Әдебиет әлемі
11 мин оқу 5,621

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ. «Аждаһамен күрес»

9 маусым 2025
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ. «Аждаһамен күрес»

Жұмыста отырған Қанат Нариманұлының телефоны шыр ете қалды. Тұтқаның арғы жағындағы дауыс:

– Қанатжан, бекем бол, кеше түнде нағашы апаң дүние салды, – деді.

Телефон соққан үлкен ағасы екен. Нағашы апасы көптен бері дімкәс еді. Қанат дәрігер ретінде оның еміне араласып, бар көмегін жасағанымен нәтиже болмады. «Әзірге бұл дертті жеңетін қауқарымыз жоқ» деп қамықты ол сол кезде. Жайсыз хабарды ести сала, тез жиналып, асыға басып кабинетінен шығып кетті. Хатшы қызға қайда кетіп бара жатқанын айтуды да есінен шығарды. Жолда келе жатып, «мен бір-екі күн жұмыста болмаймын» деп хабарлама жазып жіберді. Сол жолы дереу ауылға жетіп, нағашы апасын ақтық сапарға шығарып салды. Іштей булығып, көзіне жас та алды. Өйткені, нағашы апасының дерті қалай басталып, қалай асқынғанын жақсы біледі. Апасының құр сүлдері қалғанша күресті. Барлық ем шараларын жасағанымен, меңдеген кесел мықтырақ болып шықты. Жарық өмірден күдерін үзе бастаған нағашы апасы:

– Қанатжан, бәйек болып жанымнан табылып, жасаған еміңе ризамын. Бұл дерттің соншалықты күш алып кетерін өзім де аңғармай қалдым. Біз енді бұл дүниелік емеспіз ғой, – деді.

– Қамықпаңыз, апа. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Сізді аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін.

– Білем ғой, білем. Бәрін де көріп, біліп жатырмын. Денсаулық құрғыр да күн сайын төмендеп барады. Әл-қуатым кеміп, жүріп-тұруға да шамам келер емес.

– Шыдаңыз, апа, бәрі де жақсы болады, – деді Қанат.

Бірақ, өз сөзінің тек қана үміт сыйлау үшін ғана айтылғанын іштей жақсы біліп тұрды. Емге бой алдырмай қойған дерттің мықтылығына мойынсұнды.

Нағашы апасы ауруханадан шығып, ауылына аттанып бара жатқанда соңғы рет көріп қош айтысып қалды. Дүниеден өткен кезінде аяулы бейнесін еске алып, бет сипады.

Көңіл айтып келушілер «Алланың ісіне шара бар ма?» деп жатты. Қанаттың басы мең-зең болып, терең ойға түсті. «Туыс-туғандарын, таныс-бейтаныс адамдардың бәрін дерлік жалмап бара жатқан обыр дертінің алдында шарасыз екенін ұғынды.

Ғалым ретінде осы дертті зерттеумен қаншама жылдан бері шұғылданып, зұлмат кеселдің сан түрлі құбылатынына көзі жетіп, басын шайқады. «Неліктен осы дерт көбейіп кетті» деген сұраққа бас қатырды. Адам баласы бұл дерттен ажалдан қашқан Қорқыт сияқты қашып құтыла алмасын білді.

Қанат келесі жетіде Еуропаға іс-сапарға аттануы керек. Халықаралық конференция өтпек. Сонда ол «Орта Азиядағы обыр дертіне шалдыққандардың ахуалы» тақырыбында баяндама жасайды. Соңғы толықтырулар мен өзгерістерін бүгін-ертең жасаймын деп отырғанда ауылдан хабар келіп, шұғыл аттанып кеткен беті осы.

Нағашы апасын барша ағайын-туыс жылап-сықтап, ақтық сапарға шығарып салды. Мығым денелі, қайратты да қайсар жанды айналасы бір жылдың ішінде адам танымастай күйге түсірген обыр дертінің жебірлігіне қайран қалысты жұрт.

Жаназаға келген кейбір кісілер астан соң Қанатқа жеке жолығып, кеселге шалдыққан жақын-жұрағаттарының бар екенін айтып жатты. «Емдеп жазуға бола ма? Жанын аман алып қалуға бола ма?» десті. Мұндай сауалдарға бір сөзбен жауап беру қиын. Өйткені, ол кәсіби дәрігер ретінде әр жағдайдың өзіне тән ерекшелігі болатынын түсіндіріп берер еді, бірақ, оның бәріне уақыт тапшы болған соң «Маған жолықсын, талдауларын алып келсін» деп қысқа ғана қайырды.

Кесел жалпақ жұртты жайлағаннан бері Қанаттың телефонына тыным болмады. Олардың да бар үміті – білікті дәрігерде. Қанат расында да көп науқасты аман сақтап қалды. Дегенмен, ғасыр дертінің алдында медицина да қауқарсыз. Тұтқиылдан шабуылдайтын жау әскері сияқты бұл дерттің адамды «жеп тастауы» әп-сәтте. Дәрігер ретінде өзін ашық майданда жалаң қолмен күресіп жүрген сарбаз сезінді. Өйткені, әріптестерімен бірге обырды тоқтатудың сан түрлі амалын ойлап тауып жатса да, кесел айналып өтіп, басқа тұстардан қылаң беріп жататынына қайран қалды. Бейне бір көзі бар, жаны сірі тіршілік иесі сияқты. Адамның осал тұсын дөп тауып, сол жерден аямай соққы береді. Денсаулықтың мықтылығына да қарамайды. Қазақ айтпақшы, бір айналдырса шыр айналдырады.

Қанат қалаға қайтып келе жатып обыр дертінің соншалықты күшейіп, белең алып кету себептерін сараптады. Обыр дертін емдейтін зәулім орталықтар бой көтерген сайын қамыға түсті. Өйткені қаншалықты үлкен ауруханалар салынса да, оның іші науқас жандарға лезде толып кететіні үрейлендірді. Осы күнге дейін обыр дертінің кеселінен ауруханада көз жұмғандар санын ойлап, жаны түршігеді. Ауруханадағы жағдайды көріп келеді. Адамдардың қалай қиналатыны, өмірден қалай баз кешетіні – бәрі-бәрі көз алдында. Дерті асқынған науқастарды құлан таза айықтырып жібергісі келеді, бірақ, амал қанша, әзірге бұл дерттің күштілігі медицинаның өзіне күш берер емес.

…Қанат соңғы кезде көп ойланатын ғадет тапты. Тіпті, өзін көңілді жүруге қақысы жоқ адамдай сезінеді. Барлық жауапкершілік өз мойнында жүргендей. Соңғы кездері тіпті уайымшыл болып алды. Оның денсаулығына алаңдаған әйелі:

– Өзіңді сонша қинай бермесеңші. Барлық науқасты емдеп шығаруың мүмкін емес қой. Бір сәт өзіңді де ойла, – деген.

– Түсінесің бе, Нәзира. Мен обыр дертін зерттеп келе жатқаныма көп жылдың жүзі болды. Түбіне жете алар емеспін. Қаншама тәжірибе жасадық. Бірақ, ол бізден гөрі мықтырақ екен. Күн өткен сайын жаңа түрлері пайда болып, түбегейлі ауыздықтай алмай келеміз. Адамның денсаулығына төніп тұрған қауіп-қатермен күн сайын бетпе-бет келемін. Бұл – жаныма жай таптырмайды. Дәрігермін ғой. Гиппократ антына адал болуым керек. Сондықтан соңына дейін күресемін. Бір адамның емес, мың адамның өмірін құтқарып қалғым келеді, – деді.

– Еһ, барлығы сен сияқты ойласа ғой.

– Олай деме, Нәзира. Барлық дәрігер өз міндетін адал атқарып жүргеніне сенімдімін. Арасында мамандықтан қателесіп, осы салада жүргендері де бар шығар. Олар туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ, менің айналамда өз жұмысына шын берілген, барлық тапсырманы тиянақты орындайтын азаматтар жүр. Обыр дертімен күресіп жүрген мамандар біз – бірміз. Мұңымыз да, сырымыз да бір, – деп Қанат әйеліне қарап «көп нәрсені түсінбейсің ғой» дегендей ауыр күрсінді.

Бір жетіден кейін Еуропаға іс-сапарға аттанып кетті. Халықаралық мінбеден Орта Азиядағы обыр дертінің ахуалы туралы баяндама жасап, көптеген өзекті мәліметтерді келтірді. Адам баласының өміріне қауіп төндіріп, ауқымы ұлғайып келе жатқан кесел жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін алға тартып, сөз сөйледі. Ғалымдардың қойған сауалдарына жауап бере отырып, қауымдастықты бірлесе отырып, әрекет етуге шақырды. Мұны өзі «аждаһамен күрес» деп жариялады. Бұл сапардан Қанат өзіне керекті пайдалы мағлұматтарды жинап қайтты. Әсіресе, жасанды интеллект технологияларын пайдалану жөніндегі мәселелерге ерекше ден қойды.

Қанат дәрігерлік мамандықтың бұл түрін саналы түрде таңдап келді. Өйткені, өзінің үлкен атасы да осы дерттен көз жұмған болатын. Атасының қалай азап шеккені, қайтыс болар кезінде қу сүйегі ғана қалғаны әлі күнге дейін көз алдында. Ер жетпеген бала болса да, сол кезде атасының мықтылығына таңғалушы еді. Дерті әбден асқынып, тұла бойын меңдеп кеткенде тамақ жеуден бас тартқаны да көз алдында. Тек қана суды қорек етті. Неге өйтесіз дегендерге атасы «мен бұл кеселді тамақ беріп асырағым келмейді» деді де, ашқұрсақ жатуға бекінді. Бір ай бойы нәр татпай, тек қана су ішіп, ақыр соңында көз жұмды. Не деген қайсарлық, не деген мықтылық! Атасына ешқандай дәрігер көмектесе алмаған сол шақта Қанат өскенде дәрігерлік оқуға түсемін деп шешті. Мектепті үздік бітіріп, медициналық академияға түсіп, тоғыз жыл оқыды. Студент кезінде том-том кітаптарды тауысты. Алдыма қойған мақсатыма қайткен күнде жетемін деп серт берді. Оқуды аяқтаған соң облыстық онкология диспансеріне жұмысқа орналасты. Мұнда ем алып жатқан қарияларды көргенде, атасы есіне түсіп, терең бір күрсініп алды. Жиған білімін осы дертпен күресуге жұмсады. Көптеген науқас жандарға жасаған емі шипа болып дари бастады. Дертінен құлан таза айығып шыққандар да, ғұмыры бір-екі жылға дейін ұзарған адамдар да болды.

Қанаттың кәсіби біліктілігі республикаға да таныла бастады. Түрлі ғылыми жиындарға шақырту алды. Еліміздің әр түкпірінен ақыл-кеңес сұрап хабарласатын әріптестерінің қатары да молайды. Қолынан келгенін аямайды, білгенімен бөліседі. Білікті маман он шақты жылдың ішінде мекемеге бас дәрігер болып тағайындалды. Өзі бұл қызметке ұмтылмаса да, министрлік өкілдері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Қанатқа бұл лауазымды сеніп тапсыруға болатынын ақылдаса келіп, тағайындады. «Қанат Нариманұлы, біз сізді облыстық онкология диспансеріне бас дәрігер етіп тағайындағалы отырмыз. Біршама жыл тәжірибе жинадыңыз, аурухана жұмысын бес саусағыңыздай жақсы білесіз. Сондықтан осы жауапты міндетті де абыройлы атқаратыныңызға сеніміміз мол» деген еді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерхан Мұратбекұлы.

Қанат бұл ұсынысқа қапелімде не деп жауап берерін білмей, алғашында бас тартпақ болып еді, «министрмен келісілген шаруа» деп басқарма басшысы ырық бермей, көнбей қойды. Басшылар айтып тұрған соң, бұл ұсынысты қабылдауына тура келді. Бірақ, дәрігерлік қызметімді де қатар алып жүрсем деген тілегін айтты.

– Ол енді өз қалауыңыз. Басшылық қызметіңізге кедергісін келтірмесе, әрине, дәрігерлік қызметіңізден қол үзбегеніңіз жақсы. Өйткені, сіздің атыңыз бар, елге белгілі азаматсыз. Сондықтан емдік шараларыңызды жүргізе беруіңізге біздің ешқандай қарсылығымыз жоқ, қайта қолдаймыз, – деді Ерхан Мұратбекұлы.

Мекеме ұжымы бұл жаңалықты ести сала, жаңа басшыны құттықтауға асықты. Қанат алда тұрған міндеттерді қысқаша ғана баяндап, барлық қызметкерлерге өз міндетіне жауапты қарауды, науқастарға жақсы қарауды тапсырды. Күн сайын түсіп жатқан жандармен бас дәрігер ретінде өзі сөйлесіп, жағдайларын біліп отырды. Үрейленіп, қорқып келгендерді демеп, психологиялық қолдау көрсетуге тырысты. Басшылық лауазымға келсе де, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан қол үзген жоқ. Оның бар ойы – қайткен күнде де ғасыр дерті атанып кеткен ауыр кеселмен күрес. Осы жолда тынбай еңбек етті.

Міне, бүгін де күрделі отадан шықты. Осылай күн сайын талай науқасқа жәрдемдесті. Бәрін де құтқарып қалғысы келеді, бірақ ол мүмкін емес екенін де жақсы түсінеді. Соңғы кездері жиын-тойға баруды да тоқтатты. Әуелде тойшыл, қызықшыл ортадан өзі бас тартпайтын. Қазір ол райынан қайтып, ұзақ уақытын жұмыста өткізіп, науқас жандарды аман алып қалуға күш салды.

Денсаулығына алаңдамайтын, тек қана сауық-сайранмен күн өткізіп жүрген адамдарды көрсе көп нәрсені айтқысы келеді де, сөздерін іркіп қалады. Айтқанмен, түсіне қоя ма. Бірде поезда келе жатып, думандатып отырған бір топ адамның ортасына тап болды. Таныстықтан соң, әлгі топ қоғамда болып жатқан әртүрлі әңгімелердің басын бір шалып отырды. Ішіндегі біреуі денсаулық тақырыбын қозғап, қазіргі адамдардың әлсіз екенін алға тарта сөйледі. Бұл сөзді қоштаған екіншісі: «Иә, мұның бәрі біздің ішіп-жейтін тамағымыздан» деді.

– Ата-бабаларымыздың заманында қазы-қарта, жал-жая жеп, қымыз ішіп өскен қазақтың денсаулығы әлдеқайда жақсы болмап па еді? – деді үшіншісі. Осы бір сәтте Қанат та әңгімеге араласып, өзінің дәрігер болып істейтінін, күнделікті жұмыста әртүрлі науқастарды емдейтінін айтты. Қазір белең алып тұрған кеселдің түрлерін атай бергені сол еді, ішіндегі біреуі:

– Әй, бауырым, ондайды айтпай-ақ қойшы. Мұны қазақ атам «Аты жаман ауру» демеп пе еді. Ол айтқан сайын көбейе беретін пәле ғой, – деді.

– Олай демеңіз. Бұл кеселге кез келгеніміз ұшырауымыз мүмкін. Одан, әрине, Құдай сақтасын. Мен кәсіби дәрігер ретінде адамдардың бұл кеселге жиі ұшырайтынын байқап жүрмін. Тіпті, ауруханаға күнделікті келіп түсіп жатқан науқас жандар қаншама. Әрқайсымыздың жақындарымыздың арасында да мұндай жағдай кездесіп жатады, – деді Қанат.

– «Кез келген адам бұл дертке душар болуы мүмкін» деген пікіріңмен келіспес едім, – деді ішіндегі еңгезердей біреуі. – Ол адамның өзіне байланысты. Адам күйгелек болса, ұсақ-түйек дүниелерді жүрегіне жақын қабылдай берсе, әрине, ауырып қалады. Мысалы, мен ештеңеге қайғырмай жүре берем. Адам бір нәрсені уайымдаған сайын тұңғиыққа бата береді. Содан қамалып шыға алмай қалады. Бұл – бір. Екіншіден, қазір қоғамда мейірім, бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдық азайды. Рухани күйзеліс көп. Осының бәрі жүйкеге салмақ түсіріп, аурудың небір түрлерін туындатып-ақ жатыр.

– Дұрыс айтасың, бауырым, – деп жасы үлкендеу адам әлгі кісінің сөзін қостай жөнелді.

Қанат бұл айтылған уәждерді жоққа шығармады, бірақ, ғалым ретінде кеселдің пайда болу себептері әлдеқайда терең екенін түсіндірмек болды. Ең алдымен кеселге деген генетикалық бейімділіктің болатынын, отбасында бір адам ауырса, өзге адамда да тәуекелдің жоғарылығын түсіндірді. Сонымен қатар ішімдік ішу, темекі шегу, адам денсаулығына пайда келтірмейтін тағамдарды тұтыну, семіздік, дене қозғалысының аздығы, әртүрлі инфекциялар, қоршаған ортаның ластануы, радиациялар, күн сәулесінің шамадан тыс түсуі, созылмалы аурулардың болуы – осының бәрі аталған кеселдің туындауына себепші болатынын алға тартты.

– Қысқасы, бұл кеселден ешкім де сақтандырылмаған. Қауіп әр адамға төнуі мүмкін, – деді Қанат.

– Енді не істемек керек. Басқа салғанды көреміз де, – деді біреуі.

– Жарайды, басқа әңгімеге көшейікші. Көңілді бір нәрсе айтайықшы, – деді сапарлас болып келе жатқан өзгелер.

Өмір деген тосындығымен таңғалдырады ғой. Қанат дәл осы жолаушылардың ішіндегі екеуін жарты жылдан кейін ем алушы науқастар қатарынан көремін деп тіпті ойламады. Олар да Қанатты бірден танып, сол жолы поезда айтылған әңгімелерді еске алды.

– Қанат Нариманұлы, міне, біз де осы кеселге тап болдық. Ауырамыз деп ойламадық. Тағдырдың жазуы шығар, қайтейік енді, – деп көңілсіздік күйіне түсті.

– Жарайды, бауырларым, берілмеңдер! Мықты болыңдар! Қолдан келген ем шараларын жасаймыз, – деді.

Қанат әрбір науқас жанды жылы сөзімен демеген сайын олардың алдағы тағдырларының қалай болатынын өзі де елестете алмады. Өйткені, әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреуге ем қонады, біреуге қонбайды. Ол мұны да жақсы түйсінеді. Дегенмен, дертіне шипа іздеп келген жандардың өмірін сақтап қалу үшін барын салатынын, күн-түн демей еңбектенуге дайын екенін жақсы біледі. Барлығының дертіне шипа тауып, аман-сау үйлеріне оралғанын көргісі келеді. Алайда, оның бәрі мүмкін емес. Күллі адамзат баласына қауіп төндіріп тұрған кеселдің бұл түрі күн өткен сайын үдей түскендей әсер қалдырады.

...Күндердің бір күнінде өзі де науқастардың төсегіне таңылған Қанат бұл хәлін үнсіз ғана қабылдады. Ешкіммен ашылып сөйлеспеді. Уақыт өткен сайын қуаты кеміп, өңі ағарып, өзін әлсіз сезіне бастады. Осы кезге дейін қаншама науқасты құтқарып қалды. Өзі де осы дертпен күрестің бел ортасында жүрді. Енді міне…жазылмайтын дертке өзінің де қарақан басы душар болды. Іштей жазылмайтын кеселіне лағынет айтып, «өзіммен кетсін» деп көңілін жұбатумен ауыр күндерін өткізіп жатты…

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз