерін судырата жөнелді. Ол кездері мен ойын баласы болсам да, қызық әңгімелерге құлағымды түріп жүруші едім. Келесі бір сәттерде анам күлімсіреп: «Бұл оның өлеңдері емес, Төлеген Айбергеновтың шумақтары ғой», – деді. Әкем де мәз, анам да мәз болып жатты...
Тағы бір күні біздің үйге қара жылтыр көйлек киген бір әйел қонаққа келді. Анам өзінің бір топ машинкеге басылған өлеңдерін әлгі келіншекке беріп жатқанын көріп қалдым. Ал өзі мойнына әдемі моншақтардан алқа тағынып алыпты. Мен мейман үйден шығып кеткен соң, «Не беріп жатырсың?» – деп, анамды сұрақтың астына алдым. Анам болса маған түсіндіріп жатыр: «Өзі ақын қыз екен, алыстан мені іздеп келген екен, биыл кітабын шығармақ, соған өлеңдері жетпеген соң, кітабыма енбеген нашар өлеңдерімді бердім, балам», – деп мені таңғалдырды. Мен бұл оқиғаны қалыпты жағдай ретінде қабылдағаным есімде...
Мектеп қабырғасында жүргенімде есеп сабағынан үлгерімім нашар болды. Есесіне сурет пен еңбек, дене шынықтыру сабақтарынан қалмай доп қуалағанды жақсы көрдім. Анам сурет салудың небір тәсілдерін үйретіп жүрді. Суретші болуды армандадым. Бірақ «Жаңа құрылыс» ауылындағы мектептің бесінші сыныбын тауысқаннан кейін, Ұзынағаштағы Н.К.Крупская мектебінде алтыншы сыныпты жалғастырдым. Бұл мектепте ән-күй сабағы жақсы жолға қойылған екен. Өзім қатарлас балалардың домбыра құлағында ойнағанын көріп менің де домбыраға деген қызығушылығым артты. Оның үстіне ақын анам Қанипа Абдрахманқызы қолы қалт еткенде белгілі композиторлар Нұрғисаның, Әсеттің әндерін тыңқылдатып шертіп отырушы еді. Айтпақшы, домбыраны анам маған арнап «Универмагтан» жиырма үш сомға сатып алған еді. Сонымен бір күні артынып-тартынып аудандық музыка мектебінің табалдырығын аттадым. Жолым болып белгілі күйші ұстаз Қилан Сәрсенбиев ағайдың класына қабылдандым. Екі жылдың ішінде жиырма бес күйді мүдірмей тартатын дәрежеге жеттім. Ақыры ақын анам бір күні: «Талап, сен домбыраны шебер шертетін дәрежеге жеттің, бірақ нағыз қазақ болу үшін атқа шаба білуің керек», – деп, мені елең еткізді. Сонымен режиссер әкем Қанағат Қарашев мені жайлауда отар-отар қой бағып жатқан ағасы Қашқынбайдың киіз үйіне апарып тастады.
Жаз бойы күнге күйіп, атқа шауып ішімдегі желігім бір басылып, бір өршіп жүргенімде, сайтан түртті ме, таудың өр жағын бетке алып, қара атымды қамшылап шаба жөнелдім. Себебі төмен жақтағы жылқы қораға ұры түсіп жатыр деген сыбыс тараған еді. Бір сәтте өрден төмен қарай шаба жөнелгенімде суырдың ініне аттың алдыңғы аяғы кіріп кетіп, ат та, мен де омақаса жығылдық. Оның үстіне иығымда асынып алған қара мылтық, үй ішіндегілер шу ете қалғанда қойшының балаларынан бұрынырақ қимылдап мылтықты іліп ала кеткен едім... Ат жерден көтеріліп кеткенімен мен ауырсынып жатып қалдым. Сол қолымның білегі шымылдап ауырып барады. Артымнан шауып жеткендер мені жерден көтеріп алып тұрғызып жатқаны есімде.
Сөйтіп жайлаудағы менің қызық күндеріме нүкте қойылды. Ертесіне әкем келіп, мені сынықшы қарияға қаратты. Оң білегімнің бір ашасы сынған екен, сынықшы қария орнына салып берді. Анамның 1986 жылы жарыққа шыққан «Домбыра дәурен» атты кітабындағы маған арналған өлеңі осы оқиғаны есіме түсірді.
Жайлауға, балам, бардың ба?
Сапырып қымыз іштің бе?
Шалқаңнан жатып шалғынға,
Шалғындай ойға түстің бе?
Көгіңе жұлдыз қақтырып,
Көңілде ұшқан бол қыран,
Бәйгеге түссең ат мініп,
Қанатың болсын домбыраң!
Ақыры қолым жазылап, домбырашылық талабым жанып, аудандық Мәдениет үйінде өткен көркемөнерпаздар байқауында жүлделі орынға ие болдым. Әділқазылар төрағасы, белгілі күйші Мұрат Каримуллин Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы училищеге түсуің керек деп жолдама жазып берді. Ол кезде менің сегізінші сыныпты бітіріп жатқан кезім. Жолым болып оқуға түсіп кеттім.
Осынау оқу орнында мені кәсіби домбырашылық өнер жолына баулыған ұстаз, күйші Біләл Алпанұлы Ысқақов болды. Кеңестік дәуірдің тәрбиесіне көндіккен менің қиын да қызықты жастық шақтарым бір қалыппен өтіп жатқан күндердің бірінде анам мені сөзге тартып, былай деді: «Талап, сен домбыраны күмпілдетіп тартасың, төкпе күйлерді жастықтың әсерімен төгіп қызбалана орындайсың. Әрине, бұған мен қуанамын. Бірақ менің бір қаупім – сен мынау сырлы өмірден соққан дауылдай, сарқырап аққан өзендей ойсыз желөкпе тұлғаға айналып өте шығасың ба деп ойлаймын. Сен жазумен де айналыс!» – деп бағыт-бағдар берді. Сөйтіп мен сол кездердегі «Лениншіл жас» газетіне қысқа хабарламалық мақалалар жолдай бастадым. Бірақ көпке дейін жарияланбай, редакциядан қайтарма жауап келуші еді. «Құрметті Талап Қарашев! Сіздің жолдаған шағын мақалаңызды алдық, бірақ көркемдік сапасының төмендігіне байланысты жариялай алмадық. Бірақ тоқтап қалмай, жаза беріңіз» деген мағынада хабарлама хат алып жүрдім. Ақыры бір күні шағын мақалам газет бетінен жарқ ете қалғанда қуанышымда шек болмады. Ал алғашқы өлеңдерімді анам сынап тексерістен өткізіп аудандық «Екпінді еңбек» газетіне жариялатқызды.
Анам мені қанаттандырған соң, бұрқыратып жаза бастадым. Бір күні анам: «Менің ұстазым – Әбу Сәрсенбаев, сен сол кісіге көрсет жазғандарыңды», – деді. Қалада оқып жүргенімде кейбір күндері Әбу атаның үйіне жиі барып, дастархан басында күй тартып беруші едім. Оның үстіне музыкалық училищедегі оқуым тындырымды болсын деді ме екен, анамның өтініші бойынша мен сол үйге екі жылдай жатып оқыдым.
Сонымен тәуір деген өлең толы шимай-шатпақ дәптерімді Әбу атаға көрсетіп едім, ол кісі көзілдірігін тағып алып, түпкі бөлмесіне кіріп кетті. Біраздан соң маған дәптерімді ұсынып жатып: «Сен өзі суреттеп жазады екенсің, тоқтамай жаза берсең түбінде жақсы жазып кетуің әбден мүмкін», – деп тоқетерін айтты.
Музыкалық училищені бітіргеннен кейін, консерваторияға түсуге бел байладым. Анам: «Көптеген әдебиет майталмандары арнайы оқу бітірмей-ақ белгілі жазушы, ақын атанып жүр... Дарынды ақын Жұмекен де консерваторияда оқыған», – деді. Айтса айтқандай, жолым болып, Құрманғазы консерваториясына сүрінбей түсіп кеттім. Бірінші курста оқып жүргенде Республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атандым. Жұлдызым жарқырай бастаған тұста әскерге шақырту қағаз келді. Ұстазым Бақыт апай: «Анаң белгілі ақын ғой, мүмкін болса әскерден алып қалсын сені», – деді. Бірақ анам бірден: «Елдің балаларынан артық емессің, әскери борышыңды көппен бірге өтеп қайтқаның жөн», - деп ешкімге арызданбады.
Ресей ормандарының бірінде әскери борышымның бір жылын өтеген соң, Алматыға елге барып қайтуыма әскер басшылығы маған бес күндік жолдама берді. Қала вокзалындағы телефон будкасынан үйге қоңырау шалдым. Трубканы анам өзі көтеріп: «Бұл кім?» – деді. «Мен, Талаппын ғой», –деп едім, онша таныңқырамай тұрған соң, «Мен ұлың – Талаппын ғой, мама!», – дедім. Сонан кейін ғана анам мені танып, сөзге келгені де бір қызық оқиға болды. Бұл туралы анам өзінің бір өлеңінде былай деп толғанған еді...
Қуанамын көгімде аман тұрса күн,
Көзін ашқан еске түсіп гүл шағым.
Құрсағымнан шыққан бала кешегі
Кезіп жүр кең дүниенің құрсағын.
Бір кездегі «кереметтің» бәрі шын,
Бір кездегі алыс емес алысың.
Үйде отырып вокзалынан Сібірдің
Естідім мен «мама» деген дауысын.
Қарыздармын тұнық аспан, таңға ашық,
Жер қадірін білем десең жолға шық.
Аспандағы телеграф сымдары
Тұрды жүрек тамырына жалғасып.
Әскерден келгеннен кейін консерватория-дағы оқуымды жалғастырдым. Арасында өлең, мақала жазуымды да қайта қолға алдым.
Күндердің бір күнінде анам маған былай деді:
– Кейінгі жылдары денсаулығым сыр беріп жүр. Енді қанша өмірі қалды дейсің анаңның, балам.. Ақындығым болса ескі жұртта қалған жыртық үй сияқты... Пысықтардың заманы болып тұр. Сен барып Тұманбайға айт, мені мемлекеттік сыйлыққа ұсынсын, ол енді жоғары жаққа сөзі өтіп жүрген тұлға ғой...
Мен аңтарылып қалдым. Мені тыңдар ма екен Тұманбай аға? Анамның көріпкелдігі де бар еді... Үйіне кім келе жатқанын іші сезіп, болжап айтып отыратын... Тұмағаң туралы әңгімеден кейін анам мені мазалаған жоқ. Мен де аса құлшыныс білдірмедім.
Ақыры анамның бала кезінен бері серік болып келе жатқан бір топ ауруларының бірі қозып, күндердің бір күнінде зар жылап қала бердік... Суық, қаңыраған үйде отырып көңіліме мына бір жыр шумақтары келді.
Көз жазып қалдым анамнан,
Сәуле мен нұрдан жаралған.
Қай тарапта жүр екен,
Ән салып сырлы әр алуан.
Жылайды жаным, жылайды,
Ұзатып мұңлы күн, айды.
Жанарыммен айтысып,
Көз жасым үнсіз құлайды.
Сағындым, ана, келсеңші,
Үйіңе жетім енсеңші.
Қайғының қара тұманын
Басымыздан еңсерші.
Көз жазып қалдың, анажан!
Жолыңды тосқан баладан.
Іздеймін сені даладан,
Іздеймін сені қаладан,
Көз жазып қалдым, анажан!
Маған осы күндері анамды ұстаз тұтқан кейінгі іні-қарындастары: «Анаң қандай ақын болған еді?» – деп сұрақ қояды. Мен айтар едім: «Анам жақсы ақын болған, ол махаббатты, өмірге деген сүйіспеншілікті жырлап өткен. Әсіресе, өзінің туған ұлтына деген сезімге толы өлеңдері жас ұрпақты патриоттық бағытқа жетелейді».
Анамның «Гәкку Күләш», Махамбеттің рухына арнаған «Наркескен» поэмалары – жырсүйер көпшілік тарапынан әлі толық бағасын алмаған дүниелер.
Талап ҚАРАШ
«Үркер» журналы, №5