Ауылды дамытудың кілті – кооперацияда

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, бағаның, тарифтердің өсуі және өзге де мәселелерге қатысты көптің көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап берілді. «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Серік ЖАРЫЛҒАПОВқа бірнеше сұрақтар қойған едік.
– Серік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихатқа «Ауыл» партиясынан сайланған халық қалаулысы, фермерлер одағының бұрынғы облыстық жетекшісі, агроөнеркәсіп кешені саласындағы түйткілді жәйттермен жақсы таныс азамат ретінде Жолдау көтерген мәселелерге қатысты өз ойыңызбен бөліссеңіз.
– Шынында да ауыл шаруашылығы өнімдерін молырақ өндіретін болсақ, олардың бағасы төмендейді. Биыл елімізде 13 млн тонна бидай өндіреміз деп отырмыз. Ішкі тұтыну үшін шамамен 6,5 млн тонна қажет. Осыны ескерсек, тамыздың 10-ынан бастап астықты, ұнды сыртқа шығаруға енгізілген шектеу шаралары күшін жоймақ. Сондай-ақ аналық мал басын қоспағанда, ірі қара және ұсақ қара малды экспорттауға сандық шектеу (квоталар) белгіленді. Соның ішінде 60 мың бас бұқашық, 120 мың қошқар экспортқа шығарылады деп белгіленді. Бұл, әрине, бүкіл ел көлемінде алғанда өте аз. Сондықтан сандық шектеуді мейлінше азайтқан жөн. Біздің өңірде 36 мың малға арналған бордақылау орны бар. Алайда олардың дені бос тұр.
Өйткені бордақылау алаңдарындағы малға жем-шөп керек, оны өндіретін жағдай жоқ. Өзен-көлдер құрғақшылықтан тартылып жатыр, су тапшы. 2019 жылы Тасқала ауданындағы Нұртай Жұмашевтің «Болашақ» атты шаруашылығы 5 мың малға бордақылау алаңын ашты. Бірақ ондағы мал санын айналым қаражаты жетпегендіктен, 2 мыңнан асыра алмады. Сондықтан осындай шаруашылықтарға 2 пайызбен несие берсе, мал сатып алып, шаруасы өрге тартар еді. Ол үшін «Агробанк» құру керек. Мұндай банкті құру туралы айтылып келе жатқанына 10 жылдан асты. Егер шаруа баққан ағайынға 2 пайызбен несие берілетін болса, оларға мемлекеттен берілетін субсидия керек болмайды. Осындай қаржылық несие берілер болса, ет өңдеуші компаниялар жыл бойына тоқтамастан жұмыс істер еді. Әрі бюджетке салық түсімі молаяды, жұмыс орындары болады. Қазіргі кезде, мысалға айтсақ, «Кублей» кәсіпорны қыркүйек-желтоқсан айларында етке мал қабылдайды, басқа уақытта жұмысы бәсеңдейді. Ет комбинатына тапсырылатын малдың жайы белігілі, арық-тұрақ, кәрі, ақсақ-тоқсақ. Сондықтан етке өткізілетін мал көп болса, еттің және ет өнімдерінің бағасы тұрақтанады. Әрі мал өсірушілерге де тиімді, ауылдан әкелген малын базарға өткізіп, бірнеше күн бойы сенделіп ақшасын күтіп жүрмейді.
Өткен ғасырдың 80-90 жылдары Сырым ауданындағы «Жосалы» кеңшарында қызметте болғанымызда қарақұмық, ноқат, қыша, жүгері, құмай дақылдарын еккенбіз. Бірақ ол кезде сол дақылдарды жинайтын техника тапшы болатын. Биыл облыста 80 мың гектарға жаздық ақ бидай егілді. Былтыр облыста құрғақшылық кесірінен күздік бидай шықпай қалды. Соның орнына көктемде мақсары, күнбағыс егілді. Қазір мақсарының бағасы түсіп кетті, ал 3-сұрыпты бидайдың бағасы мақсарыдан қымбат. Күнбағыс дақылынан ауру шығып жатыр, оған қарсы өңдеуге препараттар алуға қаржы керек. Бұрын сол дәрі-дәрмектің бір литрі 3 мың теңге тұрса, қазір 9 мың теңге. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер 3-5 есе қымбаттады. Бізде ұнға тартатын 3-сұрыпты ақ бидай жоққа жақын, негізінен қамбаға түсіп жатқаны 5-сұрыпты бидай. Жолдауда айтылғандай, егістікті әртараптандыра отырып, бидай, соның ішінде жоғары кондициялы ақ бидай, қарақұмық, жасымық, ноқат егуге мән-маңыз бергеніміз жөн-ау. «Агронесие» корпорациясы шаруаларға жем сатып алуға 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие берер болса, мал бордақылау алаңдары жанданар еді. Ол несие ақталып, халыққа ет және ет өнімдері қолжетімді болмақ. Ауыл-аудан тұрғындарына тұрақты жұмыс орындары болады. Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай қадамдарға баруымыз қажет деп білемін.
– Жолдауда игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне тоқтала келіп, Президент: «Жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деп атап өтті. Жалпы жер мәселесінде шешілмеген түйін көп екені белгілі. Ауылды қалай дамытамыз десек, алдымен не істеуіміз керек?
– Президент дұрыс айтады. Бүгінде қай өңірде болмасын пайдаланылмай жатқан жерлерді игеру, игерілмеген жағдайда кері мемлекетке қайтару мәселесі өзекті. Осы орайда ауылдардағы 3-4 шағын шаруашылықты бір кооперацияға біріктіре отырып, қайтарылған жерлерді соларға беру жағын ұйымдастырған жөн. Шағын шаруашылықтар күшін біріктіріп, техника сатып алар еді. Ауылдарды дамытудың кілті – кооперацияда. Кооперцияның да бірнеше түрі бар: өнім дайындайтын, сауда-саттық, тұтынушылар кооперациялары болып кете береді. Көктемде Парламент «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын шикі деп кері қайтарды. Сол заң тезірек қабылданып, қолданысқа енгізілсе дейміз. Ауылдардың іргесіндегі жерлер шаруашылықтардың жеріне өтіп кетті. Ауыл малы жайылатын жер жоқ. Осындай жерлерді ауылдарға қайтарып, жер иелеріне басқа жер беру керек. Сонымен қатар иелері қалада тұратын, 15-20 жылдан бері бос жатқан жерлер баршылық, соларды анықтап, кері қайтарған дұрыс. Осы мәселеге қатысты депутат ретінде пилоттық жоба жасақтадым. Алдымен шекара бойында отырған ауылдарды зерттеп алуды мақсат тұттық. Қазіргі кезде өңірімізде 416 елді мекен болса, соның 225-інің болашағы бар, 195-інің болашағы бұлыңғыр. Осыны қалай анықтаған, міне, осыны қайыра тексергім келді. Шекара бойындағы ауылдардың қанша жері игерілген, қаншасы игерілмеген, қанша жер көлемін кооперация арқылы жас отбасыларға бере аламыз деген мәселелерді қамтығымыз келеді. Қазір жобаны облыс әкімдігі мақұлдап, оған қатысатын мекеме-ұйымдарды анықтау үстінде. «Ауыл» партиясының күнтізбелік жоспары бойынша шілде, тамыз айларында Казталов ауданындағы Болашақ, Тасқала ауданындағы Мереке ауылдарына іс-сапармен барып, тұрғындармен, әкімдікпен сөйлесіп әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі толық мәліметтерді алдық.
– Серік Әбдіғалиұлы, Жолдауда салық кодексін жаңарту керек екендігі айтылды. Шаруа баққан ағайынға нендей нәрселерді өзгертсек тиімді болар еді деп санайсыз?
– Шаруа қожалықтары салықты өндірілген өнімнен төлеуі тиіс. Бірыңғай аграрлық салық дегенге көшу жөніндегі әңгіменің көтеріліп келе жатқанына біраз болды. Қазір шаруалар әлеуметтік, табыс, жер салығын төлеп отыр. Мысалға, бір мың гектар жері бар шаруа содан 50-60 мың теңге бір жылға жер салығын төлеп тастайды. Бұл – ең жоғары көрсеткіш, әр ауданда түрліше есептеледі. Бұдан да төмен көрсеткіштер бар. Бүгінде шаруашылықтарда жұмысшы мамандарға тапшылық байқалады. Тракторшы, малшы, жұмысшылар жетіспейді. Олардың жалақысын қолға беру үрдісі басым. Неге десек, мысалға, 120 мың теңге жалақы алатын болса, одан салық төлемдерін ұстап қалғанда, қолға жартымсыз шамасы тиеді. Сондықтан жұмысшылар шаруашылық иелерімен еңбек келісімшартын жасамайды. Міне, осы жағынан жаңадан қабылданатын заңдарға өзгертулер енгізілуі тиіс. Маңызды құжатта салық және бюджет жүйесін жаңғыртуға, бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен мемлекеттік сатып алу тетіктерін өзгертуге, отандық бизнес үшін несие ресурстарының тапшылығы мәселесін шешуге ерекше басымдық беріліп отыр. Тағы бір өрескел нәрсе – өңіріміздегі мұнай-газ компаниялары ішер асы мен суын шетелдерден тасымалдап отыр. Жергілікті өнімді неге алмайды? Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері түрлі қауымдастықтарға бірігіп, сапалы әрі табиғи өнімдерін (ет, сүт, т.б.) сол компанияларға өткізу тендерлеріне қол жеткізе алмай жүр. Міне, осындай олқылықтарды елеп-ескеріп, сатып алу туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілсе, нұр үстіне нұр болады. Ендігі жерде Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің оң шешімін табуына елдің азаматы ретінде әрқайысымыз атсалысуымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңіз жемісті болсын.
Сұхбаттасқан
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА







