Шежіре
17 мин оқу 5,557

Аманаты ананың – бағдаршамы баланың

11 маусым 2025
Аманаты ананың – бағдаршамы баланың

Жасырып қайтейін, расымен де, әкем мен шешемнің бастан кешкен тағдырлары тым ауыр екенін жалпақ жұртқа жеткізсем деген ой-ниетімнің сана түкпірінде жүргеніне біршама уақыттың жүзі өтті. Атам қазақ «Сабақты ине сәтімен» деген ғой. Реті енді келіп тұрған болар. Шынтуайтына келгенде, мұның барлығы бейнебір тыңдаған жанның жүрегін селт еткізер, жанарына жас үйірер хикая-дастанға бергісіз. Қарап тұрсақ, екеуінің жастық шақтарында өкінішке толы кезеңдер аз болмапты. Сонда да, өмір мен өлім арасындағы арпалысқан, ақиқаты мен жалғаны қайшыласқан заманда отау құрды, шаңырақ көтерді, ұрпақ өсірді. Біздерді аш құрсақ қалдырмас үшін жатпай-тұрмай, күн-түн демей еңбек етті. Қатыгез сұм заманның қитұрқы ісінің барлығы халықтың ешқайсысын айналып өткен емес. Сондай қауіп-қатер: «Көнбегендеріңді өлтірем, көнгендеріңді көсеу қылам» деп әкем мен шешеме де төнген. Қайран заман-ай, қуанышынан өксігі көп, жеңісінен жеңілісі көп бұлдыр заман, алмас жүзді қылышын ары-бері сермеген қатал уақыт. Данагөй аталарымыздың, кешегі өткен тұтас буынның санасында терең із қалдырып, көз жастарын көлдей еткен мезгіл-кезеңнің қандай қиыншылықтармен өрілгенін өздерінен өзге кім толық мәнде сезініп, біле алар дейсіз.

Шешемнің есімі Барша болатын. Анамыздың Тұңғышбай мен Ұзақбай деген көзінің ағы мен қарасындай бауырлары соғысқа аттанып, содан хабар-ошарсыз кетті. Әкелерінің аты-жөні Нүсіпбай Мазыбаев еді. Шешемнің анасы, яғни нағашы апамның есімі – Әспен. Нағашы атамның туған інісі – Сүйінбай Мазыбаев та майдан шебінен оралмады. ١٩٥٦ жылы шешеміздің ағасы – Ұзақбай жөнінде Мәскеудегі орталық мұрағаттан Украинаның Житомир облысы Новгород-Волынский қаласында жерленгені туралы тілдей қағаз келді. Алайда нағашы ағамыздың нақты қай зиратта жерленгені анық көрсетілмегендіктен, яғни белгісіз болғандықтан, мұсылмандық салт бойынша ол кісінің басына туған жерінен бір уыс топырақ апарып, артынан құран бағыштай алмадық. Өкінішті, әрине. Көңілге демеу боларлық жалғыз нәрсе – мәңгілік мекені қай тұста екенінің анықталғаны ғана.

...Сұм соғыс уақыты ел өмірін аласапыран мезгіл билеген шақ қой. Жаумен арпалысып, дұшпанның жолын кесу үшін, дүлей қара күштің мысын басу үшін миллиондаған жауынгер, олардың ішінде өзіміздің қаншама қарагөз қазақтың жігіттері басын бәйгеге тікті. Талайы өлім құшты. Асқан ерлікпен қаза тапты. Батырлықтың ерен үлгісін көрсетті. Олардың алдында бәріміз де бас иеміз. Рухтарына мың тағзым етеміз. Белгісіз солдаттың, туған жеріне оралмаған жауынгердің, отбасымен, ағайын-туғандарымен қауыша алмаған, ыстық құшақтарын жазып, дидарласа алмаған сарбаздардың арасында менің де нағашыларым бар еді. Анамның ет жақын туыстары. Майдан даласында із-түзсіз кеткен нағашыларым туралы қандай да бір деректің ұшығы шықпады. Өмірдегі ең қиын нәрсе де осы екен. Белгісіздік... Қандай ауыр сезім. Жұмыр жердің бетінде, бір аспанның астында күн кешіп жатсақ да, сүйегі жат жерде қалған жақыныңның белгісіздігі адамды әрі-сәрі күйге түсіреді екен. Үнсіз әлеммен тілдескендей боласың. Жауап жоқ. Дерек жоқ. Сөйтіп жүргенімізде ٢٠١٩ жылдың шілде айында бір хабар келді. Ол хабарда Сүйінбай деген нағашы атамның Ресейдің Воронеж қаласы маңынан сүйегі табылғаны айтылды. Бірақ жерленбей қалып қойыпты. Әр жауынгердің жеке басын анықтайтын, өзімен бірге алып жүретін «смертный медальон» дегені болады ғой, нағашы атамның сондай гильза-гиді табылып, ол жөнінде барлық дерек ап-анық көрсетілген екен. Соғысқа шақырылғаны, аты-жөні жазылғаны, т.б. маңызды деректер жайында естігенімде «Иә, Алла» деп шүкіршілік еттім. Өйткені майдан шебінде қаза тапқан нағашы атамның ол жақтағы беймәлім тағдыры ойымыздан бір сәт шыққан емес. Кішігірім хабар болса да, көңілге үміт сыйлар дерек табылып қалар ма деп тебіреністе жүрген кезіміз ғой. Жаратушы өз пендесінің шын жүректен сұраған арман-тілегін қайтармайын деді ме, әйтеуір, нағашы атамыз жайында сарсыла іздеген дерек төбеміздегі аспанды бір сәтте жап-жарық етіп жібергендей болды. Бізбен байланысқа шыққан азаматтар: «Воронеж қаласына келе аласыздар ма? Сол жердегі ұрыс даласынан сүйегі табылды, жеке басын анықтадық. Жағдайларың келмесе, сүйегін қазып алып арулап, бауырластар қабіріне жерлейік», – деді. Ағайын-туыспен ақылдаса келе, нағашы атамның сүйегін өзінің туып-өскен жеріне, яғни Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбеге жерлеуді жөн деп таптық. Себебі анамыз жарық дүниемен қош айтысқанға дейін соғысқа аттанған бауырларынан бір сәт те күдер үзген жоқ, өмір бойы күтумен өтті ғой. Сондықтан ол кісінің сүйегін ауылға әкеп жерлейміз деп шештік.

Атамыздың сүйегін тапқан Ресейдің Воронеждегі іздеу отряды «Патриот» деп аталады екен. Ондағы Андрей Сколевой деген орыс азаматымен тілдестім. Ол атамыздың сүйегін Қазақстанға өздері алып келетіндіктерін айтты. ٢٠١٩ жылдың ٢١ қазанында Александр Сапрыкин, Александр Копытин және тағы біреу бар, сонымен ٣ орыс азаматы ұшақпен Алматы қаласына жеткізді. «Сағат төртте Алматының әуежайына келеміз, күтіп алыңдар», – деді. Мұндай сәтті бастан өткізудің өзі – өмір бойы ұмытылмастай әсер беретін күшке ие. Ауылыма хабарласып, аудан әкіміне шықтым. Ол кісіге көп рақмет, Алла разы болсын деймін, сөзге келместен дереу барлығын жұмылдырып, дайындық шарасын жүргізді. Кешке қонақасын беретінімізді айтып, ٢٢-сі күні сағат ١١-де жиын жасайық деді. Бүкіл ауыл азаматтары болып арулап, өзінің туған топырағына жерлейтін болып келістік. Ел-жұртқа хабар бердік, барлығы құлақтанды. ٢٢ қазан күні сағат ١٠-да Сүмбе ауылында жиналыс болып, сағат бірде ас берілетіні жөнінде хабарладық. Таңғы ٨-де сүйекті әкелем деген Андрей Сколевой телефон шалып, Мәскеу арқылы алып келе алмайтынын, құжаттардың дұрыс болмай жатқаны туралы хабар берді. «Сүйекті өзімізбен бірге алып келеміз деп ойлап едік, бірақ ойға алғанымыз орындалмады. Оны «Груз ٢٠٠» деп рәсімдеу керек екен», – деді. Сондықтан құжаттарды қайта жасайтынын, бұған кем дегенде бір апта уақыт кететінін айтты. «Қап, әттеген-ай» деп, мен бұл ақпаратқа қатты абыржыдым. Өйткені бүкіл ел-жұртты шақырып қойғанбыз. Сөйтіп не істерімді білмедім. Ақ үмітіміз су сепкендей басылғаны ма, бұл қалай болғаны деп, сан түрлі ойға берілдім. Дүниеде ойға алған мақсатыңның өз жоспарыңдай жүзеге асқанына не жетсін. Шамамен жарты сағаттан кейін Астанадан бір бейтаныс әйел белгісіз нөмірмен телефон шалды. Өзін Әлия Сағынбаевамын деп таныстырды. Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздейтін «Атамның аманаты» деген ұйым құрғандығын, өзі сол ұйымның құрылтайшысы екенін жеткізді. Москвадан өзіне хабарласқанын, ұйымнан қандай көмек қажет екенін сұрады. Мен ауылда жерлеу рәсімін өткізетінімізді, қаралы жиынға адамдар шақырып қойғанымызды және артынан ас беретінімізді, сүйекті әкелетін адамдардың құжаттары дұрыс болмай жатқанын айтып, ол кісілердің көмектесуін өтіндім. Ол кісі Қорғаныс министрлігіне хабарласатынын айтты. Күтпеген кезде Министрдің орынбасары маған телефон шалып, тікелей сөйлесті, келістік. Сол күні кешкі ٨-де ұшып шығып, таңғы ٥-те Алматыға келетін болды. Сүйекті таңғы сағат ٥-те бүкіл ел болып, Қапшағай әскери бөлімі жауынгерлерінің құрметті қарауылымен Алматы әуежайынан күтіп алдық. Сөйтіп біз бір-бірімізге басу айтып, сағат ٦-да жолға шығып, ١٠-да ауылға жеттік. Сағат дәл ١٠-да нағашы атамның сүйегін алып, қаралы жиын өтетін жерге жеттік. Ауылдағы қара-құрым халық, қариялар: «Кебенек киіп кетіп, кебін киіп келген ағатайым-ау!» – деп зар иледі, жоқтау айтты. Сай-сүйегіміз сырқырады, мен тіпті бүгіліп қалдым. Бірақ еңсем түскен жоқ. Санамда бір сәуле сабырға шақырды. Құдайға тәубе дедім. Әйтпесе осы күнге де жете алмай жүрдік қой. Туған жерінен жырақта, бөтен топырақта талай жыл жатып қалған нағашы атамның сүйегін ойласам, жүрегім қарс айырылғандай болады. Кешегі сұм соғысқа лағынет айтып, бұл өмірден баз кешіп кеткің келеді. Өзіңнен өзің қыстығып, көз жасыңа ерік те бересің. Қандай жағдайда да адамның құны, адамның байлығы – оның туған жерінде екенін түйсінесің. Осындай кезде бауырларын ойлаумен дүниеден өткен сорлы анамды ойлаймын. Азды-көпті бұл өмірдің қызығын көре алды ма, жоқ па. Қуанышынан қайғысы басым болып өтті ғой. Дәтке қуат етеріміз – анамның бізге қалдырған аманаты – нағашы атамыздың сүйегін тауып, арулап туған жердің қойнына тапсырғанымыз.

Қаралы жиында ел ағалары сөз сөйледі. Жиын біткен соң туған топырағын аңсаумен өткен нағашымызды арулап, ағасы мен жеңгесінің қасына қойдық. Марқұмның рухы алдындағы бір парызымды орындағандай күй кештік. Қайталап айтайын, осындайда туған топырақтың қадірі қаншалықты ыстық болатынын түсінеді екенсің. Әсіресе Отан үшін қиыр шетте жүріп қаза тапқан қазақ дейтін асыл текті жұрттың ұландары үшін туған елдің бір уыс топырағынан артық, қымбат ештеңе жоқ шығар, сірә. Бола да қоймас... Жалпы, нағашы атамыз қасиетті кісі болған деп санаймын, себебі мүлде танымайтын адамдар көмек қолын созып, жолымыз оңынан болды ғой. Бәрі бір сәтте. Талай жылғы қол жетпес арман, мінеки жақындап қалғанда жаныңды қоярға жер таппайды екенсің. Бұл кездейсоқтық па? Әйтеуір, тылсым бір күштің бар екені анық. Ұлы құдіретке сенеміз. «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген осы. Анамның тірі кезіндегі көз жасын Жаратушымыз қабыл етіпті. Шүкір, шүкір. Өкінішке қарай, өзі аман келмесе де, нағашымыздың асыл сүйегі туған жерінің топырағына оралды. Талай жыл соңдарында зар илеп жүрген туыстары үшін бұл оқиғадан қымбат не бар. Әсіресе жарықтық анамның рухы жатқан жерінде бір аунап түскен болар. Сөйтіп туған топырағын ٨٠ жылдай аңсап, қатты сағынған нағашы атамды да жер қойнына тапсырып, бұл бір жағы анамның тапсырып кеткен аманаты болғаннан кейін, екіншіден, өзімнің де талай жылғы арман-тілегіме айналып кеткеннен кейін рухани тұрғыдан серпіліп, бір сәт жеңілдеп қалдым. Бір сәт деп отырғаным, алда әлі де екі үлкен аманат пен парыздың тұрғанын жақсы сезінемін. Яғни, сұрапыл соғыста белгісіз кеткен Тұңғышбай мен Ұзақбай нағашыларымның мәңгілік мекендеріне туған жердің топырағын апарудың сәті түспегенін ойласам, іші-бауырым езіліп, қайтадан от боп күйіп кетемін...

Сүйінбай атамыздың сүйегін жерлегеннен кейін Астанадағы «Атамның аманаты» ұйымы атынан Әлия Сағынбаева келді. Дидарластық, өткен-кеткенді қозғап, әңгіме тиегін ағыттық. Артынша соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуші Күлән деген апайымыз хабарласты. «Өлгендер қайтып келмейді» дегендей, соғыста шейіт болған жандардың бүгінгі ұрпақтары, яғни мына біз, аталарымыз жайында қандай да бір дерек анықталса, соның өзі қамығып жүрген көңілімізге титтей де болса жұбаныш.

***

Жалпы, Сүйінбайдан бөлек екі нағашы ағам бар. Оған Тұңғышбай мен Ұзақбайдың өлі-тірі екенін білмейтініміз туралы айттым. Ол кісі нағашы ағаларымның аты-жөнін жазып алып, бір аптадан соң хабарласты. Адам өлім жайлы хабарға қуана ма, дегенмен ол кісі Ұзақбай Нүсіпбаевтың қайда жерленгені туралы дерек тапқанда, қуанбасақ та, көңіліміз көтеріліп қалды. Нағашы ағам Украинаның Житомир облысы Новгород-Волынский қаласы Шех көшесіндегі орталық зиратта жерленіпті. Биыл сол нағашы ағам – Ұзақбайдың жерленген жеріне барып, қабіріне туған жерінің топырағын сеуіп, басына құран оқысам деп едім. Ертең не болатынын білмейміз, барлығы бір Алланың құзырында ғой. Әлемді жайлаған індетке байланысты жоспарым жүзеге аспай қалды.

Бір шаңырақтан Нүсіпбек атам мен Әспен әжемнің екі ұлы, Сүйінбай атам кетті. ٧٧ жыл өткеннен кейін атамыздың сүйегі табылды. Осының барлығы – Алланың бұйрығы. Екі бірдей баласы оралмағаннан кейін әбден құса болған Нүсіпбай атам ерте, яғни ١٩٤٧ жылы дүниеден қайтқан. Содан кейін Әспен әжемізді әкем өз қолына көшіріп алған.

***

Әкем – соғыс ардагері, ٨٣ жасында қайтыс болды. Ол кісі ١٩٤٢ жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Тұйық мектебінде мұғалім болып жүргенде соғысқа шақырылады. Сөйтіп, Украина майданындағы соғысқа қатысады. Офицерлік курста оқып жүргенінде училище басшысы шақырып алып: «Дайыр деген інің бар ма?» – деп сұрайды. Әкем: «Иә!» – деп жауап қатады. Училище бастығы әкеме інісінің Мәскеу түбінде қаза тапқанын айтып, оның жерленген жеріне барып қайту туралы ақыл-кеңес айтады. Қанша дегенмен әскери адам емес пе, жылы сөйлесе де, бұйырады. Сонымен, әкем ١٩٤٢ жылы інісінің басына барып қайтқан. ١٩٤٤ жылдың ١١ наурызында Вайтоп станциясын фашистерден азат ету кезінде бораған оққа тап болады, снарядтар да төпелейді. Немістер топырақ астында қалып, ес-түссіз жатқан әкемді тұтқындап, бір құлаған үйге әкеп қамаған екен. Әкем партия мүшесі, әрі коммунист, әрі взвод командирі болған. Есін жиып, өзіне-өзі толық келгеннен кейін партия билетін сол үйдің мұржасына жасырады. Немістер тұтқынға түскендердің ішінен коммунистер мен командирлерді қолма-қол атып тастайды екен. Қалай екенін кім білсін, соғыспен есі шығып жүрген немістер әркімді бір тексеріп, аса қазбаламаған. Қолға түскендер сол жерде үш күн жатады. Содан қасындағы жауынгерлермен бірге тұтқыннан қашып шығады. Тұтқыннан қашып шыққан жауынгерлер ١٤ наурыз күні қайтадан өзінің әскеріне қосылады. Бірақ барлығы ١-٢ ай тексеруден өтеді. Іштерінде әкем де бар. Тергеу кезінде әкем партбилетін қайда тыққанын айтады. Тұтқында болған ауыл ол кезде азат етіліп, совет жауынгерлерінің қолында екен. Әкеммен бірге барып, «смерчтың» жауынгерлері «тықтым» деген жерді тексереді. Іздеген партбилет мұржадан шыға келіпті. Содан «немістердің қолына өзі барып түскен сатқын» деген күдік сейіліп, әкемді ақтаған екен. Дегенмен, шара қолданады. Әкемнің дәрежесін төмендетіп, взвод командирлігінен бөлімше командирлігіне түсіріп, Прибалтика майданына жібереді. Тұтқынға қалай түссең де айыптысың. Айыбыңды тек қанмен жууың керек. Кілең айыпты-штрафниктерден құрам жасақтап, нағыз тозақтың отына салады. Қарсы жүрсең алдыңда – немістер, артыңда – пулемет ұстаған өз адамдарың, совет сарбаздары. Алға жүрсең де, артқа шегінсең де, күтіп тұрғаны – өлім, қайтесің – көнесің. Көнбегендерді өз адамдары атып тастаған. Сөйтіп жүріп Латвияны азат еткендерін айтып отыратын әкем. Біз бұл әңгіменің ауанына ден қоя тыңдай отырып, сол кездегі заманның қаншалықты қатыгез, аяусыз болғанына іштей ой жүгіртетінбіз. Расымен де, айналаның бәрі өртке оранып, адам өмірі шырпы сияқты жанып кетіп жатқан қатыгез соғыста кімнің есесі бірінші кетіп, кімнің аты мезгілінен бұрын омақаса құламады дейсіз. Жеңіске деген сенім мен үміт қаншама жауынгердің қайратын шыңдап, жігерін жаныды. Алайда жеңісті оңайлықпен бере салайын деп тұрған фрицтерің тағы жоқ. Барған сайын бастырмалатып барады. Жолдағыны қырып жаншимыз. Әуедегіні топ еткіземіз деп анталап келеді. Ақ пен қараның арпалысы, дүлей күш пен адал күштің текетіресі немен аяқталары белгісіз. Десек те, фашистерді тізе бүктіру – әр жауынгердің алдында тұрған қасиетті парыз. Әкем де сол жолда аянып қалмады. Соғыстың бел ортасына кіргеннен қандай қиындыққа душар болса да, адымдай берді...

Маршал Баграмян бүкіл офицерді жинап алып: «Бауск қаласын азат етуіміз керек», – деп тозақ-соғыстың енді болатынын айтады. Сол соғыста екі аяғына бірдей оқ тиеді, басынан жарақат алады. Снаряд дәл қасында жарылған-ды. Есін жиған кезде немістердің госпиталінде жатқанын бір-ақ біледі. Қасында нарынқолдық Әділ Ысқақов деген жігіт бар екен. Ол да жаралы, ол да төсекке таңылған. Әділге де оқ тиіп, екі аяғынан жүре алмай қалыпты. Ал өз аяғымен жүре алатындарды пароходқа мінгізіп, алыстағы герман жеріне алып кетеді. Әкем сонда барып түсіпті, Әділ аға Латвияда қалған. Неміс жерінде жұмыс істегендерін айтушы еді әкем. Совет заманында бала кезімізден бастап Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы киноларды көп көрдік қой. Немістердің госпиталінде жатқанда киімдерінің бәрі қан-қан екен, әйтеуір етігін ешкім шешпепті. Партбилетін ұрысқа кірер алдында етігінің ұлтарағының астына тығып қойыпты. Тұтқынға түскен кезінде тексергенде байқамаған. Есін жиған кезде де аңдамаған. ١٩٤٥ жылдың мамырында екінші майдан ашылғанда америка, ағылшын жауынгерлері оларды тұтқыннан босатып, совет әскерлерінің қолына тапсырады.

«Немістер тұтқынынан босағаннан соң өз адамдарымыздың қолына тұтқынға түстік. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, мұнда да ٢-٣ лагерьде болып, талай азапты бастан кештім. Үнемі аш құрсақсың. Жейтінің – майы жоқ быламық, ішетінің – сылдыр су. Қара судың өзіне қолың әрең жетеді. Адам таяққа да, боқтық-соқтық пен балағатқа да үйреніп алады екен. Қол ұшын беретін ешкім жоқ. Алты ай бойы тергеп-тексерді. Қоятындары – бір сұрақ, еститіндері – бір жауап. Мақсаттары – қайткен күнде де отанымды сатқанымды, сатқын екенімді мойындатып, итжеккенге жіберу. Сібірдің суығы мен аязынан, аш-жалаңаш жүруден, итке таланудан да қорыққан жоқпын. Бірақ ешқашан өтірік айтпауға тәрбиеленгем. Себебі адамнан емес, Алладан қорқамын. Өтірікті қалай мойындаймын? Ақыры, партбилетімді алып шықтым. Олар не істерін білмей дал боп, мені біраз күн мазаламады.

Болат деген татар жігіт менімен бірге тұтқында болды. Тіліміз – жақын, бір-бірімізді түсінгеннен кейін екеуміз сырласамыз кеп, іштегі шерді шығарамыз. Қалай тұтқынға түскенімді Болатқа айтатынмын. Ол да ішіндегі запыранды төгеді. Үш ай өткеннен кейін ғой деймін, бір күні мені бір кабинетке шақырды, үш-төрт адам отыр екен. Әскери форма киген Болатты танып қалып, қуанып кеттім. Ақперіштем келіп, мені қылбұраудан босататындай боп елестеп кетті маған. Аузымнан: «Болат!» – деген сөздің қалай шығып кеткенін білмеймін. Ол маған үндеме дегендей белгі берді. Сұрақтарға жауап беріп, болған жағдайды жіпке тізгендей етіп айтып шықтым, үміт бар. Қамаудан босағандай, азаптан құтылғандаймын. «Болатқа жақсы мінездеме жаздыра гөр!» – деп дұға қылдым. Алла дұғамды қабыл қылды, қуанышымда шек болсайшы. Келесі күні Болат маған жақсы мінездеме жазып берді. Менің өз бетіммен берілмегенімді, партбилетімді тығып, сақтап жүргенімді көрсетіпті. Нағыз коммунист осылай істейді деп келтіріпті. Содан жақсы қорытынды жасап, офицерлік шенімді қайтарып, медальдарымды өзіме қайта тапсырды. Сол Болаттың арқасында сотталмай, аман-есен құтылдым», – деп отыратын әкем марқұм. Заман түзеле бастағанда әкем өткен-кеткенді түгендеп, іздене бастады. Сөйтсе, «Қызыл жұлдыз» орденіне де ұсынылыпты. Орден берілетін күні немістердің тұтқынына түскен-ді. Барлық құжат пен орден мұрағаттан табылды. Ақыры, бәрі әкеме қайтарылды ғой...

Иә, кейде қатал тағдыр адамды дауылы көтерілген теңіздегі кемедей ары-бері, оңды-солды шайқайды. Майдан шебінде жүрген әкемнің жауынгерлік жолы сан түрлі оқиғалармен тізбектеліп өтіп жатқанының өзі қайран қалдырады. Былай қарасаң, соғыстың өзі адам үшін ауыр азап. Ал ауыр азаптың ортасында жүріп басқа да қиыншылықтарға тап болуың, соған шыдауың, азаматтық ұстамдылықпен көтере білуің, шын мәнінде, кез келген адамнан ерек ерік-жігерді талап ететіні хақ.

***

Сөйтіп әкем ақталса да, түрмеден босап шыққанша біраз уақыт өтеді, ١٩٤٦ жылы ауылға аман-есен оралады. Қираған шаруашылық, тұралаған ел. Жұмыстың барлығы – шал-шауқан мен қатын-қалаштың, жастардың мойнында. Тозған үй. Ол кісі ауылына оралғанда әкесінің үйінде басқа адамдар тұрып жатады. Сөйтсе әкемнің ұрыста қаза болғаны туралы қара қағаз келген екен. Сол кезде Нүке атам сенбепті, ол кісі молда болған, бес уақыт намазын қаза қылмаған адам. Өзі көріпкел, аруақпен тілдесе алатын қасиеті де болған. «Аруақтардың ішінде, марқұмдардың арасында балам жоқ. Ол тірі, әлі-ақ аман-есен келеді», – депті. ١٩٤٤ жылдары атам Сүмбе, Бірлік колхоздарының қой фермасында ферма бастығы болып жұмыс істеген. Ол кезде қойды маусым айында қырқып, жайлауға шығарады. Мына қырсықты қарасаңшы, жаздыгүні жайлауда қар жауады. Сол кезде, жүні қырқылған тақыр қой шыдасын ба, колхоздың біраз қойы қырылып қалыпты. Сонда: «Қойды әдейі айдадың, халық жауысың. Іште жүрген ішмерез дұшпансың!» – деп, атамды ١٢ жылға соттайды. Атам Талдықорған облысының Текелі қаласында жұмыс істейді екен, сол жерге іздеп барады. Жеті жыл отырған соң ол кісіге рақымшылық жасалып, ١٩٥٠ жылдардан кейін түрмеден босатылады.

Атам – Нүкенің екі ұлы болған: Ағожа және Дайыр. Бұл тағдыр дегенді қойсаңызшы, ١٩٤١ жылы Ағожа да, Дайыр да майданға аттанады, екеуі де бір жерде болған. Бауыры – Дайыр Мәскеу түбінде оққа ұшып, әкемді шақыртып, сөйтіп жерленген жерін көрсеткен екен.

1946 жылы елге оралған әкем Сүмбе мектебінде мұғалім болды. 1968 жылы «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 1982 жылға дейін Жаңасай мектебінде директор болды. Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы атанды. Шешеміз Барша екеуі алты ұл, үш қыз тәрбиеледі, немере, шөбере сүйді.

Тоқсаныншы жылдары әке-шешемді Алматыға көшіріп әкелмек болдым, бірақ әкем: «Ауылдағы ағайын Ағожа үй алу үшін кетті деп дұрыс түсінбей қалады. Бізді әурелеме, балам. Ауылдан ешқайда кетпейміз», – деп көнбеді.

2001 жылы шешем, 2003 жылы әкем өмірден озды. Ата-анамның, нағашы ата-әжемнің зиратына барып, құран бағыштағанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Соғыстың соңғы көктемі» атты өлеңі тілімнің ұшына орала береді.

***

Әкем соғысқа аттанарда Жаңылхан есімді қызға үйленіп кеткен екен. Мына құдіретті қараңызшы, бірінші анамның есімі тектен-тек Жаңылхан деп аталмаса керек. Жаңылған ғой, ата-ананың, Алланың разылығымен қосылған жарының аман-есен келетініне сенбей, үмітін үзіп, қара қағаздан кейін ол да басқа адаммен некесін қидырған. Өзінің алғашқы күйеуі келген кезде екінші күйеуімен тұрып жатқан. Соғысты кінәламасаң, басқа кімді кінәлайсың?! Барлығы шариғат жолымен болған, дұрыс істелген. Ешкімге де кінәрат арта алмайсың. Содан, атам әкеме: «...жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген. «Бас құра, үйлен! Жар таңда, қалыңдық ізде! Ауыл ақсақалдарымен ақылдасайын. Кімнің қызының басы бос, әрі тәрбиелі, көргенді. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» демей ме, қазақ?! Әке-шешесін байқастайын. Сен қызбен сөйлесе бер. Құда түсіп, алып берейін», – дейді. Содан әкем қалыңдық таңдап, ауыл адамдарынан сұрастыра бастайды. Ол кезде Каганович, қазір Жаңасай деп аталатын ауылда екі бірдей баласы мен туған інісі соғыстан оралмаған қара шал мен кемпір бар екенін айтады, ауыл адамдары. Сол кісілердің пысық, үй іші мен ыдыс-аяқты таза ұстайтын, мал-жанға бірдей қарайтын Барша деген қызы бар екен. Кейін сол Барша бізді дүниеге әкеліп, бізді тәрбиелеп өсірді ғой. Міне, сол қыздың әке-шешесіне құда түсіп барады. Болашақ анам сол кезде ١٩ жаста. Нағашы апам қиғылық салып, екеуінің қосылуына қарсы болады. Қызын бермейтінін айтады. Сондағы уәжі: «Қатын тастаған адамға қызым тимейді. Мұны да бір жерге апарып, қаңғыртып жібереді», – деп азар да безер бопты. Содан нағашы атам ойланып отырып апама былай деп басу айтып, әрі тыйып тастапты: «Неменеге бұлқан-талқан боласың? Адам танымаймысың? Бұлар да жетісіп, жырғап отырған жоқ. Заман түзу болса, екі ұлымнан, туған інімнен айрылып, зарлап қалар ма едім? Бүкіл ел, бүкіл халық жылаулы? Артында ұрпақ қалмаса, халықтың да қарасы өшпей ме?! Менің түтінімді ұшырып, ұрпағымды жалғастыратын енді – қызым. Бұл баланың да басынан кешкен тауқыметі көп екен: соғыс көрді, әкесі де кіші баласынан айырылып отыр. Сол бұлардың қалауы ма еді? Бұл бала көңіліме ұнады. Қызымды беремін, батамды беремін. Сен де қарсы болмайсың». Ұрпағын өрбіте алмайтынын, бар үміті қызында екенін тағы да айтып, шешеме: «Ұрпақты болыңдар!» – деп батасын беріп, әкем мен шешемнің қолдарын ұстатып, екеуін қосып жіберіпті. Содан шешем айтып отырады: «Тоғыз бала сүйдім. Сендер дүниеге келдіңдер, мен Нүсіпбайға ризамын. «Батамен ел көгереді, жауынмен жер көгереді» деген. Сендер барсыңдар, шүкір, тәубе», – деп. Осы сөзді шешем мың сан қайталап айтқан шығар. Айтатын да, әкесіне ризашылығын жаудырып, артынша марқұм әкесіне дұға қылатын.

Әкемдей адал әрі еңбекқор, балажан адамға тұрмысқа шыққанына разы боп, өзін бақытты санап өтті өмірден шешем. Қанағат пен тәубені жан-жүрегімен бойына қондырған адам қандай қиыншылықтың, жамандықтың өзін жақсылық қылып жібереді. Мұны сабырлылық деп айтады ғой деймін. Мен де: «Уа, Алла! Әкем мен анамның сабырын бере гөр», – деп құлшылық қыламын. Қазақ «сабыр түбі сары алтын» деп бекер айтты деймісің? Біздің киеміз бен иеміз де, жол нұсқаушымыз да қазақтың осындай тәмсіл сөздері ғой. Қазақтың осындай асыл сөздерін жүрегімізге ендіріп, дәстүрінен аттамасақ, жоғалтқандарымызды қайта табатынымыз анық.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

АМАНАТЫ АНАНЫҢ – БАҒДАРШАМЫ БАЛАНЫҢ · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар