ЖАҢАРУ ТАЛАБЫ – ӘДІЛ БӘСЕКЕ, АДАЛ БИЗНЕС, ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ілгерілеу мен іркілістер сараланып, алда тұрған басты міндеттер айқындалды.
Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.
Мемлекет басшысы ең алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін көтерді. Ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселелерді Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавл, Теміртау, Степногорск, Балқаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қалаларында болған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, әсіресе, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. «Жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екібастұз тұрғындарына келтірілген зардапты өтеу шығындары меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуі керек. «Үкіметтің алдында соңғы жылдары меншік иелері ештеңе істемеген аса маңызды инфрақұрылым нысандарының әрқайсысын кешенді түрде тексеріп, шешім қабылдау міндеті тұр», – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан. «Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша, оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн. Мемлекет меншігіндегі энергетикалық нысандар бюджет есебінен жөнделуге тиіс. Ал жекеменшік нысандарды «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында өз қаражаты есебінен жаңғырту керек. Үкімет осы міндетті шешуге шұғыл кірісуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне баса назар аударды. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн.
Президент баға белгілеуді келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек екеніне назар аударды. Оның пікірінше, елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық экономика құрылады. «Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, монополистерді өзіне жанама қатысы бар нарықтың қызметіне араластырмау – өте маңызды жұмыс. Әкімшілік кедергілерді және нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керек. Мысалы, электр қуатын өндіру және оны жеткізу саласы монополистердің қолында. Олар тәуелсіз компаниялардың нарыққа кіруіне шектеу қойып отыр. Біз Электр қуатын бірыңғай сатып алу институтын енгізуге кірістік. Осылайша, тиімсіз делдал компанияларға шектеу қойылады. Өнім өндірушіге қаржы тікелей түседі. Нәтижесінде еліміз барлық өңірлер мен ұйымдар үшін ойға қонымды бағаға қол жеткізуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Өндірістік жарақат мәселесі күрделі проблемаға айналып барады. Биылғы 11 айда өндірісте 1124 адам зардап шекті. Оның 157-сі қайтыс болды. Кейбір кәсіпорында адам өліміне әкеп соқтыратын апаттар тым жиілеп кетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы – осының айқын дәлелі. Онда 2006 жылдан бері 20-дан астам апат болып, жүзден астам азаматымыз қазаға ұшырады. Биылдың өзінде 14 адамнан айырылып қалдық. Өткен аптада тағы бір жұмысшы опат болды. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне қарасақ, компания еңбек, экология және салық заңнамасын белден басып отыр. Инвестициялық міндеттемелерін де орындамайды. Қоғам әділ, қатаң және шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп жатыр. Бұл мәселені Үкімет басшысы тікелей бақылауда ұстайды», – деді Президент.
Сонымен қатар Президент жер қойнауын пайдалану саласында елеулі түйткілдер бар екенін жеткізді. «Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға су тегін берген. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне де арнайы тоқталған Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды. «Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою. «Нақты экономиканы кредиттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Атап айтқанда, зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті «ұзақ мерзімді қаржы» қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифрландырылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі», – деді Мемлекет басшысы.
Президент тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды. «Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн», – деді Президент.
Жаңа әкімшілік реформаның басты мақсаты – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру. «Үкіметтің негізгі міндеті – жұмысты үйлестіру және оған басшылық ету. Жаңа әкімшілік реформа аясында заң шығару тәжірибесін жаңғырту қажет. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының орталыққа бағыныштылығын барынша азайтқан жөн. Осыған орай Үкіметке заңнамалық актілерді түгендеуді тапсырамын. Мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері мен құзыреттері ғана заң жүзінде бекітілуі керек. Әр саладағы саясатты әзірлеу, оны жүргізу және бақылау құзыреті Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға берілуге тиіс. Орталық пен аймақтар арасындағы құзыреттерді бөлу ісін келесі жылы аяқтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аса маңызды ұлттық жобалардың («Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтау», негізгі инвестициялық жобалар) орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады. «Жобалық басқару саласындағы біліктілік мемлекеттік менеджерлер үшін бүкіл әлемде қалыпты стандартқа айналды. Заманға қарай бейімделу керек. Әйтпесе, көш соңында қалуымыз мүмкін. Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалатынын атап өтті.







