Спорт журналистикасына арналды

Алматыда Atameken business және Parimatch бірлескен жобасының ұйымдастыруымен «Спорт журналистикасының бүгіні мен ертеңі» деген тақырыпта тәжірибелік конференция өтті.
Басқосу барысында Meta-rating.kz сайтының редакторы Ербол Қайыров, танымал блогерлер Айдын Қожахмет пен Бахтияр Сивамбаев, «Ақсу» футбол клубының бас жаттықтырушысының көмекшісі Сергей Якушин Қазақстандағы футбол спортының жағдайы мен мәселесі, сонымен қатар журналистика саласының қоғамға келтіретін ықпалы жайлы өз ойларын ортаға салды. Басқосу барысында БАҚ өкілдері еліміздегі спорт пен футболдың мәселелері жөнінде сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды.
Кез келген мемлекеттің беделі мен абыройы спортына байланысты болатыны сөзсіз. Әсіресе, дүниежүзінде нөмірі бірінші спортқа айналған футбол кез келген тұлғаны қызықтыратыны анық. Еліміздегі футболдың тыныс-тіршілігі қандай деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат. Футбол Қазақстанда баяу болса да кезең-кезеңмен дамып келеді. Қазір жас ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі құрама командаларымыздың дайындықтарына қаржы қомақты бөліне бастады. Бұдан бірнеше жыл бұрын мысалы, 17 жасқа дейінгі футболшылардан құралған құрама команда Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде бір-ақ рет оқу-жаттығу жиынын өткізген кездері болды. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Ұлттық құрама команданың бұрын базасы жоқ болатын. Қазір ол ашылды, жұмыс істеп жатыр. Мұндай база тіпті Ресейде де жоқ. Қазақстанда ұлттық құрама командалар институты құрылды. Яғни 16, 17, 18, 19, 20, 21 жасқа дейінгі және ұлттық құрама командалардың инфрақұрылымы жасалынған. Елімізде балалар-жасөспірімдер футболын дамытудың 2012-2022 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған. Бұл тұжырымдама Германия футбол федерациясымен бірге әзірленді. Осы бағдарлама қазір жұмыс істеп жатыр. Әрбір өңірде футбол орталықтары ашылуда. Демек, болашақта жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген үмітіміз мол.
НҰРЛАН ҚҰМАР







