Жұмыс күші: Жергілікті мамандар шеттетілмеуі тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында еліміз шетелдік мамандар үшін тартымды болуы қажет деп есептейтінін айтты. Оларға, солардың көмегімен неғұрлым талап етілген сұраныстағы және жоғары білікті мамандар тапшылығын төмендету үшін тиімді жағдайлар ұсыну керек, дейді президент.
«Сұранысқа ие болып отырған және жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажет. Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады. Мемлекет оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Шетел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Бірақ, олар экономикамызға 300 мың доллардан астам инвестиция салуы қажет», – деп атап көрсетті президентіміз.
Расында, ұзақ жылдар бойы республикамыз кәсіби мамандардың, әсіресе ғалымдар, дәрігерлердің шет елдерге ағылуынан зардап шегіп келді – «миы жетік істейтіндер» жақсырақ ғұмыр кешу мақсатында шекара асып, қоныс аударды. Шындығында да, енді жақсырақ өмір сүру үшін көшіп кетуді ойластырған мамандарымызды көндіре алатындай, тіпті бағалы кадрларды басқа елдерден өзімізге тарта алардай күйдеміз бе? Жалпы алғанда, біздің елімізге қандай сарапшылар қажет?
Жұмыс іздестіру және кадрларды іріктеумен айналысатын HeadHunter онлайн-платформасының мәліметтері бойынша Қазақстандағы компаниялардың 77%-ы 2023 жылы қызметкерлерінің штатын кеңейтпекші екен, компаниялардың 15%-ы бұл мақсатта әлі нақты шешім қабылдай қоймаған, ал 8%-ы анық қызметкерлерінің санын арттыруды жоспарламаған.
Штаттарын кеңейтуге дайындардың ең жоғары үлесі – бөлшек сауда саласы, медицина, фармацевтика, құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы компаниялар арасында байқалады. Кеңейтудегі ең дәріптісі сату бөлімі (38%) болып шықты. Екінші орында өндіріс (15%) саласы, ал маркетинг бөлімі – үшінші орында (4%). Үздік үштікті ақпараттық технологиялар бөлімі (3%) мен басқару бөлімі (3%) түйіндейді.
Енді сарапшылардың жеке пікірлеріне тоқталып өтсек. Солардың бірі, Digital innovation and transformation компаниясы директорының орынбасары Виталий Пустовойтенко қазір IT-саласында (ақпараттық технологиялар) кадрлардың зор жетіспеушілігі байқалатынын атап айтты. «Біз тіпті бірінші, екінші курстардың студенттерін, мектеп бітірушілерді жұмысқа алуға және өз күшімізбен дайындауға мәжбүрміз. Цифрландыру қазір өміріміздің барлық салаларына енген – үлкен сұранысқа ие, тиісінше, мамандар қажет. Президентіміздің ұсынысы уақтылы көтеріліп отыр. Менің ойымша, бұл қазір бізде орын алып отырған, кадрлар жетімпеушілігінен арылуға мүмкіндік береді», – дейді Виталий Пустовойтенко.
Eurasian Center for People Management компаниясының жетекшісі Ербол Исмаилов президент Жолдауында белгіленген көзқараспен толықтай келіседі.
«Қазіргі постиндустриалдық, «адамдар – жаңа мұнай» мағынасындағы әлемде жоғары білікті мамандарға нағыз аулау жүріп жатыр. Сондықтан да дамыған елдер бүкіл әлем бойынша жаңа индустриялардың ең озық және бәсекеге қабілетті қызметкерлері үшін қолайлы әрі тартымды жағдайлар жасауда. Өйткені, мамандардың нақ осы категориялары жаңа технологияларды, салаларды дамытуға ықпал етеді, нақ осылар қосымша құнды еселеп арттырады, тиісінше, өз елдерінің экономикасы өсуіне дем береді», – деп түсіндіреді Ербол Исмаилов.
«Екінші қырынан қарар болсақ, президенттің ұсыныстары – қазірдің өзінде жоғары білікті мамандардың, сіздер мен біздің отандастарымыздың айтарлықтай көпшілігі елімізден кетіп қалуына қарсы қабылданар жауап шаралар, – деп ашығын айтады ол. – Жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуда туындайтын жағымды салдарға мен еңбек нарығында бәсекелестіктің сауығуы, мекеме, ұйымдардағы құзыреттіліктің артуын жатқызған болар едім, сөйтіп – нарықтың кемелденуі де артпақ».
Сарапшы біздің компаниялардың жалдайтын жаңа мамандары жергілікті мамандарымызды оқытып, баулуы аса маңызды екенін атап көрсетеді және бұл олардың біздің елімізде жұмыс істеуіндегі негізгі талапқа айналуы тиіс. «Яғни бұл біздің оларға тәуелді болып қалуымыздың қатерлі тәуекелінің бірі болып табылады, сондықтан өз мамандарымызды оқытып-үйрету сөзсіз жүзеге асырылуы тиіс», – деп атап көрсетті Е.Исмаилов.
Сарапшы Қазақстандағы шетелдіктердің қазір негізінен тап сол шет елдер компаниялары жүзеге асырып жатқан ірі жобаларда жұмыс істейтіндерін айтты. Басқаша айтқанда, олар Қазақстанды жұмыс орны ретінде өздері таңдамаған, шетелдік инвесторлармен бірге келген. Сосын, бұл жобалар өз міндеттерін аяқтағаннан кейін, шетелдік мамандар біртіндеп елімізден кете бастайды. «Елімізде шетелдік жұмыс күші бар, әсіресе өнеркәсіпте, – деп жалғастырады ол өз пікірін. – Бірақ та сарапшылар ретінде біз Қазақстандағы шетелдік қызметкерлердің жалпы жиынтығы азайғанын байқап отырмыз. Мәселен, биыл Еңбек министрлігі шетелдіктерді жұмысқа тарту квотасын 28 мыңнан 23 мыңға дейін қысқартқан. Бізде жұмысқа орналасуға келетіндер негізінен Ресей, Түркия, Үндістан, Өзбекстан мен Ұлыбритания азаматтары екен. Квота бойынша жұмыс істейтін шетелдік азаматтар негізінен алғанда құрылыс, мұнай-газ секторында, тау-кен секторы мен кәсіби-техникалық қызметтер сияқты біздегі бірқатар салалардағы шетелдік компанияларда жұмысқа тартылған. Шетелдік қызметкерлер санының азаюы негізінен Теңіз кенішін кеңейту бойынша жұмыстардың аяқталуына, сондай-ақ тау-кен саласындағы ірі жобалардың да аяқталуына қарай болып отыр.
Сарапшының пікірінше, бізге өз беттерімен келіп, жұмыс тауып жүрген азаматтарға қатысты айтар болсақ, Қазақстанға көшіп келгендер бойынша статистикаға сүйене аламыз. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізге Өзбекстаннан 3418 адам, Ресейден – 1682, Қырғызстаннан – 324, Түркіменстаннан – 312, Қытайдан – 220, Тәжікстаннан – 168 адам келген.
«Отандық мамандарды: жұмысшыларды да, инженерлік құрамды да және заманауи форматтағы басшы кадрларды дайындаумен айналысу – аса маңызды мәселе. Жұмысшы күшін тарту мәселелері өзіміздің еңбек нарығына зардап шектірмей шешілуі тиіс. Қазірдің өзінде көптеген қазақстандық кәсіпорындарда қызметкерлерді жұмыстан босату жүріп жатыр. Хабарландыру жарияланып жатқан ағымдағы және болашақ жобаларға жұмысшылар мен қызметкерлерді қайта оқытып, қайтадан бейімдеп, жұмысқа орналыстыруды асқан ыждағаттылықпен іске асырған жөн. Бұл орын алуы мүмкін толқулар қаупін төмендетеді, сондай-ақ өз еңбек ресурстарымыздың сұраныста болуына және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етпек», – деп түйіндейді Eurasian Center for People Management компаниясының жетекшісі Ербол Исмаилов.
Standard рекрутингтік агенттігінің жетекшісі Жанна Дюсупова елімізде жұмысшы орны өте көп деп есептейді. «Қай ұйымды алсаңыз да, іс жүзінде бәрінде де вакансиялар бар. Сөйте тұра қызметкерлер, анығырақ айтқанда жұмыс істеуге құлшынып тұрған қызметкерлер жетпей жатады. Сондықтан да мен басқа елдерден азаматтардың бізге ағылуынан жұмысшылар орнына тапшылық туындамайды деп есептеймін. Бұған бәріміз де тек соңғы жарты жылдың өзінде ғана көз жеткізе алдық. Жұмыс берушілер қызметкерлер таңдағанда кандидаттардың азаматтығына емес, құзыреттілігі мен жұмысқа құлшынысына басымдық береді. Әсіресе олар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) азаматтары болса тіпті жақсы, жұмысқа тұруын рәсімдеуде ешқандай қиындық туындамайды», – деп түсіндірді Жанна Дюсупова.
Сарапшының пікірінше, көптеген жұмыс берушілер қажетті жұмысқа икемділгі мен біліктілігі бар жергілікті маманды еш кедіргісіз қабылдайды. Алайда, егер мұндай артықшылықтары болмаса, шет елден келген маманды неге жұмысқа қабылдамасқа? «Біздер, HR (адам ресурстары) саласының қызметкерлері болғандықтан, бос жұмыс орындарының бизнесті жоғалтумен өзара байланыста екенін түсінеміз, сол себепті де Қазақстандағы мекемелер, ұйымдар жаңа жұмыс күштерінің келуі есебінен өздеріндегі кадр жетіспеушілігі қиыншылықтарын ішінара шеше алатынын көріп отырмыз, – деп ол ойын жалғастырады. – Білікті маман ұйымға көбірек табыс әкеледі, өз кезегінде, мұндай ұйымдар одан әрі өсе түседі және қосымша жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді немесе көбірек салық төлей бастайды, тіпті жаңа бизнес бағыттарын құрады, сөйтіп, мұның бәрі біркелкі тізбегімен жалпылай жақсаруға әкеледі».
Сонымен қатар айтарлықтай тәуекел де бар бұл жерде, деп ескертеді сарапшы. «Менталитеттер ерекшеліктері, қоғамдағы шиеленіс, жергілікті халықтың наразылығы өсуі. Мұның бәрі әзірге айқын көзге ұрып тұрған жоқ және жаппай жайылып кеткен жоқ, олай бола да қоймасына сенгім келеді», – дейді Ж.Дюсупова.
Міне, сондықтан да осындай жағдайда неге бізге өз мамандарымызды оқыта бастамасқа? Жаңа құзыреттілікке оқыту және оны іс жүзіне енгізуге бірнеше ай кетеді, ал мұндай оқытудың қайтарымы бірталай кейінірек байқала бастайды. «Көріп отырғандарыңыздай, тіпті вакансияны шұғыл түрде жауып тастауға болатын, қағыс қалған пайданы есепке алмағанның өзінде, мұнда біраз тікелей де, қосымша да шығындар жұмсауды қажет етеді. Бірнеше ай күтуге мұршалары жететін жұмыс берушілер осылай істейді де, ал ұйымдардың бірталайы жергілікті мамандарды өз есептерінен оқытады. Бірақ та бос жұмыс орындарын шұғыл жабу мәселесі аса маңызды және жауапкершілігі ауқымды ұйымдар мен мекемелер де бар», – деп пікірімен бөліседі Жанна Дюсупова.
Алайда, сарапшы атап көрсеткендей, мамандармен жұмыс істейтін кейбір хабтарда бірлескен оқып үйрету – шетелдік мамандардан жергіліктілерге және, керісінше де, тәжірибе алмасу орталықтары бар. Шетелдік қызметкерлер қазақстандықтардан үйренетін тәжірибе жеткілікті дейді ол.
ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ







