Спорт
3 мин оқу 657

Шымбұлақ жаңа маусымға сақадай-сай

1 желтоқсан 2022
Шымбұлақ жаңа маусымға сақадай-сай

НҰРЛАН ҚҰМАР

«Шымбұлақ» тау курортында 2022/2023 тау шаңғысы маусымының ашылуы аясында БАҚ өкілдері үшін баспасөз конференциясы өтті. 

 

Баспасөз конференциясында «Шымбұлақ» тау курортының бас директоры Ринат Абдрахманов, «Шымбұлақ» ТК ком­мерция­лық директоры Владислав Семенов, «Шымбұлақ» ТК қар­жы директоры Алмас Кедел­баев және «Шымбұлақ» ТК бас директорының орынбасары Ләззат Бастаубаева сөз сөйледі. Олар жаңалықтарды бөлісіп, келетін қонақтар санының көрсеткіші, әлеуметтік жобалар және жаңа 2022/2023 қысқы маусымға арналған іс-шаралар күнтізбесі туралы айтып берді.

«Almaty Extreme Games – үдемелі спорт түрлерінің бірінші халықаралық фестивалі. Фес­тиваль алғаш рет Алматы қала­сындағы ең үлкен тау курортында өтеді. Үш күн бойы фриски мен сноуборд түрлерінің ең үздік өкілдері өздерінің жеке трюктерін көрсетеді, сондай-ақ қонақтар мен көрермендер танымал жергілікті және халықаралық әншілердің өнерлерін тамашалай алады. Осы спорт түрлерін республика деңгейінде таныту жастарды кәсіпқой спортқа тартуға себепші болады. Оған қоса, осы спорттық бағыттардың кәсіпқой спорт түрлеріне өтуі олардың маңыздылығын арттырып, осы бағыттағы жастардың әлеуметтік жауапкершілігін молайтады. Іс-шараға Швейцария, Польша, Қазақстан, Австрия, Швеция және Финляндия елдерінен қатысушылар келеді. Оған қоса, фестиваль өтетін күндері аудитория 10 000 көрерменге және 500 000 онлайн трансляция көрерменге жетеді деп болжанып отыр. Маусымның ең басты спорт шарасы – 2022/23 маусымның фристайл-могул және фристайл-акробатика бойынша Әлем кубогінің Гранд-финалы 17 мен 20 наурыз аралығында өтеді. Кубокқа 21 ел қатысады, олардың ішінде Австрия, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, Корея, Норвегия, АҚШ, Финляндия, Франция, Украина, Швеция, Швейцария және басқалары бар», – деді «Шымбұлақ» ТК ком­мерциялық директоры Владислав Семенов.

«Шымбұлақ» тау курортында  жақсы өсім динамикасы байқа­лады. Сонымен, 2021-2022 маусымда «Шымбұлақ» тау курортына 1 000 237 адам келген. Курортқа келушілер саны жыл сайын артып келеді. «Шымбұлақ» тау курортына келушілер санының орташа өсуі 2019 жылдан бері +24% құрайды. 

Курорт келушілердің жайлы­лығына зиян келтірместен қызмет көрсете алатын келушілердің бір күн ішіндегі максималды саны – күніне 6500 адам. Сонымен қатар өткен маусымда келушілердің бір күн ішіндегі ең көп санының көрсеткіші 12 520 адамға жеткен.  «Сондықтан адамдардың тауда демалуға және белсенді өмір салтына артып келе жатқан қызығушылығын көре отырып, біз тұтынушыларымызды қолдауға тырысамыз: инфрақұрылымды жақсартамыз, түрлі белсенді­ліктерді іске қосамыз, қызмет­теріміз бен сервисімізді жетіл­діреміз»,– деді «Шымбұлақ» ТК бас директоры Ринат Абдрахманов.

Қазақстан және шетел турис­терінің саны көп болғандықтан, сондай-ақ курорт командасы қоғам алдындағы үлкен әлеу­меттік жауапкершілікті түсіне және мойнына ала отырып, өзінің әлеуметтік қызметінің негізгі бағыттарын бөлісті. «Курорттың отандық және халықаралық туристердің саяхаттап келетін орны екенін түсіне отырып, біз курортқа келуді барлық адамдар үшін қолжетімді әрі инклюзивті етуге ұмтыламыз» – деді «Шымбұлақ» ТК бас дирек­торының орынбасары Ләззат Бас­таубаева.

Бүгінгі таңда курортта бірнеше бағдарламалар іске қосылған. Әлеуметтік бағдарлама шеңбе­рінде Шымбұлақта мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер және 5 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жүру және сырғанау мүмкіндігі беріледі. Өткен маусымда бұл бағдарламаны 90 160 бала мен 8 962 зейнеткер пайдаланды. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар үшін арқанжолмен жүруге 30%, «Жаңадан бастаушы» және «Жастар» тарифтері бойынша студенттер мен жаңа келушілер үшін жеңілдіктер бар. Бүгінде осы әлеуметтік бағдарламаны 92 617 адам пайдаланды.

Балалар спортын дамыту шең­берінде курорт Алматы қаласы әкімдігімен және Samruk Kazyna Trust қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, келесі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, «Шымбұлақ» ТК қала әкімдігімен бірлесіп, жыл сайын мектеп оқушылары үшін «Спорттық Алматы» атты әлеуметтік бағдар­лама өткізіп тұрады. Шаңғымен сыр­ғанауға үйрететін тегін курс­тарға ең алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері қатыса алады. Samruk Kazyna Trust-пен ынтымақтаса отырып, аутизмге шалдыққан балаларға шаңғымен сырғанау­ды үйретіп келеді. Әкімдікпен бірлескен әлеуметтік жұмыстан басқа, «Шымбұлақ» ТК «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және Ұлт­тық шаңғы қауымдасты­ғы­мен бірлесіп, бірқатар іс-шара өткізген. 

Жыл сайын курортта World Snow Day іс-шарасы өтеді. Бұл халықаралық шара  бүкіл әлем бойынша көптеген курортта өткізіліп келеді.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Шымбұлақ жаңа маусымға сақадай-сай · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар