Жастарды жұмыспен қамту қандай деңгейде?

«Жұмыс берушілер күні» Алматы қаласының барлық техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымында бір мезгілде өтті.
Шара аясында оқу орындарында жұмыс берушілер үшін колледж бойынша таныстыру экскурсиялары, кадрлар дайындаудың өзекті мәселелері бойынша педагогтар мен студенттердің жұмыс берушілермен диалог алаңында кездесулері өткізілді. Сондай-ақ «Жұмыс беруші мен жас маманның жұмысқа қабылдау туралы келіссөздері» іскерлік ойындары, пікірталастар, тәлімгерлердің тренингтері, кәсіпорындарға таныстыру экскурсиялары, жұмыс берушіден жаңа технологияларды шолу бойынша қонақ дәрістері өтті. «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында «жұмыс берушілер күні» кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша жұмыс берушілермен одан әрі және тиімді ынтымақтастық мақсатында өткізіледі. Біз бұл кадрларды дайындаудың тиімді құралы деп санаймыз. Осы қағидаттар негізінде «Атамекен» ҰКП дуальді оқыту қалыптасты», – деп атап өтті Алматы қаласы ҰКП адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Толқын Әбілдаева.
Алматы қаласында барлығы 85 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде 23 мемлекеттік колледж, 62 жекеменшік колледж. «Атамекен» ҰКП дуальді білім беру бағдарламасына 47 колледж қатысады.
«Атамекен» ҰКП Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов осындай кездесулер форматының тиімділігін атап өтті. «Жұмыс беруші мен болашақ маман өз саласының мәселелерін талқылайды. Жұмыс беруші өз қалауы, трендтері туралы айтады, ал студенттер тәжірибе жинайды, нарық белгілеген межеге қарай ұмтылады. Колледждер өз әлеуетін көрсетуде, басқаша айтқанда, нарықтың барлық тарапы бір алаңда болып, тиімділікті арттырады», – деді ол.
АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ







