Үздік желаяқтар анықталды

Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде Тәуелсіздіктің 31 жылдығына орай 2006-2007 және 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан Астана қаласының ашық чемпионаты өтті.
Сайыстың ашылу салтанатына Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, жеңіл атлетика спорт түрінен мемлекеттік жаттықтырушы Қуандық Елжанов және №9 БЖСМ басшысы Айдын Тоқбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жылды қорытындылаған айтулы сайыста жас атлетшілер 9 қашықтық пен 1 эстафета бойынша бақ сынады. Айтулы додаға Астана қаласының жеңіл атлеттері ғана емес, еліміздің Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысы, Теміртау, Қарағанды қаларынан келген 180-ге тарта спортшы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жарыста үздік үштіктегі спортшылар Астана қаласының құрама командасына іріктелініп, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуға жолдама ала алады.
Жарыстың алғашқы кезеңінде ұлдар мен қыздар 50 метр, 400 метр, 1500 метр, ұзындыққа секіріп, спорттық снарядтарды лақтырып, сондай-ақ эстафета жарысында бақтарын сынады.
Жарыстың қорытындысы бойынша қыздар арасында ұзындыққа секіруде бірінші орынды Айдана Аяпова еншілесе, екінші және үшінші орынға Дарья Рында мен Анна Мищенко жайғасты. Командалық эстафеталық жүгіру (4×200м) жарысы бойынша Қарағанды қаласының командасынан құралған спортшылар 1 сағат 42 минут 57 секунд ішінде еңсеріп бірінші болып мәре сызығын кесті. Екінші орын – Теміртау қаласының құрама командасында. Ал үздік үштікті Қарағанды қаласының екінші құрама командасы түйіндеді.
АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ







