Егін орағы
6 мин оқу 1,287

ЕГІН ЖАЙЫН ЕРТЕДЕН ҚАМДАУ КЕРЕК

20 қазан 2022
ЕГІН ЖАЙЫН  ЕРТЕДЕН ҚАМДАУ КЕРЕК

Еліміздің даңғайыр диқандары, жалпы аграрлық саланың барлық қызметкерлері биыл еселі еңбек етіп, көп жылғы үзілістен кейін алғаш рет тойланғалы отырған Республика күніне таралғылы тартулар әзірледі.

Қоңыр күздің ортасына таман егінжайдан қаздай тізіліп қайтқан комбайндар мен жүк машиналары шаһардан олжамен оралған салтанатты керуендей солтүстік өңірдің сәнін келтіріп тұр. Алыстан мен мұндалайтын элеваторлар болса жаңа астықты желдетіп, кептіруге көшкен. Ала жаздай бел шешпеген диқандар орақ пен сүдігер арасындағы өліра шаққа тұяқ іліктірген соң ауылдан ұзамай, қора-қопсы маңын шолып, кем-кетікті түгендеп жүретін малсақ қария сынды өткен күннің белгісін бажайлап, келер күннің қам-қарекетін кеңесуге көшкен. Қамбадағы алтын дәннің шығымы мен сапасын саралап, бар мен жоқты түгендей бастаған шаруақор қауым биылғы жылдың қорытындыларын жұртшылыққа марқая паш етіп, риза көңілмен ұсынуда.

Мақтаса мақтап, айтса айтқандай-ақ. Статистиканың соңғы деректері бойынша елімізде орташа өнімділігі гектарына 13,5 центнер болатын 21,6 миллион тонна астық бастырылған. Арық сөйлеп, семіз шығуды мақсат тұтатын ауыл еңбеккерлері биылғы түсімді 18,4 миллион тонна шамасында болжаған-тын, бірақ межеден әлдеқайда асып түсіп, табыс тай­қазанын тасыта білді. Қолайлы ауа райы да қол жеткенге тоқмейілсімейтін даңғайыр диқандардың оң жамбасынан келді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі болса 2 есеге ұлғайып, 140 миллиард теңгеге жетті. Бұл ретте қосымша 70 миллиард теңге бойынша кредит беру нормативі фер­мерлердің сұранысы бойынша ұлғайтылды. Сондай-ақ Азық-түлік кор­порациясы форвардтық сатып алу тәжірибесін жалғастырып, сатып алынатын дақылдардың тізбесін 10 атауға дейін кеңейтті. Тізімге зығыр, рапс, қарақұмық және жүгері кірді. Міне, тілге тиек етіліп отырған осынау қолғабыс пен жәрдем өз нәтижесін бермей қалмады.

Тамыздың орта тұсына таман Тобыл-Торғай өңірінде болып, егінге орақ түскенін өз көзіммен көріп қайтқан болатынмын. Жуырда астық жинау науқанын толық аяқтаған осы Қостанай облысында дән себілген 4 миллион 18 мың гектардан қамбаға барлығы 5 миллион тонна алтын дән құйып алынып, гектарынан 12,4 центнерден астық жиналды. Әсіресе, Федоров, Сарыкөл, Меңдіғара, Ұзынкөл аудандарында гектар шығымдылығы жоғары, 16 центнерден асып жығылды. Облыстық және республикалық баспасөз деректеріне сүйенсек, астық үшін аттанысқа 12 мың комбайн, оның ішінде 3,2 мың қуатты, өнімділігі жоғары Джон-Дир, Кейс, Клаас, Акрос комбайндары қатысты. Оның сыртында 8,6 мың жүк машинасы, мыңдаған басқа да техникалар болды.

Әдетте Қостанай өңіріндегі оң­түстік аудандар астықты ертерек жинап алады. Биылғы орақ науқанында да астық жиналып болған оңтүстіктегі алқаптардан күзгі құбылмалы ауа райы жағдайында уақыттан ұту үшін 200 комбайн солтүстік аудандардағы диқандарға көмекке келді.

Мұның өзі астықты өңірде жауап­ты науқанның тезірек бітуіне мүмкіндік жасады. Облыс диқандары мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктерді пайдалана отырып, 77 мың тонна дизель отынын арзан бағамен алды. Егіс алқабындағы көктемгі-күзгі дала жұмыстарына мемлекет 6,5 миллиард теңге несие қаржысын бөлген болатын. Жиналған астықтың жақсы сақталуы үшін облыста сыйымдылығы 7 миллион тонна элеваторлар мен қоймалар дайындалды. ҚазАқпарат агенттігінің мәліметіне сәйкес, 318 кептіру қондырғысы әзірленген. Астық қабылдау пункттеріне 1 миллион 545 мың тонна астық түсті. Осы алтын дәннің 1 миллион 180 мың тоннасы бидай, оның 95 пайызы – 3-сұрыпты. Шығымдылық жөніндегі көрсеткіш былтырғыдан 1,7 есеге жуық жоғары. Сондай-ақ агенттік дерегі бойынша 531 мың гектар алқаптан майлы дақылдар жиналып, 300 мың 800 тонна өнім алынған. Майлы дақылдар өнімділігі гектарына 5,7 центнерді құрап отыр. Картоп 185,1 мың га алаңнан немесе жоспарланған алаңның 93,8 пайызынан жиналды, жалпы алым 3,8 млн тоннаға жетті. Сонымен бірге 161,2 мың га алқапта 93,4 пайыз көкөніс жиналып, жалпы алым 4,6 млн тоннаны құрады. Болжамды әлеуметтік-маңызды дақылдардан алынған өнім көлемі республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мұнай мен газ индустриясының келешегі күңгірт болып тұрған қазіргі жағдайда ел экономикасын ауыл шаруашылығы өрге сүйрей алатыны жөнінде көптен айтылып та, жазылып та жүр. Мәселен, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 6,9 пайызға ұлғайып, 6,8 триллион теңгені құрады. Бұл ілгерілеу өсімдік шаруашылығы өнімі өндірісінің 11 пайызға және мал шаруашылығы өнімінің 1,1 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. Мал шаруашылығында 1 464,5 мың тонна ет өндіріліп, көрсеткіш 0,7 пайызға, өндірілген 5 087,7 мың тонна сүт көрсеткіші 1,8 пайызға, алынған 3 824,4 млн дана жұмыртқа көрсеткіші 5,3 пайызға өскен.

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсу қарқыны бойынша Қостанай облысы 119,9 пайызбен, Ақмола облысы 116,5 пайызбен, Маңғыстау облысы 114,8 пайызбен және Солтүстік Қазақстан облысы 112,2 пайызбен көш бастап тұр. Бұдан бөлек азық-түлік өндірісінің көлемі 3,7 пайызға, ақшалай баламада 2,1 триллион теңгеге дейін артқан. Бұл ретте қант өндірісінің 49,8 пайызға – 179,4 мыңнан 268,7 мың тоннаға дейін, жарманың 40 пайызға, өсімдік майының 39,9 пайызға өсуі байқалады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестицияларға келетін болсақ, олар 598,9 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артық. Азық-түлік өндірісіне салынған инвестициялар 27,6 пайызға ұлғайып, 88,8 миллиард теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы – ауа райына тәуелді салалардың бірі. Ылғалды кездері гектар берекесі мол болса, қуаңшылық жылдары малшы жүген ұстап, диқан дәнсіз қалады. Алдағы қоян жылы қазақ ұғымындағы қиын жылдардың бірі. Сондықтан егін жайын ертеден қамдау керек. Осы ретте тұқым шаруашылығын қолға алып, отандық селекцияны дамыту қажет. Тұқым өсіру шаруашылығы селекциямен тығыз байланысты. Жоғары өнімдікке қол жеткізу үшін шаруашылықтарды жоғары сапалы аудандастырылған және мол өнім беретін сапалы тұқымдармен үздіксіз қамтамасыз етіп, жаңа сорттарды өндіріске енгізу, оларды өңдеп, сақтау кезінде тұқымның егістік сапасын жақсарту қажет. Сонымен қатар шар­уашылықтың барлық буындарында жоғары агротехникалық шараларды пайдалану, еңбек үдерісін тұтымды ету талап етіледі.

Бұл туралы Қазақстан өсімдік өсірушілерінің екінші республи­калық слетінде сала басшысы Ербол Қарашөкеев егжей-тегжейлі әңгімелеп, Президент тапсырмасы бойынша тұқым шаруашылығын дамыту үшін отандық селекцияны тұқыммен қамтамасыз ету бойынша жеке кешенді жоспар әзірленіп жатқанын атап өтті. Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында тұқым шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы құрылады, онда бірыңғай тізбекте селекция, тұқым шаруашылығы мен өндіріс біріктіріледі. «Алдағы жылдан бастап дамыған елдердің тәжірибесі бойынша жоғары репродукциялы тұқымдардың оригинаторлардан тауарлық шаруашылықтарға дейін ілгерілеуін цифрлық форматта қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық жүйе енгізілетін болады, бұл олардың пайдаланылуына қатаң бақылау орнатуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.

Мұнымен қатар жергілікті жағ­дайларға бейімделген ауыл шаруашы­лығы дақылдарының жоғары өнімді сорттары мен будандарын іс жүзінде кеңінен пайдаланудың тиімді екенін өмір көрсетіп отыр.

«Жаздың бір күні жылға азық» дейді халық даналығы. Болашақ егіннің негізі қаланатын көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірлену қажет. Топырақты уақтылы өңдеп, сапалы дайындау, дақылдарды ауыспалы егісте қолайлы орналастыру, оңтайлы себу мерзімдерін сақтау, тыңайтқыштарды біркелкі қолдану, арамшөптер мен зиянды организмдерге қарсы агротехникалық және химиялық әдістерді пайдалану керек. Жоғары өнім алуға ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің агротехникасын сақтау, түрлі дақылдар егістігін әртараптандыру және ауа райы жағ­дайларына бейімделе білу ықпал ететін болады. Сондай-ақ қағажу қалған отандық ауыл шаруашылығы техникасы мен тыңайтқыш өндірісін өркендетіп, науқандық шаралардың пәрменділігін арттырудың да маңызы зор. Қыр астында тұрған қаһарлы қыс қылышын сүйретіп жеткенде, егіс алқаптарына қар тоқтату жұмыстарын кешіктірмей жүргізудің берері мол. Сондай-ақ алдағы жылға жанар-жағармай қорын молынан бөлгізіп, дала қостарына жеткізу шараларын ойластыра бастаған абзал.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

ЕГІН ЖАЙЫН ЕРТЕДЕН ҚАМДАУ КЕРЕК · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар