Игі жобалар бастау алды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен аудан, қалалардың негізгі көрсеткіштері бойынша ай сайынғы рейтинг жүргізілуде. Рейтингке өнеркәсіп өнімінің көлемі, негізгі капиталға салынған инвестиция, ауыл шаруашылығы өнімі, шағын және орта кәсіпкерліктегі өнімдер құрылыс жұмыстарының көлемі және пайдалануға берілген тұрғын үй алаңының көрсеткіші енді.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста жоғарыда аталған мәселелерге байланысты аудан, қалалардағы жыл жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Бірқатар басшылар облыс әкімінің сынына ілікті.
«Біздің басым бағыттарға жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция көлемін арттыру және өзге де көрсеткіштер енгенін білесіздер. Индикаторлар дұрыс орындалуы үшін 2024 пен 2025 жылдарға қазірден жоспар жасаған жөн. Жобаларды 2-3 жыл бұрын жоспарлау керек. Ерте бастамасаңыздар үлгермей қаласыздар. Жер бөлу, жобалық-сметалық құжат жасау, инфрақұрылым реттеуге уақыт кетеді. Бүкіл аудан, қаладағы пайдалы қазбаларды, ресурстарды, мүмкіндіктерді толық тексеріп, зерделеп шығыңыздар. Соған сай жоспар жасап, жұмыс жүргізу қажет. Екіншіден, басқарма басшылары аудан, қала әкімдерімен бірлесе жұмыс атқарсын. Жол көрсетіңіздер. Жүйелі әрі кластерге негізделген жобалар әзірленуі тиіс. Әлі де дұрыс ұсыныстарды көрмей тұрмын», – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 128 нысаналы индикатор қарастырылған. Оның орындалуы бақылауда.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі биылға 815,4 млрд. теңге деңгейінде жоспарланып, 11 айда 776,8 млрд. теңгені құрады.
Оның ішінде 400 млрд. теңгеге жуығы немесе 62%-ы жеке инвестициялар есебінен. 2023 жылға жалпы құны 398,5 млрд. теңге құрайтын 26 жоба жоспарланған. Инвестиция көлемі шағын кәсіпорындар есебінен де артпақ.
Ауыл шаруашылығы көлемі бойынша биылғы жоспар – 1 трлн. теңге. Келер жылы құны 58 млрд. теңге болатын 5 ірі жылыжай кешенін, және де құны 9,6 млрд. теңгеге 3 сүт-тауарлы ферма іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ 860 мың гектар егістен 4 млн. тоннадан астам өнім жиналады деп күтілуде. Нәтижесінде, жалпы ауыл шаруашылығы өнім көлемі 1,1 трлн. теңге деңгейінде жоспарланды.
Құрылыс жұмыстары көлемі 11 айда 269,2 млрд. теңгені құрады. Биылға жоспар – 329,1 млрд. теңге. Келер жылы қарқын бәсеңдемейді. 2023 жылы 487 нысанның құрылысы және 240 нысанның жөндеу жұмыстары жоспарланды. 11 айда жалпы ауданы 800 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. 2023 жылға жоспар – 866,4 мың шаршы метр. Оның ішінде 277,3 мың шаршы метр бюджет есебінен (72 үй, 4 639 пәтер), қалған 589,1 мың шаршы метр жеке қаржы есебінен салынатын болады.
Сонымен қатар келесі жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерліктегі өнім көлемі көрсеткіші рейтингке енгізіліп, 1,5 трлн. теңге көлемінде жоспар бекітілді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 3,1 млрд. теңге, жаңа бизнес идеяларға гранттарға 2,3 млрд. теңге, ауылдардағы жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге 3 млрд. теңге қарастырылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын субсидиялауға 22 млрд. теңге бөлінді. Субсидия алушы кәсіпорындардың басым бөлігі шағын және орта бизнес санатына жатады.
ЗАУЫТ ӨНІМДЕРІ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛМАҚ
Отандық жөргектер шығаратын еліміздегі алғашқы зауыт Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы Ақсукент ауылында орналасқан. Жұмысы қарқынды жүріп жатқан «Capable group» кәсіпорны облыс орталығындағы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында өндірісін кеңейтуді көздейді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесу барысында талқыланды. Облыс басшысы инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың жолдарын айтты. Басым бағыттар – өндірісті арттырып, жұмыс орындарын ашу.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өңірде жүзеге асқан инвестициялық жобалар саны артуда. Кездесуде инвестор өндіріс орнының дамыту мүмкіндіктерімен бөлісті. Өндіріс орнында жұмысшылардың 60%-ы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Инвестор өз өнімдерін ЕАЭО және ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл отандық экспорттың дамуына қосымша серпін бермек.
Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді қазақстандық жөргектер «Алтын бала» және «SimboBaby» атауымен шығарылып жатыр. Жапондық және еуропалық технология қолданылады. Шикізат Түркия, Германия, Қытай және АҚШ елдерінен әкелінеді. Кәсіпорын минутына 500 дана, ай сайын 8 млн. балаларға арналған жөргек шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны толық қуатқа шыққанда жылына 500-600 миллион дана жөргек шығаруға мүмкіндік алмақ. Сонымен бірге ересектерге арналған жөргек пен сабын шығаруды қолға алмақ.
ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН ЖЕЛІМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысында тұрғындарды кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биыл облысқа қарайтын қалаларды су бұрумен жабдықтау саласы бойынша 9 нысанға бюджет есебінен 7,1 млрд. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы құрылысы аяқталады. Кәріз тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды.
Өңірдің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, облыстағы Түркістан, Кентау, Арыс, Ленгір, Жетісай, Шардара қалаларының тұрғындары 33,2%-ға кәріз жүйелерімен қамтылған. Түркістан қаласында 27 дана кәріздік-сорғы станциясы мен кәріз-тазалау имараты бар.
Халық санының өсу қарқынын, сондай-ақ құрылыстың жоғары қарқынын ескере отырып, рухани астанада қосымша су жабдықтары қуатын арттыру көзделген. Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталығы мен мәдени-рухани орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың және бюджеттік мекемелердің көптеп салынуына орай, жаңадан кәріз-тазалау имаратының құрылысын салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы жүйелі түрде есеп беруді міндеттеді. Жаңа жобаларды уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеу мен бекітудің, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізудің маңызын атап өтті.
Биыл Ұлттық қор есебінен 6,4 млрд. теңге бөлініп, тоғыз ықшам ауданды толық қамтитын 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Кентау қаласы 80 пайызға жуық кәріз жүйелерімен қамтылған. Қалада жаңадан қуаттылығы 8,5 мың текшее метр кәріз-тазалау имаратының құрылысын салу жоспарлануда. Жоба бойынша 3,5 шақырым магистралды кәріз коллекторы сарқынды суларды жинақтау тоғанының құрылысын салу қарастырылған. Сонымен бірге, Леңгір, Арыс, Жетісай және Шардара қалаларында орталықтандырылған кәріз жүйелері жұмыс істейді. Жаңарту жұмыстары көзделген.
ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҮЛЕСІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістанда «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті. Шарада оңтүстік өңірде кәсіпкерлік саланы дамытып жүрген азаматшалар бас қосты. Ел экономикасының ілгерілеуіне айтарлықтай үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің еңбегін атап өткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев форум қатысушыларына өңір басшысы Дархан Сатыбалдының Алғыс хатын табыстады.
«Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Жыл басынан бері 35 429 жаңа кәсіпкерлік субъектісі құрылған. Статистикаға сәйкес, өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің 32%-ында әйел адамдары басшылық жасауда. Яғни, Түркістан өңірінде жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер — әйелдер», – деді ол.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында еліміздегі алғашқы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы осыдан бір жыл бұрын Түркістан қаласында құрылған болатын. Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаеваның сөзінше, орталықтың мақсаты — кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау.
Форум соңында Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызының «Еңбегі жанған арулар» төсбелгісі мен Алғыс хатын табыстау рәсімімен қорытындыланды. Атап өтетін жайт, әйел кәсіпкерлері мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану бойынша да белсенді.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша кәсіпкерлерге жеңілдетілген 6%-бен несиелер берілген.
«ТАБЫСТЫ ОТБАСЫ» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы аясында облыста 120-ға жуық адам оқуды бастады. Жоба арқылы еліміздің 5 өңірінде 117 адам оқуға ден қойды. Түркістан облысында 27 адам тегін кәсіптік курстарынан өтуде. «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері Түркістан облысы аумағындағы әлеуметтік желідегі маркетинг, сұлулық салондары, аспаздық кәсіби мамандықтарын игеріп жатқан жоба қатысушыларымен кездесті.
«Бұл өңірлердегі жұртшылықты қолдаудағы бірегей жобалардың бірі. Ол аймақтар мен шалғай аудандардағы тұрғындардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан шамамен 200 млн теңге бөлініп отыр. «Табысты отбасы» жобасы барысында қатысушылар тәлімгерлер мен жаттықтырушылардан білім алып қана қоймай, өз кәсібін бастауда қажетті жабдықтарға ие болады. Барлық жоба қатысушыларына тек сәттілік тілеймін», – дейді «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Маңызды жоба халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған, жалғызбасты және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, олардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған. Жобаға қатысатын 300 адамның тізімі жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұсынылған.
«Жұмыссызбын, алты баланың анасымын. Біздің облыста іске асып жатқан «Табысты отбасы» жобасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазіргі сәтте Сарыағаш ауданында әлеуметтік желідегі маркетинг мамандығын таңдап, сол бойынша курстан өтіп жатырмын. Алдағы уақытта қажет болатын ақпаратты игерудемін. Болашақта өзімнің кәсібімді ашамын. Алғысым шексіз!», – деп ойымен бөлісті жобаға қатысушы Динара Қалтаева.
Қатысушылар қысқа мерзімде өз ісін ашу үшін барынша білім мен дағдыларды алады. Бір айлық оқудан өткен түлектерді, тәжірибелі тәлімгерлер үш ай бойы сүйемелдеп отырады. Жоба соңында Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы бес бағыт бойынша арнайы мамандық игерген қатысушыларға сертификат табысталады. Атап өтер жайт, оқуды сәтті аяқтағандарға өз ісін ашу үшін қолдау қаржылай емес, үйренген кәсібіне қажетті құрал-жабдық түрінде беріледі.
Оқудың екінші кезеңі биылғы жылдың алғашқы айында қолға алынып, 183 қатысушы тігіншілік, аспаздық, сұлулық салондары, электр механигі және әлеуметтік желідегі маркетинг бағыттары бойынша қамтылады деп жоспарланып отыр.
НҰРЛАН ҚҰМАР







