ШӨЛМЕКТЕГІ АУЫЗ СУДЫҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

29 қыркүйек 2022
ШӨЛМЕКТЕГІ АУЫЗ СУДЫҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Еліміздегі су нарқының айналымы 70 млрд теңгеге жеткен

2020 жылғы ресми статистика бойынша елімізде шөлмекке құйылған ауыз су нарқының айналымы 70 млрд теңгеге жеткен. Ал сауда көлемі жылына 600 млн литрден асыпты. Яғни жылына 6 пайыз өсім болып тұрған.

Мұны елдегі адам санына шақсақ, бір кісіге 325 литрден келеді. Сонда біздің еліміздегі шөлмекке құйылған ауыз су нарқы қазір қандай жағдайда? Контрафакт жасаушылардың осы тауар түріне мықтап кірісуінің себебі неде? Ең бастысы, түпнұсқа өнімді сапасыз тауардан қайтіп айырамыз?

Жасанды тауар нарқы бүкіл әлем сияқты Қазақстанда да қатты дамып жатыр. Сауда және интеграция министрлігі берген дерекке қарағанда, әлем бойынша контрафакт тауар айналымы 500 млрд доллар екен.

Былтырдың қарашасында сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев көлеңкелі экономи­каның еліміздегі үлесі 23,5 пайыз деген мәлімет берген. Ал үкімет, себебі түсініксіз, осы ресми деректі 17 пайызға дейін төмендетіп көрсетті.

Дегенмен, шөлмекке құйылған судың сапасы мақтарлық емес. 2019 жылы Астанадағы Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті белгілі брендтегі судан лямблий паразитін тапқанын мәлімдеді. Әрі сол жолы тауардың жапсырмасында көрсетілген өндіруші мен нағыз өндірушінің тұрақжайы мен аты-жөні сәйкеспеген. Тауардың санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы болмаған.

Жақында Ресей жоғары экономика мектебі минералды су шай мен кофе сияқты қолдан жиі жасалатын тауардың бірі екенін ашып көрсетті. Бұл елдегі контрафакт өнім мөлшері 80 пайызға жетіпті. Демек, сапасы нашар суға тұтынушылар қыруар ақша жұмсап отыр.

Алты жылдан бері контрафакт өні­мімен күресіп келе жатқан еліміздегі Report Kontrafakt мекемесінің басшысы Дмитрий Болтовтың айтуынша, мұндай су жасау қиын емес, әрі пайдасы шаш етектен көрінеді. Оның пікірінше, бренд қаншалықты танымал болса, оның өнімін қолдан жасау ықтималдығы да арта түспек. Әлемдік және қазақстандық су өндірушілер өз өнімдерінің маркетингі мен сатылуы үшін көп ақша жұмсайды. Ал алаяқтар оны шеберлікпен пайдаланады.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы шөлмектегі суға байланысты микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштердің стандарт­қа сай еместігін ашық жазды. Әлем тұрғындарының 3-5 пайызы сапасыз су ішеді.

Біздің еліміздегі алкогольсіз ішім­діктің 90 пайызы ішкі нарықта өндіріледі. Ұлттық экономика минис­трлігінің статистика комитеті берген дерекке қарағанда, 2019 жылы елімізде 1,7 млрд литр алкогольсіз ішімдік өндіріліп, оның 0,13 млрд. литрі экспортқа шығарылыпты. Ал елге сырттан 0,12 млрд литр алкогольсіз ішімдік жеткізілген.

Біздің еліміздегі пластикалық ыдысқа құйылған суды қолданушы­лардың дені – Астана мен Алматы қалала­рында. Кейбір қоқыс полигоны жұ­мыс­шылары «Боржоми» суының бос шишасын арнайы жинайды деген де қауесет бар. Ал оның басты мақсаты айтпаса да, белгілі...
Қазақстанда контрафактылармен және жасанды өнімдермен күрес мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Жүк шекарадан өткен кезде қолдан жасалған өнім жиі әшкереленеді. Полиция мен арнаулы қызметтер оперативті іс-шара барысында осындай қылмысты анықтап жатады.
Қазақстандағы ірі су өндіруші­лердің бірі «Юникс» ЖШС халық арасында кең танымал «Тассай» суын шығарады. Шынын айту керек, «Тассай» – сұранымға ие тауар. Сондықтан серіктестік мамандары тауарын қолдан жасаушылармен күрес жүрізіп келеді. Кәсіпорынның маркалау жобасының жетекшісі Ибрагим Абдуллиннің айтуынша, алдымен «Тассай» құтысы­ның дизайнерлік формасы мен көлемі ерекше. Екіншіден, жапсырмасы екі қабатты. Сондықтан мұндай өнімнің тауарлық келбетін сақтап, қолдан жасау қымбатқа соғады. 
Суға байланысты келеңсіз оқиғалар болып тұрады. Мәселен, Алматы облысында су құбырымен келетін судан құрт шыққан. Ал Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының радиоактивті су ішкені анықталған.
Осыдан екі жыл бұрын әлем ел­дерінің су сапасы жөніндегі рейтингі жарияланды. Қазақстан онда 179 елдің ішінде 54-ші орынды иемденді. Бастапқы 10 орында Австрия, Финляндия, Греция, Исландия, Ирландия, Мальта, Нидерланды, Норвегия, Швейцария және Ұлыбритания тұр.
Посткеңестік елдер арасында Қа­зақ­стан Балтық жағалауындағы елдер мен Белорусьтің соңында, Ресей­дің алдында тұр. Бір жағынан алып қара­ғанда, жаман көрсеткіш емес. Алай­да су сапасы бәрібір көңілге қонбайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын дә­рігерлер елімізде бүйректегі тас ауруының көбейгені туралы дабыл қақты. Бұл орайда Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы бастапқы орында тұр. Осының бәрі су құбырымен келетін судың сапасыздығында. 
– Су жаппай жұқпалы аурудың себебі болуы мүмкін. Ондай дерт қатарында жүрек-қантамыры, зәр шығару жүйесі, диабет пен семіздік бар, – дейді денсаулық сақтау ми­нистрлігінің жауапты қызметкері Марал Рақымжанова.
Оның айтуынша, әр жағарапиялық аймақтың су құрамында ерекшелік болады. Олардағы нитратты бірліктің қоспасы түрлі ауру тудыруы мүмкін.
Бертінге дейін қала тұрғынының көпшілігі құбыр суын тұтынды. Кейін құтыдағы суды ішу мөлшері артты. Оның арты түрлі аурудың ұлғаюына әкеліп соқты. Бұл жердегі әңгіме тағы да шөлмектегі судың сапасына байланысты. Тазартылғаннан кейін судың минерал-тұз құрамы тексерілуі тиіс. Алайда суды қолдан құюшылар ондай әрекетке бармайды. Соның салдарынан құтыдағы судың дені сапасыз болып шығады. 
Бір ғана Алматы қаласы таудағы су көздерінің және жер асты скважи­насының суын ішеді. Біріншісі мине­ралдың көптігімен ерекшелінеді. 
– Жер асты немесе жер үсті­нен келетін біздегі сулардың дені стандартқа сәйкеседі. Алматы қала­сындағы су минерал құрамы жөнінен біршама теңестірілген. Крандағы суды да ішуге болады. Бірақ оны қайнатпай ішкен дұрыс. Себебі, біздегі тірі су, яғни қайнатылмаған су денсаулыққа пайдалы, – дейді «Алматысу» сарапшысы Людмила Еремина.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

ШӨЛМЕКТЕГІ АУЫЗ СУДЫҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар