Тіректі жобалар жүзеге асады

Моноқалалар проблемасы көбінесе ресурстық базаның сарқылу факторларымен, нарықтық бәсекелестікте өнімге сұраныстың төмендеуіне тап болатын қала құраушы кәсіпорындардың жағдайымен байланысты. Осы түйткілді шешу үшін жергілікті жерлерде экономикалық белсенділікке түрткі болатын зәкірлі жобалар қажет.
Зәкірлі жобалар – жеке бизнес инвестициялайтын жаңа өндірістік қуаттарды жолға қою және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту жөніндегі іс-шараларды білдіреді. Өндірісті ұлғайту мен әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру мақсат етілетін осындай жобалар тағдыры тектес, болашағы бір бес монқалада іске асырылмақ. Қарағанды облысының моноқалаларында жаңа өндірістерді іске қосу жоспарлануда. Өңірдегі бес моноқаланың ішінде Теміртау экономикалық дамудың жоғары әлеуетіне ие, ал Балқаш, Саран, Шахтинск, Абай орташа әлеуетті саналады. Бұл қалаларда 14 зәкірлік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның тоғызы іске қосылған. Тау-кен металлургия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңа нысандар ашылуда.
Өткен жылы моноқалаларды дамыту шеңберінде ұлттық қордан және республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферт есебінен үш жоба өмірге жолдама алды. Атап айтқанда, Саран қаласында 3,8 млрд теңгеге қазандық салынуда, Балқашта 1,1 млрд теңгеге №1 және №2 жылу желілері қайта жаңартылу үстінде.
Сонымен қатар Балқашта 2024 жылы құны 30,5 млрд теңге болатын SX – EW әдісімен мысты үймелі шаймалау үшін металлургия зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 185 адам жұмыспен қамтылады. Моноқалада 9,2 млрд теңгеге катодты мыс өндірісін салу жобасы іске асырылды. Қуаттылығы жылына 32,7 мың тонна өнімге жететін жоба аясында 219 жұмыс орны құрылды.
Ал Саран қаласында 4,2 млрд теңгеге металл бұйымдарын өндіруді жолға қойып, 111 адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, моноқалада құю цехы іске қосылып, онда 40 адам жұмысқа орналасатын болады. Өңірлік әкімдікте тағы үш жоба тұрақты жұмыс істеп, 593 адам жұмыспен қамтылғаны айтылды. Инвестициялардың жалпы көлемі 24,9 млрд теңгені құрады.
Теміртауда 14,9 млрд теңгеге үш жоба іске асырылды. Бұл нысандарда 317 адам жұмыс істейді. Мысалы, қалада энергетикалық жабдықтарды шығару өндірісі кеңейтіліп, екінші кезең ойдағыдай өткерілді. Оның құны 1,2 млрд теңгені құрап, 134 жұмыс орны пайда болды. Және де 1,4 млрд теңгеге автоклавты қатайтылған торлы бетоннан жасалған жылу блоктарын шығаратын зауыт салынып, жұмыс істей бастады.
Әкімдік Шахтинск қаласында түйіршікті синтетикалық жуғыш заттар шығаратын зауытты қайта жандандыру жоспарланғанын да хабарлады. Ол үшін 1,4 млрд теңге көлемінде инвестиция қажет. Қазіргі уақытта отандық компаниямен келіссөздер жүргізілуде. Қалада төсеніштер, құрылыс материалдары мен инертті шаң өндірісі жолға қойылған.
Абай қаласына келсек, онда 100 жұмыс орны құрылған тігін фабрикасы жұмыс істейді. Моноқалада сондай-ақ 2,6 млрд теңгеге шағын тазартылған ферроқорытпалар шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылуда. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 12 мың тонна өнімді құрайды, 80 адам жұмысқа орналасады. Оның толық қуатқа шығу мерзімі 2025 жылға белгіленген.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







