АҚКЕГЕРШІН БОРЛЫ ҮСТІРТІ

Атыраудың ұшы-қиыры жоқ дархан атырабының «асыл алқасы», әсем әшекейі – Ақкегершін үстірті. Жазық даланың төрінде жайғасқан борлы құздар көрген көзді алыстан-ақ сұлулығымен баурап алады.
Үстірт Атырау және Ақтөбе облыстарының шектескен жерінде, облыс орталығы Атырау қаласынан шамамен 245 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ақкегершінге жетер жолда қазақтың кең жазирасының бар тылсым кереметіне куә боласыз! Жолыңыз ұзарған сайын сұр қоңыр алқаптар боз реңдерге боялып, ақ жарларға ұласқанын байқайсыз. Түрлі қалып пен пішін қабылдаған борлы тау жұрнақтарына қай тұстан көз салсаңыз да, мұндағы табиғаттың қайталанбас болмысын аңғарасыз.
Ақкегершін үстіртіне арнайы автоэкспедицияларға немесе туристік фирмалардың ұйымдастыруымен өтетін 2-3 күндік экскурсияларға қатысу арқылы жетуге болады. Ең оңтайлы бағдар Атырау – Ақтау тас жолы бойымен өтеді. Мұнда Жылыой ауданының орталығы болып табылатын Құлсары қаласында аялдама жасап, жанармай, азық-түлік және су қорларын толықтырып, сапарыңызды ары қарай жалғастыра аласыз. Құлсарыдан 100 шақырымдай жолды еңсеріп, аңсаған Ақкегершінге де жетесіз.







