Әділдікті өзімізден бастауға тиіспіз

Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасын алға тартып, әділ шешім шығару, халық алдында ашықтықты жариялауға шақырған болатын. Мемлекет басшысы «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесеміз», –деген еді. Жолдаудағы аталған және басқа да төңіректегі көтерілген мәселелерге байланысты Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули ДАЙРАБАЕВПЕН болған әңгіме барысында баяндалатын болады.
– Жигули Молдақалықұлы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауын іске асыруда біраз шаралар қабылданды. Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекеттің ішкі саяси реформаларының орнықтылығы маңызды екендігін ескерсек, Жолдауда айтылған мәселелер жөніндегі пікіріңіз қандай?
–Қанды қаңтар оқиғасынан кейін «Естуші мемлекет», «Әділетті Қазақстан» деген ұғым қоғам арасында жиі айтыла бастады. Ашықтыққа шақырған бұл ұстаным мемлекет басшысының әр баяндамасында көрініс тапты. Соның арқасында отыз жыл бойы булығып, сыртқа шыға алмаған халық даты бір күнде бүршік атып, шындық әр шеттен шырқай бастады. Әлбетте, бұл – реформалардан туындайтын заңды құбылыс, соны серпін беретін өзгеріс. Алайда сол әділдікті, ашықтық пен шыншылдықты әрқайсымыз қаншалықты сақтаймыз? Мені мазалап отырған мәселе осы.
Жақында ғана Парламент Мәжілісінде өздерін оппозиция деп санайтын партия жетекшісі жергілікті органдардың субсидияны жымқырып жатқанына шағымданған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің өзін «бұл сіздердің қызметкерлеріңіз» деп айыптап шықты. Ақыраяғы залда отырған халық қалаулылары да, жиынды телеарнадан көрген халық та жұмысын жап-жақсы бастап келе жатқан министр туралы жаңсақ пікір қалыптастыра бастады. Анығын айтсақ, субсидияның ұрлануына жол беріп отырған жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы басқармалары министрлікке ешқандай қатысы жоқ! Олар әкімдіктерге бағынышты мекемелер. Мемлекеттік басқару жүйесінің осындай қарапайым құрылымын білмеген депутат қаншалықты әділ сөйледі? Әлде ол біле тұра, саяси ұпай жинау үшін әдейі істеді ме?
Бір өкініштісі қара қылды қақ жаратын шыншылдық пен әділдік бұқаралық ақпарат құралдарының өзінде де болмай тұр. Аграрлы салада көтерілген тақырып түбегейлі зерттелмей шикі күйінде шығып жатады. Мысалы, субсидиялау механизмдерінің өзінде көпшілікке көрінбейтін тұстары бар. Триллиондаған қаражат ұрланып жатыр деп Президентіміз бекер айтпаса керек. Соған қарағанда ауыл шаруашылығы министрлігінде жемқорлықтың том-том ескертулерінен болар. Оны қай журналист, қай телеарна саралап жатыр? Кез-келген министрліктің басты мақсаты – сіз бен біз төлейтін салықтан жиналатын бюджет қаражатын тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Мәселені осы жағынан қарастырсақ жағдай тіпті өзгеше көрінеді.
Бес ешкі айдағандарды қасына жинап алып ысқырып жүрген әлеуметтік желінің бүгінгі «бектері» – блогерлер әділдіктен тіпті жұрдай болып жатқанын қайтесіз? Өздерін эксперт деп, агросаладағы саясатқа тұшымды ой қосудың орнына қисынсыз әңгіме қозғап, жөнсіз сөйлеп, оқырман жинап жүр. Президентіміздің олар туралы айтқан сынына толық қосыламын. Мемлекеттік органдардың уақыты да күш-жігері де аналитикалық жұмысқа емес, блогерлермен күресуге жұмсалуда. Естуші мемлекеттің «жеткізушілері» де әділ болғаны абзал. Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған соңғы Жолдауындағы «Әділетті қоғам» тақырыбы осыны меңзесе керек. Көшбасшымыздың президент сайлауын мезгілден тыс өткізу туралы шешімі сол әділдіктің өзінен басталатынын айқын көрсетіп отыр.
– Осыған орай өзіңіздің агросалаға қатысты Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерге тоқталсаңыз?
–Агросалаға қатысты айтылған ойлар әсерлі болды.Біріншіден, жер халыққа ғана тиесілі және жұмыс істеймін дейтін әр азамат осы ресурсқа емін-еркін қолжеткізуі тиіс дегені қанаттандырды. Расында да бүгінгі күні жер дауы өзінің шарықтау шегіне жетіп отыр. Тіпті игерілмей жатқан алқаптар қаншама. Оларды тезірек айналымға салуға әкімдіктер асығар емес. Цифрлы технологиялар «пісіп» тұрғанда жер комиссиялары әлі де дәстүрлі жолмен жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік жер инспекциясы «Қазақстан ғарыш сапары» әзірлеген арнайы ақпараттық жүйені менсінбей отыр. Бұның бәрін ой елегінен өткізсек мемлекет басшысының жерге байланысты тапсырмасы аса маңызды екенін аңғарамыз.
Екіншіден, Президентіміз кооперативтік жүйені осымен екінші мәрте тілге тиек етті. Үкімет пен орталық атқарушы органдарға қолда бар оң тәжірибенің кеңірек таралуын тапсырды. Оның татулық пен тұтастық ұстанымдары дәл осы кооперативтерде жүзеге асуы тиіс. Саны бір жарым миллионға жуықтаған отбасылық бюджеттің кірісі мен шығысының әлеуеті өте жоғары. Бірақ оларға «сауын» беріп жұмыс істететін құрылымдар жоқ. 2016-2018 жылдары қағаз жүзінде құрып қойған екі мыңнан астам кооперативтердің қазіргі жағдайын анықтап, түйіндерін тарқатуға ұмтылғандар тіпті көрінбейді. Техника да, дала жұмыстарына қажет құралдар да қымбаттап шағын фермерлерге бұйырмай отыр. Дәл осы сәтте ынталы азаматтарды кооперативке қызықтырып, біріктіру керек.
Үшіншіден, Президенттің көтерген су проблемасы көпшіліктің көңілін көншітті. Бір министрліктен екіншісіне өтіп, әбден сергелдеңге түскен Су ресурстары комитеті бүгінде қандай іс атқарып отыр, оны ешкім білмейді. Маңғыстау мен Қызылордадағы орын алған қуаңшылық проблемасы арық басында айтылды да қалды. Су тапшылығына душар болған диқандардың жанайқайына құлақ асып жатқан кім бар?
Қазақстан фермерлері қауымдастығы – 52 мыңнан астам субъектілерді біріктіретін, әр өңірде дербес жұмыс істейтін филиалдардан құрылған үлкен қоғам. Осы уақытқа дейін біз бірқатар өзекті мәселелердің нақты шешімін тауып, Үкімет назарына ұсынған едік. Олардың қатарында мамандандырылған агробанк құру, агросала стратегиясы мен субсидиялау қағидаларын тұрақтандыру, отандық машина жасауды қолға алу, ауыл шаруашылығы техникасы, тыңайтқыш пен гербицидтердің бағасын арзандату бойынша талаптар бар. Әрине, сұрағандарымыздың барлығы орындалып жатыр деп айта алмаймын алайда, Президент естуші мемлекет міндетті түрде құрылады десе, үніміз шенеуніктерге жетер деген сенімдеміз.
– Сіздің ойыңызша әділетті мемлекет құрудағы азаматтық қоғамның рөлі қандай болуы керек?
Иә, Жолдауда азаматтық қоғамның рөлі туралы кеңінен айтылған. Бірақ сол азаматтық қоғамның ішінде әлі де жүйелілік жоқ сияқты. Мысалы, мемлекеттік қолдау мәселесінде фермерлер де, қайта өңдеу кәсіпорындары да, тіпті тәуелсіз эксперттер де бір позицияны ұстанып, саламызға бөлінетін бюджеттік қаражаттың ұлғайтылуын талап ету керек. Ал жеме-жемге келгенде әрқайсысы көрпені өзіне қарай тартып, бірін-бірі талауға дейін барады. Мұның салдарынан опық жеп отырған өзіміз ғана. Себебі, ауызбіршілік жоқ болған соң, жалпы ұстанымдарымыз жалқыланып, майдаланып шетте қалады.
Мен жақында ғана «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы агроөнеркәсіп кешені бойынша құрылған комитетке төраға болып сайландым. Алғашқы өткізілген шараны осы тақырыпқа арнадым. Президентіміз әділдікті талап етсе, біз де әділ болуға міндеттіміз. Өндірістегі экономикалық жағдайы жақсы шаруашылықтар шығыннан көз аша алмай жүрген фермерлерге түсінушілік танытып, оларға тиесілі ақшаға жағаласпаса, саламызға субсидия ретінде бөлінген сол 400 миллиард теңгені де тиімді жаратуға болады емес пе? Шыншылдық, әділдік, адалдық деген осы. Сондай-ақ агробизнес өкілдерінің арасындағы ынтымақтастық бекем болуы шарт. Бақ шіркін, бірлігі жарасқан ортада ғана сыйымды екенін ұмытпайық. Ендігі үлкен мақсат осы жолдауда айтылған ізгі ниетті игілікті іске айналдыра білуде болса керек.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА







