Айтарым бар...
7 мин оқу 5,537

Ол...

13 маусым 2025
Ол...

2024 жылғы қаңтарда Алматының Ритц-Палас мейрамханасында Заманбек Нұрқаділовтың ٨٠ жылдығына орай еске алу шарасы кең көлемде атап өтілген еді. Сонда Зәкеңнің құрметіне жиналғандар үлкен залға сыймай қалды. Сөз алып сөйлеген азаматтар да көп болды. Бұл оның елге аса сыйлы, ерекше мәртебелі болғанының көрінісі еді. Көпшілік саясаткердің асқақ рухына тағзым етіп, оның жетістіктерін, идеялары мен істерін еске алды. Олардың арасында белгілі саясаткерлер мен танымал тұлғалар, түрлі партия мен қозғалыстың өкілдері, депутаттық корпустың мүшелері, жазушылар, әр саланың қайраткерлері болды. Жиналғандар шетінен Заманбек Нұрқаділов туралы жылы естеліктерді еске түсіріп, бұл күнде Қазақстанға осындай мықты саясаткерлер керек екенін айтты.

Қайраткерді еске алу шарасында Президент Тоқаев саясаткердің ел мүддесі үшін аянбай қызмет еткенін, мемлекетімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өркендетуге зор үлес қосқанын атап өтіп, Зәкеңнің туған өңірі Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату қажет деп санаймын деген шешімі айтылды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың хаттары оқылды. Ал таяуда Президенттің пәрмені жүзеге асып, Кеген ауданының орталығында қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке еңселі ескерткіш мүсін орнатылды.
Зәкең ١٩٩٢-١٩٩٤ жылдары Алматы қаласының әкімі болып қызмет атқарған соң, екі кештің арасында аяқ астынан қызметінен алынып, содан кейін біраз жыл жұмыссыз бос жүргені бар. Сол кезде ол кісінің қасынан шықпайтын талай адам теріс айналып, қашқақтап, жанына жоламай кетті. Тіпті бірде Райымбек батырдың құрметіне ас берілген тұста ауданда әкім болған бір кісі оны киіз үйдегі шенеуніктер отырған жерге кіргізбей қойғанын да естідік.

Ал кейін, ١٩٩٧ жылы, шамасы желтоқсан айында Заманбек Нұрқаділов Президент Жарлығымен Алматы облысына әкім болып тағайындалды. Сол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі едік. Облыс әкімдігіне барсақ, әкімді құттықтауға жиналған қаптаған адамды көрдік. Бірақ Зәкең соларды қабылдамады. Маған жандайшаптар мен жағымпаздар керек емес деген ойын ашық айтып жатты. Сол жолы журналистерге облыс әкімі ретінде аймақты дамытуға байланысты ойларын ортаға салды.

Осыдан кейін мен алғашқы болып газетке көлемді сұқбат алып едім. Ал осыдан бір айға жуық уақыт өткен соң, жаңа жыл өтіп, яғни 1998 жылдың қаңтарында облыс әкімі ретінде Түрікменстанға ресми сапармен барды. Өзі кезінде осы елдің сол тұстағы Президенті Сапармұрат Ниязовпен Мәскеуде бірге жоғары партия мектебінде оқыса керек. Өзара жақсы таныс екен. Ашғабат сапарына өзінің орынбасары Жібек Әмірханованы, Түрікменстан диаспорасының өкілі Гүлнар Аннакулиеваны, көмекшісінің бірін, мені және Казправда тілшісі Игорь Черепановты ертіп алды. Зәкең Түркменстанда жүргенінде өте батыл пікірлер айтты. Сол сапарында Ашғабаттағы билік басшыларына: «маған кез келген тақырыпта сұрақ қоя беріңдер, бәріне жауап беремін» деді. Сондағы айтқан өткір ойларын естігенде мұндайды күтпеген Түркменстанның парламент басшылары, депутаттар және министрлер шошып кетті. Қазіргі әйелім Қазақстанның белгілі әншісі, ол да келер еді, бірақ суық тиіп ауырып, келе алмай қалды. Ал мынау соның орындаған әндері деп, аудиокассетасын беріп жатты.

Ашхабадтағы Түркмен басшыларымен ресми кездесуден соң түс әлетінде делегация құрметіне қонақасы беріліп жатты. Мен сол кезде қонақүйден редакцияға материал дайындап, соны жіберіп, біраз кешіктім. Сәлден соң ресторанға келсем Зәкең, «қайда жүрсің, бері кел, қасыма отыр» деп мені Жібек Әмірханова екеуінің ортасына отырғызып алды.

Сапардан келген соң газетке материал дайындадық. Алматы облысының экономикасы, аймақты дамытуға байланысты көптеген тың ұсыныстарын ортаға салды. Мен әрі Азаттық радиосының Қазақстандағы бюросының басшысы едім. Сол жолы радиоға да көлемді сұқбат берді.

Ал 1998 жылдың тамыз айында мен Францияда өткен футболдан әлем чемпионатына қатысып жиырма күндей жүріп келсем, Зәкең мені іздестіріп жатыр екен. Сол тұстағы облыс әкімінің орынбасары Серік Үмбетов көмекшісі арқылы таңертеңгі сағат алтыда маған телефон соғып, көлік жіберетінін айтып, Президент келеді деп, облысты аралауға шақырды. Сол жолы Президент Назарбаев Қырғыз Президенті Асқар Ақаевпен құда болып, кіші қызы Әлияны ұзатып келе жатқан беті еді. Бұл ١٩٩٨ жылы тамыз айының соңына қарай болатын.

Көрші Қырғыз елінен оралған Президент екі тікұшақпен арғы беттен Кеген жақтағы малшылар отырған жайлауға келіп қонды. Бір тікұшақта отыз жауынгер оққағарлары, екіншісінде өздері – Президент және Сара, Заманбек пен Мақпал, қастарында әнші Ержан Белғозиев бесеуі ұшып келді.

Сол арада малшы қауыммен әңігмелесіп, біраз сөйлескен соң Президент пен Сара ұшып кетті де, Зәкеңдер қалып, халықпен емен-жарқын әңгімелесті. Облыс әкімі Кегендегі малшылармен кездесуі барысында «жыл он екі ай мал бағу оңай емес», демек малшылардың еңбегі оң бағалануға тиіс, – деді. Малшылардың балалары тек мал соңында салпақтамай, түрлі экономикалық салаларда оқуы, мамандануы тиіс. Үлкен қалаларда сіздердің балаларыңыз неге қоныстанып, тұрақтанып, өндіріске араласып, сонда тұрақтанып қалмайды, міне соны қолға алуға тиіспіз деген мәселені ортаға салды Зәкең. Сол арқылы алыс ауылдағы малшылардың жағдайын жақсарту қажет екенін қадап айтқан болатын. Осы тұрғыда Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда ауылдан келген қаншама жастарға қала маңайындағы Шаңырақ, Думан аймақтарынынан батыл түрде жер бөліп, бәрін қалаға тіркеп, талай азаматтарды жұмысқа тартты. Оны бүгінде көпшілік жырдай қылып айтып, ризалықпен еске алады.

Сонымен, Кеген өңіріндегі жайлауда малшы қауымның жағдайына қатысты ойларымен бөлісіп, қайтарда бізді қасына ертіп алып, тікұшақпен Алатауды жағалап Алматыға қарай тарттық. Жол-жөнекей туысқан Қырғыз елінің қонақжайлылығы, ауылы аралас екі елдің ынтымағы туралы айтып, көтеріңкі көңіл-күймен қалаға жеттік. Боралдай әуежайына қонған соң біз жөнімізге кеттік.

1998 жылдың алғашқы жартысында «Егемен Қазақстан» газетіне Алматы облысының экономикалық дамуына қатысты өзінің алдағы жоспарларын бөлісіп сұқбат берді. Сол тұстағы Зәкеңнің ойға алған ауқымды шаралары көңілге қонымды болды. Соның бірі Кербұлақ жазығында халықаралық әуежай салдыру идеясы еді. Тіпті жыл он екі ай аспаны ашық, ауа райы қолайлы кең далада әуежай салу жоспарын алғашқы кезде қолға алып, бетон төсеніштер төсей бастағанын көрдік те. Егер сол әуежай салу жоспары іске асып, пайдалануға берілген болса, тіпті алыс Жапониядан, Аустралиядан, Америкадан, Үндістаннан тікелей үлкен ұшақтар келіп қонар еді. Егер сол әуежай Алматыдан алыстау болғанымен, бүгінде облыс орталығы Қонаев қаласынан қашық емес. Бұл осы күні әу бастағы мамандығы құрылысшы әкімнің ойы дұрыс екендігін білдірсе керек.

Облыс басшысы газетке сұқбат беріп болған соң маған, «Көлік керек пе? Бір мәшине бергізейін» деді. Ол кезде «Дәуір» баспасы арқылы облыс тілшісі ретінде арнайы көлік бөлетін, мен соны айтып Зәкең ұсынған мәшинеден бас тарттым. Содан кейін ол кісі сол тұстағы Қаскелең ауданына қарасты КазМИС деген жерден облыста қызмет істейтін кей азаматтар үшін жеке коттедж салдырып жатқанын, содан дайын болған біреуін алуды ұсынды. Ал мен ол кезде қала ішіндегі Таулы қыраттан жеке үй салып жатқан едім. Қаскелең ауданы қаладан алыстау көрінді. Жұмысқа барып келу қиын сияқты болды. Зәкеңнің сол ұсынысынан да мен сыпайы түрде бас тарттым.

Батыр аңғал келеді деуші ме еді. Әйгілі батыр Райымбектің тұқымы осындай болса керек. Зәкеңнің сол аңғалдығын кейбіреулер өз мүдделеріне пайдаланып кететін. Мысалы, «елден алтын жинау» идеясы кімге керек болды? Соны биліктегі басшылардың бірі Зәкеңнің құлағына салып, ол кісіні адастыру үшін мазақ еткендей «медвежья услуга» секілді шара жасады ма дейсің. Алғашқыда қарқын алған шарадан елден көп алтын бұйымдар жиналып, сол науқан кейін саябырсып, соңында аяқсыз қалғаны бар. Ақыры аудан, ауылдардан жиналған алтын бұйымдар кері қайтарылып, таратылып берілді.

Бір жолы облыс әкімі алыс аймақтағы елді мекендерді аралап, қайтар жолда өзі мінген тікұшақтың жанармайы таусылып, Шелек өңірінің Ащысай маңындағы егіні жиналған жазық далаға қонса керек. Соны көрген ауылдың бала-шағасы қызықтап, тікұшаққа жетеді ғой. Сол жерге жақын жүрген жасы ұлғайған кейуана да келіп қалады. Зәкеңді көрген апа қарап тұрсын ба, шырағым Заманбек, мен он бір баланың анасымын, маған Алматыдан бір үй берсеңші депті. Сөйтсе Зәкең: «Апа, менің қалаға үкімім жүрмейді, пәтер бере алмаймын, одан да он кісі сиятын мәшине бергізейін» деп көмекшісіне айтып бір Уаз көлігін беретінін айтады. Сол жерде апайға қалтасындағы бір бума ақшасын ұсынады. Артынша он шақты күн өткен соң айтқан мәшинесі де жеткізіледі. Ал әлгі апамыз да қаражаяу емес екен, әлде ақылшылардың айтуы солай болды ма, әлгі көлікті қаладан үш бөлмелі пәтерге ауыстырып алса керек.

Осылайша, Зәкең өте жаны жомарт, қайырымдылық жасауға бейіл, мәрт, әрі кісіге сенгіш адам еді. Кісінің басына қайғының бұлты үйіріліп, қиын жағдайға түскен сәтінде орынбасарлары арқылы көмек қол ұшын беріп, қамқорлық жасап отыратын. Ондай жағдай өзіміздің де басымыздан өтті, қасйсыбірін айтайық...

Ол кісінің адамдарға сенгіштігі сондай, тіпті үйіндегі сейфінің кілтін де көмекшілеріне сеніп, алаңсыз беріп қоятын болса керек. Содан болар, өте қомақты қаржысынан да айрылып қалғанын естідік. Әлгілер әбден сеніміне кіріп, сейфтегі ақшасын сыпырып алып, сол күйі одан қашып, жоламай кеткен көрінеді.

Кейін облыс әкімі қызметінен кеткен соң Азаттық радиосына көлемді сұқбат беріп, елдегі орын алып отырған әділетсіздіктерге шыдамай, биліктегі біраз басшылардың, тіпті Президенттің, кейбір үкімет мүшелерінің кемшіліктерін бетіне басып, қатты сынағанын естіп жаттық. Ал өзі дүние жинамаған, қызықпаған, парақорлықтан ада, мәймөңкелеп отыруды сүймейтін, дипломатияға жоқ адам еді. Ол кісі алған бетінен қайтпайтын, жемқорлыққа, екіжүзділікке шыдамай, қандай басшы болса да бетіне тіке қарап, ойындағысын айтып салып қарап отыратын.

Осылайша, Зәкең жалғандықпен жағаласып, әділдік үшін аянбай күресіп, мына жалған дүниеден қапияда өте шыққан, батыл да батыр тұлға болып есте қалды.

Саясат БЕЙІСБАЙ, журналист

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Ол... · Мұрағат