Ортаңқол командалармен бірге бақ сынаймыз

Футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдады. Екі құрама бұған дейін бір-бірімен алты ойын өткізген болатын.
Оның екеуі тең нәтижемен аяқталса, қалғанында Беларусь құрамасы жеңіске жеткен. Бұған қоса турнир кестесінде қазақстандық футболшылар көш бастап тұрса, беларусьтік құрама небәрі екі ұпаймен төртінші орында келе жатқан болатын.
Егер, қазақстандық футболшылар жеңіске жетсе де, құрамасы алдағы маусымда өтетін ұлттар лигасының В дивизионында Еуропаның алдыңғы қатарлы құрамаларымен сынға түсуге мүмкіндік алатыны белгілі еді. Бұған қоса 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына қатысуына жол ашылатын.
Осындай себептерге байланысты кездесу тартысты басталды. Екі құрама алға қарай ұмтылды. Дегенмен ойынның біраз бөлігіне дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Кездесудің 29-шы минутында жерлесіміз Михаил Габышев есеп ашты. Матчтың 45-шы минутында Беларусь құрамасының ойыншысы Павел Савицкий таразы басын теңестірді. Екінші кезеңнің 79-шы минутында қазақстандық Бақтияр Зайнутдинов гол соқты. Таблода есеп 2:1-ді көрсетті. Бұл көрсеткіш ойынның соңына дейін өзгермеді. Матчта жеті сары карточка көрсетілді. Жерлестеріміздің арасында Бақтияр Зайнутдиновтан басқа Аслан Дарабаев пен Эльхан Астановқа ескерту жасалды. Ал Асхат Тағыберген екі сары қағаз алғаны үшін матчтың 90-шы минутында алаңнан қуылды.
Осылайша, қазақстандық футболшылар бір қадам алға жылжыды. Алдағы маусымдағы ұлттар лигасының В дивизионында Еуропаның тәжірибесі бар ортаңқол деңгейде ойнайтын құрамаларымен сынға түсуге мүмкіндік алды.
АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ







