Нарық
3 мин оқу 215

Еңбек нарығындағы өзгерістер

5 қаңтар 2023
Еңбек нарығындағы өзгерістер

Исатай ҚАМБАРОВ,
журналист-сарапшы
e-mail:isakambar@list.ru

Жыл басталысымен «Алдымызда не күтіп тұр? Халықтың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған сала – шағын және орта бизнес күйі не болмақ?» деген сауалдар көпшілікті толғандырары сөзсіз. Бүгінгі шолуымызда осы мәселелерге нақтырақ тоқталмақпыз.

Таяуда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) жариялаған кадрларға қажеттіліктің 2023-2030 жылдарға арналған орта мерзімді болжамына сәйкес, ең ықтимал сценариде жал­дамалы жұмыскерлерге сұраныс, оның ішінде жаңа сұраныс пен ауыстыру бойынша сұраныс шамамен 1,9 миллион адамды құрайды. Осы ретте жаңа сұраныстың үлесі 45% (867 мың адам), ал ауыстыру бойынша сұраныстың үлесі 55% (1 млн адам) құрайды. ЕРДО сарапшылары оптимистік сценарийі бойынша сұраныс көлемі 2,1 млн адам, ал пессимистік сценарийі бойынша 1,8 млн адам күтілетінін атап өтті.

Өңірлік бөліністе урбанизация мен мегапо­листердегі халықтың шоғырлануы жалғасатын болады. Осылайша, жалдамалы жұмыскерлерге ең үлкен жиынтық сұраныс Астана, Алматы және Шымкент қалаларында күтіледі. Болжам бойынша олардың қажеттілігі сценариге байла­нысты 420-дан 536 мың адамға дейін, яғни жалпы республикалықтан 24-26% құрайды. Бұл ретте ең ықтимал қажеттілік 476 мың адамды құрайды. Ең аз сұраныс орталық, шығыс және солтүстік облыстарда қалыптасады. «Жалдамалы жұмысшыларға сұраныс 2028 жылы күтілетін ең жоғары деңгейге жеткенге дейін артады, сол кезде болжамды қажеттілік 261 мың адамды құрайды. Бұл ішінара 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру тоқтатыла тұратындығына байланысты», – деп атап өтті ЕРДО болжау департаменті директорының орынбасары Қайырбек Аяшев.

Жалдамалы қызметкерлерге ең үлкен жиынтық қажеттілік білім беру (395,6 мың адам), ауыл шаруа­шылығы (196,3 мың адам) және сауда (193,2 мың адам) салаларында болады. Білім беру сала­сының кадрларға деген жоғары қажеттілігі елде 2000-шы жылдардың басынан бері байқалып келе жатқан «бэби-бумға» байланысты. «Жалпы алғанда, жал­дамалы жұмыскерлерге сұраныстағы өндірістік сектордың (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс) үлесі 27-29%-ды құрайды, ал қызмет көрсету саласының үлесі тиісінше 71-73%. Бұл ретте кадрларға ең үлкен қажеттілік – білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару секторына тиесілі болады, ол 547-ден 678 мың адамға дейін немесе жиынтық сұраныстың 31-33%-ын құрайды», – деді ЕРДО өкілі.

Тауарлар тасымалдау және бөлу саласында көрсетілген кезеңде жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 336-дан 384 мың адамға дейін немесе жиынтықтан 18-19%-ға дейін болады деп күтілуде.

Бизнес-қызметтер саласында (ақпарат және байланыс, қаржы, сақтандыру, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, кәсіби және ғылыми қызмет, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету) жалдамалы қызметкерлерге болашақ сұраныс 268-ден 314 мың адамға дейін немесе жиынтық сұраныстың 15%-ы болады.

Өнеркәсіпте жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 219-259 мың адам (жиынтықтан 12%), ауыл шаруашылығында – 193-200 мың адам (10-11%), өзге де қызметтер саласында – 105-130 мың адам (6%), құрылыс секторында – 91-111 мың адам (5%) деңгейінде күтіледі, делінген ЕРДО жариялаған есептемеде.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, биыл 1 қаңтардан бастап шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдану кезінде рұқсат етілмеген қызмет түрлерін толықтыру бөлігінде Салық кодексінің нормасы күшіне енеді.

Бұл тізбені толықтыру, ең алдымен, бизнесті бөлшектеу жолымен салықтық оңтайландыру схемаларының алдын алу (қосалқы жалдау тетігін пайдалана отырып), оның ішінде оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолдану мақсаттарымен байланысты.

Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қолдану бойынша шектеу келесідегідей қызмет түрлеріне қолданылады: маркетингтік қызметтер; сауда нарығын жалға беру және пайдалану; сауда базарларына жататын нысандарды, сауда алаңы бес жүз шаршы метрден асатын стационарлық сауда объектілерін, сондай-ақ олардың аумағындағы сауда орындарын, сауда және қоғамдық тамақтану нысандарын қосалқы жалға беру; екі және одан да көп салық төлеушінің осындай қызметтер көрсетілетін бір қонақ үйдің немесе жеке тұрған тұрғын емес ғимараттың аумағында қонақ үй қызметтерін ұсыну.

Шектеулер енгізілген аталған қызмет түрлерін жүзеге асыратын кәсіпкерлер 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшуге тиіс.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Еңбек нарығындағы өзгерістер · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар