Инновациялық жобалар: Жергілікті өнімдерге басымдық беріледі

Индустрияландыру картасы аясында Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Бадам ауылдық округінде «Bokei» қыш зауыты іске қосылды. Тәулігіне 100 мың дана қыш кірпіш шығаратын өндіріс орны «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған.
«Аmanat» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына енгізілген зауыт Италия, Жапония, Франция, Ресей елдерінде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған. Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтамасыз ету көзделген жобаның жалпы құны – 3 млрд 200 млн теңге. Жаңа өндіріс орнында 60 адам жұмыспен қамтылған.
Зауыттың ресми ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қатысты. Өндіріс орны әлеуетінің зор екенін атап өткен ол инновациялық жобаларға мемлекет тарапынан қашанда қолдау көрсетілетінін жеткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. «Түркістан облысында жүріп жатқан құрылыстарда отандық құрылыс материалдарына басымдық беріледі. Жаңа зауыт осы бағытта жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселесіне ерекше тоқталды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, әкімшілік кедергілерді жою және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді А.Жетпісбай.
Жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына келген облыс әкімінің бірінші орынбасары бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Бадам ауылдық округінде орналасқан қара металдың көптеген түрінен құймалар шығаратын елімізде теңдесі жоқ «Karlskrona LC AB» зауытының өнім сапасы экспресс-зертханаларда тексеруден өткізіледі. Өндіріс орны 2016 жылы «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Жобаның құны – 868,2 млн теңге. 64 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 3 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Ал, «Қазақ-түрік индустриалды аймағында» орналасқан «Green Technology industries» өндіріс орны полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеумен, синтепон талшығын өндірумен айналысады. Жылына 15 000 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Құрылтайшылар – қытайлық инвесторлар (49%). Инвестициялық құны – 6 млрд 800 млн теңге. Зауытта 250 адам жұмыспен қамтылған. Өнім ішкі нарықтан бөлек Ресейге экспортталады.
Ордабасы ауданында бүгінгі таңда 40 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру, электр энергиясымен жабдықтау салаларын қамтыған. Жыл басынан бері онда 21 млрд 189 млн теңгенің өнімі өндірілген. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық құны 105,1 млрд теңге болатын 6 жоба іске асырылуда және 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. 9 айдың ішінде ауданға 26 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Ордаабсы ауданында 12 мың 170 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Онда 18 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Биыл 9 айда инвестициялық құны 2 млрд 254 млн теңгені құраған және 82 жаңа жұмыс орнын ашқан 21 жоба (сауда орталығы, дәріхана, емдеу орталығы, тамақтану орны, май ауыстыру бекеті, жылыжай, жаңбырлатып суғару, мал бордақылау алаңы және т.б.) іске асты. Шағын және орта бизнес субъектілері биыл алғашқы тоқсанда 13,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Жылдық жоспар – 105 млрд теңгенің өнімін өндіру.
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасының жүзеге асуы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Ұлттық жобаның негізгі шарттары мақұлданғанын айтқан облыс әкімі салаға жауапты басшыларға құрылысы 2023 жылы басталатын мектептер бойынша мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ ол мектептерді сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, оқу процесін цифрландыруға қажетті шараларды шұғыл жүзеге асыруға назар аударды.
Жалпыұлттық жоба аясында жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Әзірге 62 мектеп салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның жартысы келер жылы салынады. Жер бөлу мәселесі шешілген. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою көзделген. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқаны белгілі. Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамту аса маңызды», – деді облыс әкімі.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады. Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Түркістан өңірінің бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов кәсіпкерлердің құқығын қорғау және қолдау, оның дамуына қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралатынын мәлім етті. Басқосудың басты мақсаты – кәсіпкерліктің проблемалық мәселелері мен өзара іс-қимылдың жаңа форматын талқылау. Диалог алаңында облыстық басқарма басшылары мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, ірі, шағын және орта бизнес өкілдері мен журналистер қатысты.
Превенция қызметінің басшысы агенттік жұмысының жаңа тәсілдері «Атамекен» ҰКП басшылығымен талқыланып, бүгінгі күні кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсету мен бизнес ортадағы проблемалық мәселелердің шешілу жолдарын оңтайландыру бойынша бірлескен ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. «Елімізде бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерге жол бермеуге, қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл тұрғыда өңірлердегі бизнес-құрылымдардың өкілдерімен тікелей қарым-қатынаста болу және оларды негізсіз әуре-сарсаңдар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау – агенттіктің басым бағыттарының бірі екендігін айрықша атап өткен жөн», – деді Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.
Жиында мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы, мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру салалары, автомобиль жолдарының құрылысы мен құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру әрекетіне қатысты кәсіпкерлердің түйткілді мәселелері талқыланып, шешілу жолдары ортаға салынды.
Кездесуде сөз алған агенттіктің Түркістан облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев бизнес өкілдерін жемқорлық көріністерінен қорғау бойынша жыл басынан бері атқарылып келген кешенді жұмыстарды баяндап, жиынға қатысушылардың назарына өзара іс-қимылдың жаңа форматы туралы мәліметтерді ұсынды. Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерін қорғау жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қос тараптың назарына алынды.
ОТЫРАРДА КӘСІП АШҚАНДАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Балтакөл және Маяқұм ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Аудан әкімі алдымен Балтакөл ауылындағы жеке кәсіпкер Бөкейхан Нұрдәулет басқаратын «Бөкейхан» шаруа қожалығында болды. 20 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер бүгінде Ресей еліне қауын сатумен қатар, қауынқақ, қауынқұрт өндірісін қолға алған.
Одан кейін аудан басшысы ауылдық округтегі тары өндірісімен танысты. Аталған кәсіппен айналысатын Сабыржан Досжанов қуаттылығы сағатына 700 келі тары, 1 тонна талқан, 1 тонна жем өндіретін диірмен ашқан. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отыр. «Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жеке бизнестің жемісін көргісі келгенге таза ниет болса болғаны. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндік берілуде. Шағын бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде. Бұл қуанарлық жайт. Себебі жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда», – деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің сапары Маяқұм ауылында жалғасты. Ауылда «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында мектеп түлектерінің жыл сайын игілікті істер ұйымдастырып, демеушілік жасауы дәстүрге айналған. Осы күзде Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 2002 жылғы түлектері ауылдың кіреберісіне көркем безендірілген қақпа орнатты. Қақпаның ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі С.Сұлтанханов түлектерге алғысын білдіріп, істеріне береке тіледі. Мұнан соң аудан басшысы аталған мектепке атбасын бұрып, білім ошағының жай-күйімен танысты.
НҰРЛАН ҚҰМАР







