Жыл қорытындысында атқарылған жұмыс бағаланады

2025 жылға қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14%-ға дейін төмендейтін болады. Бұл жөнінде Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы қаралған үкімет отырысында айтылды. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында сондай-ақ балық өндіру және экспорттау көлемін арттыруға серпін беретін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша мәлімет ұсынылды.
IPO-ҒА БЕС МЕМКОМПАНИЯ ШЫҒАРЫЛАДЫ
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, кешенді жоспарға 675 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысаны кірген. Оның ішінде 7 республикалық және 250 коммуналдық меншік объектісі, 262 ұлттық холдингтер мен компаниялар объектісі, сондай-ақ шамамен 150 ӘКК объектісі бар. Қазіргі уақытта 141,7 млрд теңге тұратын 253 объект бәсекелестік ортаға берілді, 60 объект қайта ұйымдастыруға және жабылуға бағытталған, 146 объект – сауда-саттықта және тағы 216 объект – сату алдындағы дайындықта. Сату, қайта ұйымдастыру және жабу бойынша кешенді жоспардың орындалуы 46%-ды құрайды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жекешелендіру тізбесін кеңейту үшін активтерді іріктеу белгілері бекітілді, олардың ішінде акциялардың бақыланбайтын пакетін иелену және қызметтің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізбеу, сондай-ақ монополияға қарсы органның бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы және тауар нарығында қатысудың ұсынылған мерзімінің басталуы бар. Осы критерийлер негізінде кешенді жоспарға 170-тен астам нысан қосылып, өзектендірілді. Сонымен қатар жекешелендіру кезінде мемлекеттің мүдделерін сақтау үшін стратегиялық ұйымдардағы бақылау үлестерін сақтау көзделген.
Қазірде коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру тәсілі қайта қаралып, жоспардан халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар объекті (сумен, электрмен және жылумен жабдықтау) алынып тасталған.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қор тобы 119 актив бойынша жұмысты аяқтады, оның ішінде: «ҚазМұнайГаз» ҰК IPO-ға шығарылды. 17 актив сатылды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясының құрамына кірген «Лизинг групп» АҚ, «Tin one Mining» АҚ, «Электрод СК» ЖШС, «KAZ Феррит» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіптің» құрамындағы «Kazakhstan Solar Siliсon» ЖШС, «Astana Solar» ЖШС, «KazSilicon» МК бар. 3 актив жабылып, 2 актив қайта құрылды.
Әрі қарай А.Сәтқалиев «ҚазМұнайГаздың» IPO нәтижелеріне жеке тоқталды. Оның айтуынша, Қордың директорлар кеңесі мен Үкімет «ҚазМұнайГаз» компаниясының акцияларын иеліктен шығару туралы соңғы шешімдер қабылдады. Өтініштер 9 қараша мен 2 желтоқсан аралығында қабылданды. Қазақстан азаматтары өтініштерін қанағаттандыруға басымдық берілді. Азаматтардан түскен өтініштердің жалпы саны – 128,7 мың. Жалпы сомасы 74,6 млрд теңгені құрады.
Қор енді 2023-2024 жылдары – «Air Astana», «KEGOC» және «Самұрық-Энерго» жасыл активтерінің портфелі, 2024-2025 жылдары – «QazaqGaz» ұлттық компаниясын, 2025 жылы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларын IPO/SPO-ға шығаруды жоспарлап отыр.
Премьер-министр жекешелендіру мәселелері мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынының ерекше бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті. «Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сатуға қойылған әрбір объект бойынша жол картасы әзірленді. Олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған. Активтерді бәсекелес нарыққа жоспарлы түрде шығаруды қамтамасыз ету қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар үкімет басшының айтуынша, объектілердің сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру керек. «Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға берілетін болады», – деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, премьер-министр «Самұрық-Қазына» қорына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-сын сапалы өткізуді қамтамасыз етуді, ал Қаржы министрлігіне кешенді жоспар объектілерінің сатылуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
БАЛЫҚ ҚОРЫН КӨБЕЙТУ ҚАЖЕТ
Ал балық саласының даму қарқыны мәселесін қарау барысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев хабарлағандай, үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысы бойынша республиканың балық өнімдері нарығының құрылымы келесідей: ауланғаны – 42,6 мың тонна, өсірілгені – 14,1 мың тонна, экспорт – 16 мың тонна, импорт – 32 мың тонна.
Сонымен қатар 2021 жылғы сәуірде қабылданған Балық саласын дамыту бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін балық өсіру, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту және импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр.
Көрсетілген индикаторларға қол жеткізу үшін қазіргі уақытта бизнес үшін өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау, әкімшілік рәсімдерді оңайлату және басқа да қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Жалпы мыңнан астам жаңа шаруашылық құру жоспарланып отыр. Оның 47-сі ірі бизнес түрі, ал инвестицияның жалпы көлемі – 150 млрд теңгені құрады.
Бүгінде елімізде 72 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды, қалғандары ішкі нарық пен таяу және қиыр шет елдерге бағдарланған. Осы бағытты қолдау мақсатында терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды және ҚҚС бөлігінде салықтық жеңілдіктерді енгізу жоспарлануда.
Өңірлерде саланың даму қарқыны туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдаған премьер-министр соңғы 3 жылда балықты қолдан өсіру көлемі 2 есе көбейгенін атап өтті. Бұған өткен жылы қабылданған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы айтарлықтай серпін берді. Саланы мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, балық өсіруге арналған тоғандарды жобалау рәсімдері жеңілдетілді. Салық кодексі аясында балық кәсіпшілігіне қосылған құн салығын 70%-ға төмендету көзделді.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 2 жылда балық өсіретін шаруашылықтардың саны 2 есе өсті. Балық экспорты 13%-ға ұлғайды, оның ішінде Еуропа елдері де бар. Жалпы, қолдан өсірілген және ауланған балық өндірісі биыл 10 айда шамамен 57 мың тонна болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында да балық өндірісі төмен.
«Аталған өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейтіп, бизнестің бастамаларына қолдау көрсетуі қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлерді балық өнімдерін терең өңдеуге ынталандырып, табиғи су қоймаларындағы балық қорының көбеюіне де назар аудару қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, премьер-министр балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Оның ішінде, балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін учаскелерді беру рәсімін жеңілдету, отандық балық өнімдерін сататын арнаулы объектілер құру және Атырау облысындағы бекіре зауыттарын реконструкциялауды бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселесін пысықтау қажет.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







