Қаламгерлердің еңбегі бағаланды

Талдықорғанда Жетісу облысы әкімінің жүлдесіне өткізілген журналистер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Тілшілер қауымына марапатты облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыстады. Іс-шара «Қоғамда зияткерлік журналистиканың қалыптасуы» атты өңірлік медиа-форумының пленарлық сессиясы аясында өтті.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев құттықтау сөзінде БАҚ өкілдерінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, кәсіби журналистиканың қоғамдағы орны ерекше екенін тілге тиек етті. Сол сияқты тележурналистер Нұртілеу Иманғалиұлының және Бейсен Құранбектің есімін есте қалдыру бағытындағы шараларға да тоқталды.
«Үздік телеарна материалы» номинациясында «Жетісу» телеарнасының журналисі Еркебұлан Жақыбай, «Үздік баспа материалы» аталымында «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Жанар Мықтыбаева озық шықты. «Үздік электрондық БАҚ материалы» номинациясы бойынша «Egemen Qazaqstan» тілшісі Мұхтар Күмісбек, «Үздік әлеуметтік желі материалы» номинациясында «Jetіsу» газетінің тілшісі Күлжиған Тұрсынова жеңімпаз атанды. Үздік оператор және кинорежиссер ретінде Ерлан Ошақпаев, ал үздік фототүсірілім жасаған «Jetіsу» газетінің фототілшісі Жұмабай Мұсабеков деп танылды.
Өңірлік журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін Жазушылар одағы өңірлік филиалының төрағасы, ардагер журналист Әміре Әрін марапатталды. Ал Бейсен Құранбек атындағы сыйлық – «Кәсіби шеберлігі үшін» номинациясы «Жетісу» телеарнасының журналисі Аяулым Мадикановаға бұйырды. Осы ретте атап өтсек, Талдықорған қаласында Журналистер үйіне белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімі беріліп, естелік тақта ашылған болатын. Әр жеңімпазға 500 мың теңге сомасына ақша сертификаты мен диплом табысталды.
Журналист Данияр Сейсенбаев модераторлық еткен медиа-форумның панельдік сессиясында спикерлер заманауи журналистиканы дамытудың өзекті тақырыптары жөнінде сөйледі.
НҰРЛАН ҚҰМАР







