Экспорт
1 мин оқу 65,293

Қолдау көрсету көлемі артты

2 ақпан 2023
Қолдау көрсету көлемі артты

Жедел деректер бойынша, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткішке – 259,1 млрд теңгеге жетті. 2021, 2020 жылдары бұл көрсеткіш 204,7 млрд теңгеден және тиісінше 134 млрд. теңгеден аспаған болатын. Ұсынылған экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 20,02 млрд теңгені құрады.

«KazakhExport» басқарма төрағасы Аслан Қалиғазиннің айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрақсыз экономикалық жағдайға байланысты көптеген елдердің экспорты айтарлықтай төмен­деді, екінші жартыжылдықта қазақстан­дық компаниялар өзгерістерге бейімделіп, өздерінің сыртқы сауда операцияларын қалпына келтіре алды. «2022 жылы KazakhExport  80 экспорттаушыға қолдау көрсетті. Олар 526 шетелдік сатып алушымен сауда қаты­настарын орнатты. Қазақ­стандық экспортқа қолдау көр­сетуге бюджет қаражатын пайдаланбай, «KazakhExport» сақтандыру өтемімен қаржы институттарынан 166,2 млрд теңге сомаға қаражат тартылғанын атап өткен жөн», – деді Аслан Қалиғазин.

Экспорттық бағыттар тізі­мінде Өзбекстан, Ресей, Ау­ғанстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Қытай, Түрікменстан, Әзербайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия және Түркия сияқты елдер бар. Салалар бойынша тамақ өнеркәсібі – 42% (май-тоң май өнімдері, сусындар, тұз, ұн, жарма, крахмал, кондитерлік, шұжық және ет өнімдері). Машина жасау мен металлургияға 24,4% және тиісінше 14,4%, көрсетілетін қызметтер экспортына – 5,3%, химия өнеркәсібінің тауарларына – 3,4%, агроөнеркәсіп­тік кешен өнімдеріне – 2,4% келеді.

АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Қолдау көрсету көлемі артты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар