Білім & Ғылым
2 мин оқу 14,717

Әскери-патриоттық бастамаларға гранттар бөлінді

9 қыркүйек 2022
Әскери-патриоттық бастамаларға  гранттар бөлінді

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру» жобасы іске қосылып, жоба аясында мектептер мен колледждер жанындағы әскери-патриоттық клубтар және үкіметтік емес ұйымдар жастарға патриоттық тәрбие беруде түрлі бастамаларды қолға алған. Мұның барлығы бөлінген шағын гранттардың арқасында жүзеге асырылып отыр.

«Алматы студенттер альянсы» КҚ шағын гранттар ұсыну жөнінде конкурс өткізді. Келіп түскен 52 өтінім­нің ішінен тәуелсіз комиссия әскери-патриоттық бағыт­тағы 10 үздік жобаны анықтады. «Біздің жоба аясында әскери-патриоттық бастамаларды дамытуға бағытталған шағын гранттар биыл алғаш рет бөлініп отыр. Конкурстың жеңімпаздарын құрамында қоғамдық белсенділер, журналистер, депутаттар және мемле­кеттік органдардың өкілдері бар тәуелсіз комиссия анықтады. Үздік 10 жоба мемлекет тарапынан сомасы 400 мың теңгені құрайтын гранттық қаржыландыруға ие болды. Грантты иеленгендердің алтауы – үкіметтік емес ұйымдар, төртеуі – бастамашыл топтар. Жобалар еліміздің түрлі өңірлерінде іске асырылуда», – деді корпоративтік қордың басшысы Жасұлан Қуандық.

Әскери-патриоттық бастамаларды дамытуға бағытталған шағын гранттар шеңберінде іске асырылатын барлық жобалар жыл соңына дейін жалғасады.

Айта кетейік, «Жастарды әскери-патриоттық тәр­биелеуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру» жобасы аясында әскери бөлімдерге экскурсия­лар, соғыс ардагерлерімен кездесулер, арнайы бейнероликтер дайындау, әскери-патриоттық бағыттағы байқаулар, әскери-спорттық ойындар, форумдар, оқыту курстары мен талқылау алаңдары ұйымдастырылмақ.

Аталмыш жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қол­дауымен жүзеге асырылуда.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Әскери-патриоттық бастамаларға гранттар бөлінді · Мұрағат