АШУТАСТЫ ӨЗЕНІ

Ашутасты өзені – Қостанай облысының Арқалық қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырымда орналасқан. Өзеннің ұзындығы 130 км.
Жағалау аймағындағы сазды төбелер мен өзен алабы, көк шалғынды қайыңды ормандар, байырғы жыныс қабаттары көз тартарлық керемет көрінісімен есте қалады. Мұндағы өзеннің түбі тасты болып келеді. Түрлі қына өсінділері жапқан жағалаудағы жартастар өте биік және альпинистер үшін өте қолайлы. Суда жайпақ жартастар, өзіндік «тас үстелдер» кездеседі, бірі су бетіне көтерілсе, енді бірі суға бойлаған, бұл – жағажай демалысы үшін қолайлы орын. Су қоймасы балыққа толы. Тас табандағы өзен иірімі терең және суы мөлдір.
Иірімдер аралығындағы арнаның құрғақ бөліктері өте көркем: тегістелген түрлі түсті, ірі малта тастар, қырыққұлақты қосқанда, осы өңірге ғана тән өсімдіктер әлемі ерекше тартымды. Көктем маусымында, сәуірдің соңы мен мамыр айының басында қысқа мерзімге жайылмалы алқаптарда қызғалдақ кілемдей құлпырады.
Айсыз қараңғы түнде жұлдызды аспанды бақылағанда, Құс жолы тұтас ақ жолақпен созылып жатады.







