Тікелей шетелдік инвестициялар ауқымы өскен

Исатай ҚАМБАРОВ,
журналист-сарапшы
e-mail:isakambar@list.ru
Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияның өсуіне не әсер етті? Оның себебі көп, мәселен, Ресей мен Украина арасындағы соғыстан бастап, Қазақстанды пандемия итермелеген бюрократиялық кедергілерді жоюға дейінгі шаралар, деп жазады Finprom.kz сайты.
Ұлттық банктің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстан жыл сайын 20 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартты. Тек 2020 жылы ғана, COVID-19 пандемиясына байланысты инвестиция ағыны жалпы әлем бойынша 35%, ал Қазақстанда 29,8% қысқарып, 17,2 млрд АҚШ долларына дейін азайды.
Дегенмен, 2021 жылдың өзінде Қазақстанға ТШИ жалпы ағыны 23,8 млрд АҚШ долларына жетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда бірден 38,9% артық. Алайда, 2019 жылдың көрсеткішіне (24,4 млрд АҚШ доллары) 0,6 млрд АҚШ доллары жетпей қалды. Дегенмен бұл еліміздің Сыртқы істер министрлігінің болжамынан да жоғары. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың соңына дейін 19 млрд АҚШ долларын тарту жоспарланған еді.
Биыл тамызда АҚШ мемлекеттік департаменті еліміздегі инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, өз баяндамасында нарықтық экономиканы құрудағы елеулі прогресті атап өтті. Олай болатын жөні де бар, биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана елімізге шет елдерден 14,5 миллиард доллар инвестиция тартылған. ТШИ ағынының мұндай ұлғаюы экономиканың қалпына келуімен және «корона дағдарысына дейінгі» белсенділікке қайта оралуымен түсіндіріледі. Мемлекеттік департаменттің сарапшылары ТШИ өсіміне басқалармен қатар, электронды үкімет порталы арқылы кез келген бизнесті онлайн тіркеу және жаңа инвестициялық келісім жасау сияқты бизнесті ашу мен жүргізу процедураларын жеңілдету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі ықпал етті деп санайды. Көптеген процедуралар қазір онлайн режимінде қолжетімді. Бұрын шетелдік инвесторлар келісімшарттар мен лицензиялық мәселелерге жиі шағымданатын.
Биыл қаңтарда Қазақстан 54 елдің, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Жапония азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтірді. Ал былтыр кәсіпкерлерге салықты үш жылға дейін кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін инвестициялық салық несиесін енгізді.
Шетелдік инвестиция тарту – еліміз үшін басты басымдықтардың бірі. Биыл маусымда үкімет 2026 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатты бекітті, оған сәйкес қосылған құны жоғары тауарлардың бәсекеге қабілетті өндірісіне инвестиция салумен басқаша жұмыс істелмек.
Биыл ТШИ көлемі қандай болатыны әлі белгісіз. Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 14,5 млрд АҚШ долларын құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 28,2% артық. Айта кетейік, биылғы көрсеткіштер бірінші тоқсанда да, екінші тоқсанда да былтырғыдан асып түскен.
Қаңтар оқиғасы, Украинаға соғыс ашқан Ресеймен кең ауқымды экономикалық байланыстар және одан кейінгі Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанға әсер етіп, инвесторларды алаңдатып отыр. «Кейбір инвесторлар Қазақстанға инвестиция салуға құлықсыз болуы мүмкін, ал басқалары Қазақстанды Ресейде бизнес жүргізуге тартымды балама деп санауы мүмкін», делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің баяндамасында.
Өз кезегінде ел үкіметі Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын орындауға дайын екенін білдірді және Батыс инвесторларын Ресейден Қазақстанға көшуге шақырды. Атап айтқанда, қыркүйектің соңында премьер-министр Әлихан Смайылов кейбір шетелдік компаниялардың Қазақстанға көшуге дайын екенін мәлімдеді. «Қазіргі саяси жағдай ұлттық экономикаға кері әсер етіп қана қоймайды. Бүгінгі таңда 50-ге жуық шетелдік компания көрші елдегі өндірісін жауып, өндірісі мен кеңселерін Қазақстанға көшіруге ниет білдірді», – деді Смайылов.
Инвесторлардың алаңдамауы мақсатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында да тұрақты және тартымды инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге уәде берді. Ол үшін экономикадағы монополиялар мен олигополиялардың шектен тыс рөлін тоқтатуға пәрмен берді. Ал наурыз айында ол жекешелендіруді кеңейту және сыбайлас жемқорлықпен күресу арқылы инвестиция тартуға болатын реформаларды жариялады.
Айта кетейік, 2021 жылы салалар бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп көлемі өнеркәсіпте, саудада, сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметі, көлік және құрылыс салаларында тіркелген. Жалпы, салалық құрылымда бұрынғысынша тау-кен өнеркәсібінің үлесі басым, 2021 жылы ол барлық ТШИ-дың 40,8%-ын құрады (мұнай және газ өндіру – 28%). Екінші орынды өңдеу өнеркәсібі иеленді: портфельдің 22%-ы. Айтпақшы, жаңа инвестициялық саясатқа сәйкес өңдеу сегменті бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі драйверіне айналады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылы тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі ТШИ көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 18,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 68,1%, сауда және автокөлік жөндеуде – 47,2%, қаржы және сақтандыру қызметінде – 57,2%, көлік-логистика секторында – 12,8%, құрылыста – 42,6%. Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге, өнер, ойын-сауық пен демалысқа салынған инвестиция 2020 жылғы 23,2 млн АҚШ долларынан 2021 жылы 8,9 млн АҚШ долларына дейін азайған.







