Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз

Алматы қаласында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының 90 жылдығына арналған «Орталық Азияда туберкулез індетін жою: үздік тәжірибе, сын-қатерлер және мүмкіндіктер» атты туберкулезбен күрес жөніндегі VI-шы халықаралық конференциясы өтті.
Конференцияға денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Орталық Азия елдері мен АҚШ, Германия, Қытай, Украина, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Молдова және Беларусь елдерінің туберкулезбен күрес саласының басшылары мен жетекші мамандары, ДДСҰ сарапшылары, халықаралық ұйымдарымен (USAID, Жаһандық қор, StopTB Partnership, Partners in Health, KNCV, Жаһандық дәрі қоры (GDF), Abt Associates т.б.) Қазақстан және өзге елдердің үкіметтік емес ұйым дарының өкілдері қатысты. Туберкулез індетінің таралуына жол бермеу үшін ДДСҰ стратегиясы, туберкулезбен күрестегі озық тәжірибелерді енгізу жолында интеграция мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткен конференцияны денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы Қазақстандағы Жаһандық қор жобасының, АҚШ-тың Орталық Азиядағы халықаралық даму агенттігінің (USAID) және Қазақстан фтизиопульмонологтары қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырған.
Конференцияда пленарлық отырыстар, туберкулезбен күрестің басым бағыттары бойынша жұмыс топтарының бас қосуы және зертхана мамандары мен фтизиохирургтарға арналған әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мамандарының шеберлік сабақтары жүргізілді. Туберкулез әлі де бүкіл әлемде және Еуро-Азия аймағындағы елдерде денсаулық сақтау саласының күрделі мәселесіне айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметіне сәйкес, жыл сайын 9,9 миллионнан астам адам туберкулезге шалдығып, 1,5 миллион науқас осы аурудан көз жұмады екен.
CАЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН







